Ағайынды Айтмұқан, Серік, Сүйіндік Жолдасбаевтар 2013 жылы “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығын құрып, кәсіпкерлік ауылына бет бұрған еді. Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара іске жұмылған ағайындылар аз ғана уақыттың ішінде елге танылып үлгерді.
Олар 2012 жылы “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы АҚШ-тан 393 бас асылтұқымды қара мал алдырды. Бұл тұқымның жергілікті ауа райына төзімді, өсімтал, етті екендігіне көз жеткізген кәсіпкерлер мал басын одан әрі көбейте түспек. Бүгінде қорадағы мал басы 820-ға жетті. Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында 600 басқа арналған бордақылау алаңын салды. Бұл – облыс аумағындағы ірі бордақылау алаңы болып саналады. Мемлекеттік бағдарламаның көмегін ұтымды пайдалана білген кәсіпкерлер шаруашылықты әртараптандырып, “Құлан” бағдарламасы бойынша 300 жылқы сатып алған.
Серіктестіктің тағы бір артықшылығы – онда жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс орындары бар. Бүгінде аталмыш шаруашылықта 120 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, бұл – аудандағы шаруашылықтардың ішінде ең жоғары еңбекақы төлейтін кәсіпорын. Ондағы орташа еңбекақы 90 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік көмек ретінде жұмысшыларына етті, қосалқы шаруашылықтарындағы малдарына жемазықты тегін береді.
Шаруашылық егіншілік үшін 16008 гектар алқапты пайдалануда. Биыл гектар басы 18 центнерден өнім алынды. Кәсіпорынның техникалық әлеуеті де жылдан-жылға артып келеді. Осы жылдың өзінде “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы лизингке жалпы сомасы 92,6 миллион теңгенің ауылшаруашылық техникалары сатып алынды.
Ағайындылар бизнестеріне мемлекеттің үлкен қолдау көрсетіп отырғандығын түсініп, соның қайтарымы ретінде қоғамға пайда тигізуді, басқаларға қолғабыс көрсетуді өздеріне міндет санайды. Мәселен, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің “Ветеринарлық медицина” мамандығы бойынша түлегі Ильнур Ахметшинді жұмысқа шақыртқан. Оңтүстіктен қоныс аударған отандастарымыз да осы шаруашылықтан жұмыс, қолдау тауып отыр. Аудан тұрғындары Жолдасбаевтарды табысты кәсіпкерлер ретінде ғана емес, жомарт жандар деп те құрметтейді. Өнеге-тәлімі бар, өмірді түсінген ағайындылар үлкендерге материалдық көмек көрсетуді, жерлестеріне қол ұшын беруді өздерінің азаматтық парызы санайды.
“Үш ағайынды жігіттің, отарында малы бар. Екі ағайынды жігіттің, қотанында талы бар”, деп қазақтың мақалында айтылғандай, ағайынды Жолдасбаевтар отбасылық құндылықтарды сақтай отыра, өздерінің туған жерінде ата-бабасының аруағын асқақтатып, ауылдастарына жұмыс орнын ашып, елді мекендегі көптеген отбасының түтінінің түзу ұшуына септіктерін тигізуі – ер-азаматтарға лайық іс.
“Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы 2016 жылы “Парыз” республикалық байқауына қатысып, “Жылдың үздік әлеуметтік жобасы” аталымы бойынша екінші орынды иеленді.
Сарман АЯЗБЕКОВ,
журналист.