
Рамазан қарттың екі баласы бар. Олар ата-анасының жақсы тәрбиесін алып, мектептегі үлгілі оқушылардың қатарында болды. Тұңғышының есімі – Өмір, екінші перзенті – Темір. Балалары әскери міндеттерін атқарып келген соң, қариялар ұлдарына жоғары білім алулары керек екенін құлаққағыс етіпті.
Өмір Алматыда ауыл шаруашылығы институтында агроном мамандығы бойынша білім алып, өзі туған ауылға жолдамамен келді. Ал Темір кәрі ата-анасына қарайласып, ешқайда шыға алмады. Бірақ жүргізушілік оқуды оқып алды. Өмір ауылдағы Майра есімді мұғалім қызға үйленді. Ол шаруаға пысық, жұмысына мығым болды. Темір де бақ құсын қолына қондырды. Көрші ауылдағы Елемес деген дүкенші жігіттің Зура есімді жел мінездеу қызына құда түсті. Осылайша, жылдар жылыстап, уақыт өтіп жатты.
Рамазан қарт ауырып, төсек тартып жатқанда екі ұлын шақырып балаларына өсиет айтады. Жастығының астындағы Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” кітабын ұстап тұрып: “Әйел алсаң, ақылдысын ал, ол саған өзгеден де жақын кісі” – деп келіні Майраға ұсынады.
– Біздің халқымыз әрқашан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен. Ата-ана, көрші-қолаң, туыс-туғанды сыйлаған. “Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп” дегендей бұрынғы бабалар айтқан өсиет, мәңгілік тірліктің, бірліктің сара жолы емес пе?! Осы мақалды естеріңнен шығармаңдар, – деп қарт көз жұмады. Екі жылдан соң, 71 жасында зайыбы Күлпән әжей де келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды.
Ағайынды екі жігіт отбасымен төрт бөлмелі үйде бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүрді. Жаңа жылға қарсы соғым сойып, көршілерді қуырдаққа шақырады. Сол отырыста Өмір: “Біздің отбасымыздың бірлігі мен тірлігі – жақсы, Құдай айырмаса, адам сайтаны айыра алмайды”, – деп үстел басындағы қонақтарға мақтанады.
Арада 3-4 жыл өтеді. Екі отбасында екі сәби дүниеге келеді (Ойрат пен Қайрат). Үйдің үлкені – Өмір балажан адам. Өзінің де, бауырының да баласын жанындай жақсы көрді. Бірде Зура күйеуі Темірмен сөзге келіп қалады. Сонда сайтан туралы қайынағасының сөзі есіне түседі де, ағайынды жігіттердің арасына от салғысы келіп:
– Кеше Теректі ауылына барған ағатайым біздің Қайратты машинасының артына, ал өзінің баласын алдына отырғызып, рөлін ұстатып келді. Ойрат машинадан түскенде қолында ортан жілік, ал біздің Қайраттың қолында бір жапырақ еті жоқ кәрі жілік болды. Бала жылап келді, – дейді.
Әйелінің осы әңгімесінен кейін Темір түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмады. Іштей ағасын жазғырады. Енді бірге тұра алмайтындарын айтып, ертеңіне көрші ауылға қоныс аударады. Бірақ жарты жылға жетпей ағасының отбасын қонаққа шақырып, татуласқан екен. Сонда келіні: “Аға, менің Темірге айтқаным жала еді. Қайын ағам біздің ұлды өз баласынан кем көрмейді. Адамды сайтан түртті деген осы екен”, – дейді. Бұл оқиғадан өзгелер ғибрат алса ғанибет емес пе? Әрқашан сыйластықта, бірлікте өмір сүргенге ешнәрсе жетпейді. Бауырлар бір-бірімен тату-тәтті болса, отбасында тыныштық, береке орнайды. Сондықтан жел сөзге ермей, көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін!?
Рахмет ЖҰСЫПОВ,
ардагер ұстаз.