«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАЙЫН АРАСЫ СУЫП БАРАДЫ

Бүгінгі таңда туған-туысқанның арасы алшақтап бара жатқандай. Бұрын күнбе-күн көрісіп, тонның ішкі бауындай араласқан ата-бабамыздан қалған бауырмалдық қасиетті қазір сирек байқайсың. Қонаққа шақырмаса, ағайынның есігі қағылмайтын күйге жеттік.

Мен – ата-әже тәрбиесін көрген жанның бірімін. Балажан адамдардың ақыл-кеңесінің арқасында ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңіріп, ағайынның қадірі зор екенін біліп өстік. Марқұм әжем бізді, немерелерін қолы қалт етсе қасына ертіп, ағайынды аралаушы еді. Мұны көрген әжемнің құрдасы Досжан қарт қағытып: “Әй, Рәзия, сырт көзге балапандарын соңына ерткен үйрек сықылды көрінесің”, – дейтін. Сонда әжем сабырлы кейіппен: “Сендер Ақжанның балалары ағайынына аштықтан барып жүр деп ойламаңдар, Аллаға шүкір, тоқпыз. Менікі немерелерім туыстарын біліп жүрсін деген мақсат қой”, – дейтін.

Ауылда ағайынымыз той жасаса, біз, балалар сол үйге жұрттан бұрын баратынбыз. Сонда ешкім қазіргідей қабақ шытып, “Мына балалар не істеп жүр?” – деп ұнатпаған кейіп танытпайтын. Иә, қанша бала жүрсе де, той иесі қабақ шытпайтын сол заман келмеске кеткендей. Тіпті, біз той болмаған күннің өзінде кез келген уақытта ағайынның үйіне именбей кіруші едік. Қазір сол бір әдемі көріністі көруден қалдық. Оны үлкендері бар үйлерден ғана байқайсың. Ал жас отбасылар аралас-құралас болудың мәнін түсіне бермейді. Ертеде туған-туыс бір-бірінің тіршілігін көзбен көріп, амандық-саулық сұрасып, қиналып жүрсе, қол ұшын созатын еді. Ағайын деген тіс жармайтындай бөтен адам емес қой! Жығылсаң, жаныңа демеу болар жақының!

Дегенмен, қазір туысқандар бір-бірімен тек қуанышымен ғана бөліседі. Оның өзінде дүркіретіп жасайтын тойда ғана. Бүгіндері мейрамханаларда әрбір орынға ақы төлеу керек. Сондықтан мұндай шараларға немерелерімізді жетектеп жүруден қалдық. Қасыңа ертсең, сөзге қаламын ба деп ойлайсың. Ағайындардың балалары тойда кездесіп, ойын үстінде бір-біріне бауыр баспаса, басқа қай жерде кездеседі? Араласпаса, жат болмай ма?!

Өзіміз осындай ортада өскендіктен бе, есейсек те, әлі күнге дейін бір-бірімізді сағынып, іздеп тұрамыз. Сондықтан той иелері шақырған алыс-жақын туысқанына “Балашағаны ертіп келіңдер!” деп айтып, ағайынмен жақын араластырып жүргендері абзал. Тойдан бөлек, кішігірім жиындар өткізіп, екі үйдің баласының басын қосқан дұрыс. Бауырмалдық сезімге селкеу түсірмейік, ағайын!

Әмина ЖАРЫЛҒАПҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp