Елімізде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірушілердің саны күн санап артуда. Бағдарлама бастау алған үш жарым жылдың ішінде облысымызға көшіп келгендер саны он мыңнан асты. Жамбыл ауданының Пресноредуть ауылына қоныс аударғандар да бүгінде тұрмыстарын түзеп, ел қатарлы тұрып жатыр.
Өзгелер сияқты ерлі-зайыпты Арман Асылханұлы мен Майраш Асылбекқызына өсіп-өнген ортаны қиып, бейтаныс жерге қоныс аудару оңай болмапты. Бірақ жаңа қонысқа бет түзеген отбасы еңбек арқылы жақсы тұрмысқа қол жеткізу үшін біздің өңірге қоныс аудару жөніндегі ұсынысты бірден қабылдаған. “Үстіміздегі жылдың 20-сыншы наурызында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов сынды ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті мекенге қоныстандық. Ауылымыздың аумағы үй шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Баспанамыз да жайлы. Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Пресноредуть ауылдық округінің әкімі Баймағамбет Әскерұлының келсеңіздер, барлық жағдайларыңызды жасап беруге әзірміз деген сенімді сөздері осы жаққа қоныс аударуымызға түрткі болды”, – дейді отағасы Арман Мейірман.
Жаратылысынан қонақжай ауыл тұрғындары бұл отбасын жылы шыраймен қарсы алды. Арман Асылханұлы үш баласын мектепке орналастырып, өзі “Асхабов” шаруа қожалығына жұмысқа тұрды. Зайыбы Майраш Асылбекқызы Жамбыл облысында тұрғанда бірнеше жыл аспаз болған екен. Осыны ескеріп, Жамбыл ауданының атқа мінерлері оны өз мамандығы бойынша жұмысқа орналастырды. “Солтүстікке көшіп келердің алдында бұл аймақ туралы көп мағлұмат жинадым. Жыл сайын бос орындар жәрмеңкесі өтетіні туралы, қай мамандыққа сұраныс бар екеніне дейін біліп, жұбайыма Қызылжар өңіріне көшкім келетінін айттым. Бүгінде жұрт қатарлы еңбек етіп, табысқа кенелудеміз” – деген Майраш тұрмысының оңала бастағанын тілге тиек етіп, қолдау білдірген аудан басшылығына ризашылығын білдірді.
Қоныс аударған отбасына де-меушілік көмек көрсетуден кәсіп-керлер де шет қалмаған. Пресноредуть ауылындағы “Медний” ЖШС-нің директоры Ваха Асхабов оларға үш қап ұн беріп, қаржылай да қолдау көрсетіпті. Ал “Перелыгин” шаруа қожалығының басшысы Александр Перелыгин бұл отбасына жиһаздар және азық-түлік жеткізіп берген. Ауыл тұрғындары да Мейірмандар шаңырағына тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар беріп, азын-аулақ көмектерін көрсеткен.
Ерлі-зайыптылар “Бизнес-бастау” бағдарламасы бойынша арнайы оқу курсынан өтіп, қаржылай қолдауға да ие болып отыр. Мемлекет тарапынан берілген қаражатқа екі бас ірі қара мен бірнеше қой сатып алды. Сиыр сүтінен дайындалатын қаймақ-майын, ірімшігін де әзірлеп, сатуда. Сонымен қатар бау-бақшасында сәбіз, қызанақ, қырыққабат сияқты көкөністердің түр-түрін өсіріп, еңбегінің жемісін көруде. Ерлі-зайыпты алдағы уақытта жылыжай салуды жоспарлап отыр. “Бұрын біз солтүстікке көшкендерге қолдау көрсетіледі дегенге күмәнданушы едік. Қоныс аударған алғашқы күннен бастап жергілікті билік пен халықтың жанашырлығын көріп, бұл күдігімізден арылдық. Мысалы, көшіп келген кезімізде жол шығынын мемлекет өтеп берді. Отбасымызбен Пресноредуть ауылына келген күннен бастап ауыл тұрғындарының мәрт мінезі мен бізге деген ілтипаты бойымызға зор сенім ұялатып, жаңа ортаға тез үйренісуімізге сеп болды”, – дейді ерлі-зайыптылар.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.