«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аян АЛЫПҚАШЕВ: “ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН”

Халқымызда “Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы” деген қанатты сөз бар. Осы ұғымның астарына терең үңілер болсақ, бүгінгі жас ұрпақтың болашақта еліміздің тізгінін ұстайтын азаматтарға айналатынын, келешекте ел билігі жастардың қолына көшетінін білдіреді. Болашақтың бағбандарына балап жүрген сол өрендердің тәрбиелі, иманды болып өсуі көңілге сенім ұялатары сөзсіз. Олардың ар-намысы биік азаматтар болып қалыптасуына рухани орда – мешіттердің, ондағы ұстаздардың да тигізер ықпалы зор. Бүгінде Петропавлдағы “Қызылжар” орталық мешітінде жастар ісімен айналысатын бөлім жұмыс істейді. Оның жетекшісі Аян Алыпқашевпен әңгімелескен едік.

– Аян Болатұлы, өзіңіз жетекшілік етіп отырған бөлім жұмысының негізгі бағытына тоқталып өтсеңіз.

– 2013 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей тапсырмасымен еліміздің әрбір өңіріндегі мешіттердің жанынан жастар ісімен айналысатын бөлімдер ашылған болатын. Оның “Қызылжар” орталық мешітінің жанынан ашылуы “Алланың жердегі үйіне” келуші өрендердің санын арттырып, біздің жұмысымызды жандандырды. Сол уақыттан бері орталық ұстаздары өңір жастарының діни сауатын жетілдіруге деген қызығушылықтарының артуына, асыл дініміздің қанат жаюына, салт-дәстүріміздің дамуына септесіп келеді.

– Халқымыз үшін дін мен дәстүр сабақтастығы құстың қос қанатындай бір-бірінен ажырамас ұғымдар ғой.

– Әлбетте, біздің жұмысымыздың басым бағыты да осы мәселенің төңірегінде жүргізіледі.

– Оны өңіріміздегі мешіттерде, кітапханаларда, мектептерде өткізіп жүрген іс-шараларыңыздан анық аңғаруға болады. “Мейірімге толы жәрмеңке”, “Әлем нұрға бөленген күн”, “Имандылық – тәрбие бесігі” тақырыбында өрбіген жиындарыңыз жастар көңілінен шыққан тәрізді.

– Кез келген дін адамның жақсы, адал, шыншыл болғанын көксейді. Бұл тұрғыда ислам дінінің орны ерекше. Өткен жылы өткізген іс-шараларымыздың дені жастардың жақсы арнаға бұрылуына оң әсер етті деп айтуға болады. Көпэтносты еліміздің басты байлығы тұрақтылық пен тыныштық қой. Осы бағытта өңіріміздегі бірқатар мектептердің оқушыларымен кездесіп, дәрістер оқыдық. Этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімнің маңызы жайлы айтып қана қоймай, білім алудың, еңбек етудің қажеттігін түсіндіріп, оқушылардың сұрақтарына жауап бердік. Өңір өрендеріне темекінің, арақ-шараптың, есірткінің зиян екенін түсіндірген жұмыстарымыз – бір төбе. Одан өзге, облыстық дін істері жөніндегі басқарма мамандарымен бірлесіп әртүрлі тақырыпта “дөңгелек үстел” отырыстарын, кездесулер ұйымдастырғанымыз да нәтижелі деп айтуға болады.

– Өткен жылы өңірімізде республикалық қарилар сайысының өткізілуі облыс өміріндегі жағымды жаңалықтардың бірі болды. Сол игі шараға қатысуға ниет білдіргендердің легінде Құранды жатқа оқитын өңір жастарының қатарының да қалың болғандығын білеміз…

– Жастардың мешіттерде бой көрсетуі бұрнағы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Оларды, әсіресе, жұмадағы уағыздарда көп жолықтыруға болады. Мешітте некелерін қидыратын жас жұбайлардың да саны артуда. Өзге де мәселелермен мешітке келушілердің дені – жастар. Оларға Отанды шынайы сүюдің иманнан екенін айтудан жалыққан емеспіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp