Бағзы замандардан бері көпұлтты халқымыздың аға ұрпақты ардақ тұтып, құрметтейтін дәстүрі қалыптасқан. Қартаң адамдар қашанда осындай құрметке бөленіп келеді.
Ардагерлердің Орталық кеңесінің ардагерлер ұйымдарының, атқарушы органдардың басшыларына, кәсіпкерлерге қартаң адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету айлығын өткізу туралы Үндеуінде Халықаралық қарттар күні біздің қаһарман аға ұрпаққа зор ризашылық білдіріп қана қоймай, сонымен бірге оларға шынайы көңіл бөлуге, көмек беруге, тұрмысын жақсартуға, нақты қол ұшын ұсынуға мүмкіндік жасайтынымыз айтылған.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ардагер жылы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты мерекелер салтанат құрып отырғанда біз аға ұрпақтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігін, халық шаруашылығын қалпына келтірудегі жанқиярлық еңбегін, олардың тәуелсіз Қазақстанның орнығып, нығаюына, жастарға тәлім-тәрбие беруге қосқан үлесін жүрекжарды тілекпен, ризашылықпен айтуға тиіспіз.
Аға ұрпақ өкілдері абыз ақылмандықпен, өмірлік және азаматтық ұстанымдарымен, бойларындағы рухани дәстүрлерімен қоғамымыздағы бейбіт тұрмысымыздың, рухани келісімнің сақталуына, тарихи мұраларды насихаттауға, жалпыұлттық “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыруға зор үлестерін қосып келеді.
Біздің облысымызда зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту, олардың құқықтары мен қоғамдық, мәдени өмірге араласуын жүзеге асыру үшін көптеген жұмыстар тындырылуда.
Былтырғы жылдың күзінде “Жан жомарттығымыз – ардагерлерге!” деген ұранмен өткен акцияға 90 мыңнан аса солтүстікқазақстандық қатысты. Барлығы 2006 іс-шара, соның ішінде 151 конференция мен “дөңгелек үстел”, 90 ауыл-шаруашылық жәрмеңкесі, медицина мекемелерінде 248 “Ашық есік күні”, 149 спорт шарасы өтіп, 847 концерт пен спектакль қойылды.
Төрт мыңнан астам зейнеткер бағалары жеңілдетілген дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, 85 адам сауықтыру-шипажай мекемелеріне жолдамалар алды. 81 мың зейнеткер осындай ұйымдастыру және мәдени-бұқаралық шаралармен қамтылды. Айлықтың барысында 80 мыңнан аса адамға материалдық көмек көрсетілді.
Облыс, қала, аудандар, ауылдық округтер әкімдерінің, депутаттардың, әлеуметтік қорғау органдары өкілдерінің ардагерлер активімен, майдангерлермен, тыл еңбеккерлерімен және басқа да зейнеткерлермен кездесулері дәстүрге айналған.
2015 жылдың 12 қыркүйегінде облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің, кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларының қолдау көрсетуімен кезекті қайырымдылық сенбілігі болып өтті.
Одан түскен қаржы еңбек ұжымдарының ардагерлеріне құрмет және материалдық көмек көрсетуге, қиын өмірлік жағдайларға душар болған айрықша мұқтаж зейнеткерлерге атаулы әлеуметтік жәрдем жасауға жұмсалатын болады.
Біз айлық барысында кәсіпорындар мен ұйымдардан қол үзіп кеткен зейнеткерлерге көңіл бөлінуіне ардагерлер ұйымдарының назарын аударып отырамыз. Ондайлар бізде 20 мың адамнан асады. Сондай-ақ, жалғызілікті, төмен мөлшерде зейнетақы алатын қартаң адамдарға көңіл бөлеміз. Зейнеткерлерге медициналық қызмет көрсетуді бұдан әрі де жақсарту, оларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау керек.
Қайырымдылық айлығының аясында ардагерлерді әуесқой көркемөнер ұжымдарына тарта отырып, алуан түрлі мәдени-бұқаралық, демалыс шаралары өткізіледі.
Ардагерлер жергілікті атқарушы және шаруашылық органдарының, барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың, мекемелердің, бизнес-құрылымдар басшыларының, кәсіпкерлердің қартаң адамдардың мұң-мұқтаждарына түсіністікпен қарап, аға ұрпаққа жан-жақты қолдау көрсететініне және қажетті жәрдем жасайтынына үміт артады.
Қымбатты ардагерлер! Ең жарқын да абзал мерекенің бірі – Халықаралық қарттар күнінде еліміздің гүлденуі жолындағы көпжылғы адал еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіре отырып, Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, сенім мен, сүйіспеншілік тілеймін! Сіздер туған-туысқандарыңыздың жанашырлығына бөлене беріңіздер!
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
ардагерлердің облыстық кеңесінің төрағасы.