«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Қалалық Мәдениет және демалыс саябағында Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ қозғалысының ардагерлеріне арналған саяжолда ағаш отырғызу акциясы өтті. Маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты. 

Қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған бұл демалыс аллеясы жыл өткен сайын көркейе түсуде. Саябақты құлпырту мақсатында екі мыңға жуық ескі ағаш кесіліп, жаңа сұрыпты көшеттер отырғызылған болатын. Олардың қатарында сібір шыршасы, жөке ағашы, терек, қара үйеңкі, жіңішке жапырақты жиде және қызыл бүрген бар. Енді, міне, олардың қатарын “Кондратов” тәлімбағынан жеткізілген жас көшеттер толықтыруда. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев пен соғыс ардагері Қожатай Некібаевқа алғашқы көшетті отырғызу құрметі бұйырды.
– Адамзат үшін теңдессіз қызмет етіп келе жатқан ағаштың маңыздылығын айтып жеткізу өте қиын. Біз күнделікті демалатын ауаны тазалап, сүзгіден өткізетін ағаш қана. Адамзат өз тарихында ауаны ағаштан артық тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап тапқан жоқ. Баршамыздың сүйікті демалыс орнымыздың құлпырып тұрғаны, таза болғаны өзімізге де жақсы. Сондықтан бүгінгі шараға қатысуды өзіме парыз санадым. Айналамыз жасыл желекке орана берсін деп тілеймін, – деді Қожатай Сейтахметұлы.
Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаевтың айтуынша, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері – ел өміріндегі оң өзгерістердің куәгерлері. Бүгінгі таңда еңбек ұжымдарында іскер серіктес, көмекші әрі ақылшы бола білген ұйым өкілдері “Туған жер” жобасы аясында экологиялық акцияға бастамашы болуда. Көтеріңкі көңіл күйдегі жұртшылық акцияға бір адамдай жұмыла кірісті. Саябақтың көркіне көрік қосуға асыққан Петропавл қаласындағы кәсіподақ ұйымдарының екі жүзге жуық өкілі бұл күні 25 түп көшет отырғызды. Алдағы уақытта да ағаш отырғызу жұмыстары жалғастырылатын болады.
Сәрсенбінің сәтті күні елімізде жаңа экологиялық акцияның бастау алғаны белгілі. Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Асқар Мамин “Нұртас Оңдасынов” аллеясында ағаш отырғызып, “Эко сағат!” республикалық акциясын бастаған болатын. Осылайша, бүгінгі шара жаңа акциямен үндестік табуда.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp