«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАЙЫННЫҢ ЖЫЛЫ АЛАҚАНЫ

 

Елімізде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірушілердің саны күн санап артуда. Бағдарлама бастау алған үш жарым жылдың ішінде облысымызға көшіп келгендер саны он мыңнан асты. Жамбыл ауданының Пресноредуть ауылына қоныс аударғандар да бүгінде тұрмыстарын түзеп, ел қатарлы тұрып жатыр. 

Өзгелер сияқты ерлі-зайыпты Арман Асылханұлы мен  Майраш Асылбекқызына өсіп-өнген орта­ны қиып, бейтаныс жерге қоныс аудару оңай болмапты. Бірақ жаңа қонысқа бет түзеген отбасы еңбек арқылы жақсы тұрмысқа қол жеткізу үшін біздің өңірге қо­ныс аудару жөніндегі ұсынысты бір­ден қабылдаған. “Үстіміздегі жыл­дың 20-сыншы наурызында Сә­бит Мұқанов пен Ғабит Мүсіре­пов сынды ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті мекенге қоныс­тан­дық. Ауылымыздың аумағы үй шаруашылығымен айналысуға  қолайлы. Баспанамыз да жайлы. Жамбыл облысына жұмыс сапа­рымен барған Пресноредуть ауыл­дық округінің әкімі Баймағам­бет Әскерұлының келсеңіздер, барлық жағдайларыңызды жасап беруге әзірміз деген сенімді сөздері осы жаққа қоныс аударуымызға түрткі болды”, – дейді отағасы Ар­ман Мейірман.

Жаратылысынан қонақжай ауыл тұрғындары бұл отбасын жы­лы шыраймен қарсы алды. Арман Асылханұлы үш баласын мектеп­ке орналастырып, өзі “Асхабов” шаруа қожалығына жұмысқа тұр­ды. Зайыбы Майраш Асыл­бек­қызы Жамбыл облысында тұрған­да бірнеше жыл аспаз болған екен. Осыны ескеріп, Жамбыл ау­данының атқа мінерлері оны өз ма­мандығы бойынша жұмысқа ор­наластырды. “Солтүстікке көшіп келердің алдында бұл аймақ тура­лы көп мағлұмат жинадым. Жыл сайын бос орындар жәрмеңкесі өте­тіні туралы, қай мамандыққа сұраныс бар екеніне дейін біліп, жұбайыма Қызылжар өңіріне көшкім келетінін айттым. Бүгінде жұрт қатарлы еңбек етіп, табысқа кенелудеміз” – деген Майраш  тұр­мысының оңала бастағанын тілге тиек етіп, қолдау білдірген аудан бас­шылығына ризашылығын біл­дір­ді.
Қоныс аударған отбасына де-меушілік көмек көрсетуден кәсіп-керлер де шет қалмаған. Прес­норедуть ауылындағы “Мед­ний” ЖШС-нің директоры Ваха Асхабов оларға үш қап ұн беріп, қаржылай да қолдау көрсетіпті. Ал “Перелыгин” шаруа қожалығының басшысы Александр Перелыгин бұл отбасына жиһаздар және азық-түлік жеткізіп берген. Ауыл тұрғындары да Мейірмандар шаңырағына тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар беріп, азын-аулақ көмектерін көрсеткен. 
Ерлі-зайыптылар “Биз­нес-бастау” бағдарламасы бойынша ар­найы оқу курсынан өтіп, қаржылай қолдауға да ие болып отыр. Мем­лекет тарапынан берілген қара­жат­қа екі бас ірі қара мен бірнеше қой сатып алды. Сиыр сүтінен да­йындалатын қаймақ-майын, ірім­шігін де әзірлеп, сатуда. Сонымен қатар бау-бақшасында сәбіз, қыза­нақ, қырыққабат сияқты көкөніс­тердің түр-түрін өсіріп, еңбегінің же­місін көруде. Ерлі-зайыпты ал­дағы уақытта жылыжай салуды жос­парлап отыр. “Бұрын біз сол­түс­тікке көшкендерге қолдау көр­се­тіледі дегенге күмәнданушы едік. Қоныс аударған алғашқы күн­нен бастап жергілікті билік пен халықтың жанашырлығын көріп, бұл күдігімізден арылдық. Мыса­лы, көшіп келген кезімізде жол шығынын мемлекет өтеп берді. Отбасымызбен Пресноредуть ауы­лына келген күннен бастап ауыл тұрғындарының мәрт мінезі мен бізге деген ілтипаты бойы­мыз­ға зор сенім ұялатып, жаңа ор­таға тез үйренісуімізге сеп болды”, – дейді ерлі-зайыптылар.  
 

Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp