«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЯЛЫ АЛАҚАН

Қазақ халқы тағдыр теперішіне тап болған талай өзге этнос өкілдерін бауырына басып, қонақжайлық танытты. Соңғы уақытта арамызда қазақшаға судай басқа ұлт өкілдерінің қатары көбейе түскені көңілімізге қуаныш ұялатпай қоймайды. Шал ақын ауданында тұратын ерлі-зайыпты Олег пен Ольга Кияевтар балаларын қазақ тіліне баулуда. 

Бақытты отбасының кілті – бірлік пен татулықта. Ал саналы ұрпақтың негізі – ұлағатты тәрбиеде. Бұл ұғымдар Кияевтар әулетінің айнымас бағдарына айналған. Олар бүгінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған бес қызды бауырына басып, тәрбиелеуде. “Біз еш уақытта бұл шешімімізге өкінген емеспіз. Көпбалалы болу мен үшін арман болып көрінетін. Әкімдікте бала асырап алу жөнінен кезекте тұрған едік. Бір күнде бес бірдей қыз баланың ата-анасы атанғанымызда қуанышымызда шек болған жоқ” – деп ағынан жарылды Ольга Кияева. Отбасы жалғыз ұлдан соң бес жылдан артық уақыт бойы екінші мәрте сәби сүюге зар болыпты. Отағасымен ақылдаса келе, Петропавлдағы балалар үйіне сұрау салып, қыз бала асырап алу жөнінде тілектерін айтқан. Апалы-сіңлілі Анна мен Валерия Меркушиналар бұл отбасымен алғаш рет танысқанда бүгінгі күні мейірімге бөлеп отырған аналарын бірден ұнатыпты. “Сол сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Қыздар кездесуге қол ұстасып бірге келді. Олардың жүздерінен бір-біріне деген қимастық сезімді бірден аңғардым. “Бізді бірге алып кетіңізші” деген тілектерін айтып, бір отбасына барғысы келетіндерін жарыса жеткізді. Сөйтіп, жұбайым екеуміз апалы-сіңлілілердің жұптарын жазбай, бірге тәрбиелеуді жөн санадық”, – дейді Ольга Александровна. 

Апалы-сіңлілі Ежовалармен кездесу үшін олар Ақмола облысына аттанып, Ольга, Валерия мен Валентинаны көре салысымен-ақ, туған бауырларды бір-бірінен ажыратпауды шешкен. Тұл жетім қыздар да болашақ ата-анасына бірден бауыр басып, отбасының өзге балаларымен тез тіл табысқан. Бүгінде Олег пен Ольга балаларға туған ата-анасындай қамқорлық көрсетіп, мейірімін төгіп отыр. Ольга Александровна қыздарға ақылын айтып, болашақта адал жар, аяулы ана болудың қыр-сырын үйретуде. “От­ба­сындағы берекенің басты құ­ралы – сыйластық, туыс­ты қадірлеу және дос-жаранды ба­ғалау. Мен қыздарыма үнемі осыны айтып, оларды адал өмір сүруге үндеп отырамын”, – дейді Ольга.
Отбасы деп аталатын шағын мемлекеттің өз заңы болады емес пе? Кияевтар әулетінің де басты ұстанымдары бар. Бірақ солардың ішінде үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету, ананы аялап, әкені сыйлай білу ең басты қағидаға айналған. Осыдан болар, қыздар мен үйдің кенжесі Родион бір-бірімен тез тіл табысып, мектепте де жақсы үлгерімдерімен көзге түсуде. Балалар қазақ тілін үйреніп, түрлі байқауларда бақтарын сынауда. Валентина мен Валерия Ежовалар қазақшаға бейім. Ал қыздардың үлкені Ольга домбырада ойнап, қазақша ән салады. “Отан отбасынан басталады” демекші, елімізде береке мен бірлік, ынтымақ пен татулық болу үшін әрбір шаңырақ түсіністік пен келісімде өмір сүруі қажет деп есептеймін. Біздің отбасымыздың мүшелері бір-бірін тез түсініп, мәселе туындаса, соны бірлесіп шешуге тырысады”, – деген үйдің үлкені Анна Меркушина өзінен кіші іні-сіңлілеріне бас-көз болуда.
Аудан басшылығы да әдеп пен ізгілік ұясына айналған шаңырақ мүшелеріне көмегін аямай, мереке сайын балаларға сый-сияпаттарын жасайды. Кияевтар отбасы ел көлеміндегі түрлі шараларға қатысып, өзгелерді бала асырап алуға үгіттеуде. Жуырда олар “Рожденные сердцем” фильміне түсіп, үлгілі отбасы жайлы Американың танымал журналында мақала жарияланды.
Тағдырдың жазуымен ата-аналарынан ерте айырылған бес қызды бауырына басып, оларға бақытты ғұмыр сыйлай білген отбасының бұл ісі көпке үлгі. Олег пен Ольга ұзақ уақыт бойы сәби күлкісін аңсаған жұптарға арманға жетудің жолы сан қырлы екенін айтады. Ең бастысы, үмітіңді үзбеу керек.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp