Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлда қолға алынған ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Береке шағынауданында көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жаңа жол бағыттары жобалануда. Бұл шағынаудан тұрғындарының көлікке қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.
Бірінші бағыт – ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын жол Береке шағынауданынан «Нептун» аквапаркіне дейін салынады. Жол Фрунзе, Байболов және Медведев көшелері арқылы өтеді.
Екінші бағыт – Байболов пен Батыр Баян көшелерін байланыстыратын Малая көшесі жөнделуде. Қарқынды дамып келе жатқан аудан үшін жолдың тармақталуы үлкен маңызға ие.
Биыл облыс орталығында жалпы 45 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Оның ішінде 42-сі алғаш рет асфальтталмақ. Жөндеу жұмыстары Береке, Бірлік, Солнечный, Жұмысшы кенті шағынаудандарын және қала орталығын қамтиды. Қазіргі уақытта Әуезов, Заводская, Кеншінбаев, Гагарин, Батыр Баян көшелері асфальтталды. Алдағы үш жылда шағынаудандардағы барлық көшелерге асфальт төсеу – басты мақсат.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қаланы аралау барысында Малая және Байболов көшелеріндегі жолдың құрылысын, Фрунзе-Медведев көшесі жолының жобалануын, автокөлік өткелінің, Береке шағынауданындағы жаңа «жайлы мектеп» пен өрт сөндіру депосының, сондай-ақ «Мағжан орталығы» мәдениет орталығының құрылысын тексерді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.