«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

Халық арасында ағаштан жасалған бұйымдар өте кең таралған. Ертеде қазақтың баспанасы – киіз үйінен бастап, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалған. Себебі, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге тұрмыстық зат ретінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. Алтынмен аптап, күміспен күптеп, зерлеп, әшекейлеп жасаған дүниені пайдаланып келген. Бүгінде ағаш шеберлері ел ішінде саусақпен санарлықтай ғана. Сол санаулылардың бірі – ағаштан түйін түйіп, қазақтың қолөнерін жалғастырып, бүгінде республикадағы үздік қолөнершілердің қатарынан көріне білген жерлесіміз Болатбек Қалдыров жайлы әңгімелеуді жөн көрдік.

Тақыр жерге шөп шықпас, Болатбек Нәбиоллаұлының қолөнерге деген шеберлігі атасы Қабиболладан дарыса керек. Аталары ат әбзелдерін, қамшы, бесік және басқа да тұрмысқа керек заттарды жасай білген шебер болған. Ауыл-аймақты түгелімен қамтып отырған. Ал әжесі Уәзипа көзінің майын тамызып, алаша, кесте тігіп, киіз басып, ісмер атанған. Ата жолын қуған алты ағайынды Қалдыровтардың барлығы да қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Алланың қалауымен бойына өнер дарыған отбасының кенжесі Болатбек ағаларының қасында жүріп, шеберлігін шыңдады.

Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінде ағаштан кез келген тұрмысқа қажетті бұйымдар мен кәдесыйлар жасайды. Негізінен қайың, қарағай, терек, тал ағаштарын қолданады.

– Бітірген ісіңнің әдемі болуымен қатар, сапалық жағы да аса маңызды, сондықтан ағаш таңдай білу ең маңызды шаруалардың бірі. Себебі, әр ағаш адам секілді өзіндік бір қасиетке ие. Ыдыс-аяқтарды жасау үшін қайыңды шауып алып, көлеңкеде кептіріп, тұзды суға салып қайнатады. Содан соң тағы да көлеңкеге қойып кептіреді. Сосын асықпай өңдеп, қажетті ыдыс-аяқ жасайды. Тұзды суда қайнатылған ағаштан жасалған ыдыс ыстық пен суыққа төзімді болады. Ұзақ уақыт пайдалануға жарайды. Астау, тегене, табақ та дәл солай. Қайың ағашын жонып, жылқы қазысының қайнатылған майымен сылайды. Ал күбі жасаудың халық арасында екі тәсілі сақталған. Бірі – тұтас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып, кеңейту арқылы жасалса, екіншісі – әртүрлі ағаштардан бірнеше бөлік тақтайшаларды темір құрсаумен бекіту арқылы да жасауға болады. Дайын ыдыстың сыртын бұрын күміс әшекейлермен көмкерсе, бүгінде кәдімгі оюмен өрнектеу сәнге айналған, – дейді Болатбек Қалдыров.

Жақсы бұйым жасау үшін мықты материал, уақыт және ең бастысы шабыт керек деп білетін шебердің айтуынша, ағаш өз текстурасын сақтап, аппақ әдемі болып, тек сыртына қошқар мүйіз оюлар өң беріп тұрғаны маңызды. Бұйымдарының ерекшелігі – өзіндік қайталанбастығы. “Менің және ағаларымның қолынан шыққан астау не басқа да ыдыс-аяқты өзге шеберлерден таба алмайсыз. Мәселен, өзге шеберлердің астаулары конвейерлік әдіспен жасалғандығын байқадым. Яғни, астау жасаудың өзі бір қалыпқа түсіп қалған, бірінен-бірі айнымайды. Ал біздің туындыларымыз көркемдік композициясымен, қайталанбас өрнегімен әртүрлі. Егер бір астаудың тұтқасында мүйізді қошқар бейнеленсе, келесіде жылқы, үшіншісінде түйенің басы қашалған. Оюларымыз әсемдігімен көз тартады. Барша әлем мемлекеттері бас қосатын, Қазақ елі үшін маңызы зор тарихи оқиға – “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне біз де осындай бұйымдарымызды апарамыз”, – дейді шебер.

Бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданындағы орман шаруашылығында Қалдыровтардың екі шеберханасы жұмыс істейді. Бала кездерінен ұлттық тәрбие нәріне қанып өскен ағайындылардың өмірі мен шығармашылық жолы бір-бірімен әрдайым ұштасып жатады. Ағайынды Қалдыровтар саятшылыққа да әуес. Аңшылықтың ұлттық түріне ден қойған олар тазыны ерекше қастерлейді. Осылайша, олар ұмыт қалған аңшылықтың қайта жандануына да өз үлестерін қосуда.

Ағаштан түйін түйген Болатбек Нәбиоллаұлы қазіргі күні Қанат, Мирас, Әди атты жиендерін ісмерлікке баулуда. Бүгінде олар қолөнердің қыр-сырына әбден қанығып, шебердің қолқанатына айналған.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp