
– Көк аспанның астында, салпық таудың қасында, ұлан-ғайыр даланың бір бөлшегі – Шұқыркөл деген ауылда болашақ жарымды кездестіріп, отбасын құрдым. Ұлым Рустам мен қызым Жәмила дүниеге келді. Осы балалардың болашағы үшін зайыбымыз екеуміз түрлі жерде жұмыс істедік. Ал 2006 жылдан бастап өз кәсібімді ашуға бел будым, – дейді Адалят Дулдулоглы.
Жиһаз жасауды қолға алған ол ауласындағы гаражды шеберханаға айналдырады. Қолынан шыққан алғашқы дүниелерді өзі және туған-туыстары пайдалана бастаған. Жылдар өте жиһаз жасауға қажетті құрал-саймандарды түгендегеннен кейін бұл кәсіппен кәсіби тұрғыда айналыса бастады.
– Қазір бұл кәсіпке Рустамды да баулып жүрмін. Қазақта “Әкесіне қарап ұл өсер, анасына қарап қыз өсер” деген нақыл сөз бар. Ұлым жанымда жүріп, ағашты ырқына көндірудің қыр-сырын меңгеруде. Алғашында үстел, орындықтан бастасақ, қазір есік, терезелер жасауға көштік. Жасайтын өнімдеріміздің түрін көбейткесін Рустам Көкшетау қаласындағы №11 кәсіптік-лицейде “Қымбат жиһаз жасайтын шебер” мамандығы бойынша білім алды. Қазір ұлым қолқанат болып, ағаштан оюлап, өрнектеп неше түрлі көз жауын алатын жиһаз жасайды, – дейді баласының шеберлігіне масаттанған әке.
Қайың, қарағай, жөке және көктерек ағашын пайдаланатын шеберлердің жиһаздары сұранысқа ие. Тапсырыспен істейтін шеберлердің қолынан шыққан дүниелерді аудандағы жиһаз дүкендерінен де кездестіруге болады. Тіпті, облыс орталығынан да тапсырыс түседі екен. “Ағаш – әрдайым сұранысқа ие бағалы материал. Тіпті, қаржылық дағдарыс кезінде де адамдар жиһаз алып, есік, терезе ауыстырады. Ал жасаған дүниеміз сапалы болса, тұтынушылар мұны аса жоғары бағалайды. Сол себепті, тұрақты тұтынушыларымыздың көңілінен шығу үшін жиһаздарды сапалы жасауға аса мән береміз. Ағаш шеберханасын ашқаныма әлі күнге дейін өзім іштей қуанамын, – дейді Адалят Азизов.
Ерінбей еңбек еткен жан кәсібінің нәсібін теретіні сөзсіз. Себебі, еңбек қандай шығынды да ақтайды.
Ринат ШҰҒАИПОВ.
Ғабит Мүсірепов
атындағы аудан.