«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА БУЫННЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА РИЗАМЫН

Адамның қалыптасуына, жан-жақты жетілуіне, көкжиегінің кеңе­юіне өскен ортасы әсер етеді ғой. Айыртау ауданындағы қаймағы бұ­зылмаған Қызыләскер ауылында дүниеге келіп, жастайымнан қазақы тәрбиені бойыма сіңіріп өстім. Аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырай Жалғызтаудың бөктерінде дү­ниеге келсе, менің руханиятқа құштарлығым сол таудың етегінде орналасқан шағын елді ме­кеннен басталды. Ауылдағы сегізжылдық мек­тепті бітіріп, онжылдықты Көкшетау қала­сындағы мектеп-интернатта тамамдадым. Оңы мен солын әлі танып үлгермеген мен сияқ­ты жастар еңбектің қазанында ерте қайнауға асықса, енді бірі білім шыңын ба­ғындыруға ұмтылды. Оқу бітірген соң бәріміз жан-жаққа бет түзедік. Қызылжарға бет алған мен зауыт-фабрикаларда жұмыс істегім келді. Алайда, “Адамның қалауы емес, Алланың дегені бо­лады” екен.

Мектепті кеше ғана бітірген өрімдей қызды ауыр жұмысқа қимады ма, әлде шаруасы қайнаған зауытта өндіртіп жұмыс істей алатыныма күмәнмен қарады ма, әйтеуір нағашым Өмірзақ Рамазанов маған “Ленин туының” редакциясын нұсқады. Ол кезде ре­дакция Ленин көшесі, 11 мекенжайында бола­тын. Қазақ тілін жетік білетін әрі мектепті үздік тамамдаған мені газет бас­шылығы теруші ретінде жұмысқа қабылдады. Ол кезде газет­тің редакторы – Уәп Рақымжа­нов, жауапты хат­шы Бақыт Мұстафин. Газет­тің ішкі жұмысынан мүлдем хабарсызбын. Оның үстіне жаспын. Мүйі­зі қарағайдай журналистермен жұмыс іс­тейтінім үш ұйықта­сам да түсіме кірген емес. Ре­дакцияда кілең аға буын. Қызметкерлердің арасында ең жа­сы мен болдым. Үлкендердің сөзін екі етпей, айтқан тапсырмаларын бұлжытпай орын­дауға тырыстым.
Өткен күндерді еске түсіріп, өмір жолыма зер салсам, саналы ғұмырымды осы газет қабырғасында өткізген екенмін. Отыз тоғыз жыл осы ұжымда еңбек етіп, зейнетке шық­тым. Өмірімде жақсы адамдармен кездес­кеніме қуанамын. Редакциядағы аға ұрпақ өкілдері өздерінің ақыл-кеңесін беріп, маған әрқашан дұрыс жол сілтеді. Оларға айтар алғысым шексіз.
Ол кезде “Казтагтың” хабарлары теле­тайп­­пен келеді. Сол хабарларға Алма Балғо­жина, Гүлмайдан Ақанова жауапты болды. Кейде корректорлардың да орнын алмасты­руға тура келді. Газет аптасына бес рет шы­ғады. Апта сайын 7,5 петитпен бас мақала жа­рық көреді. Оны тек бөлім меңгерушілері ғана жазатын. Ал терушілердің алдында мате­риал­дар үйіліп жататын. Журналистердің алғашқы оқырманы біз болдық. Бір-бірімізге бауыр басқанымыз соншалық, кіммен қалай сөйлесу керек екенін, қай журналистің мінезі қандай екені бізге жақсы таныс.
Жалпы, редакция ұжымы үшін әр нөмір қарбаласқа толы болатын. Орыс­ша жазылған материалдар мен түрлі жина­лыстарды қазақшаға аударатын журна­лис­тердің айтқанына ілесіп, әр сөзді мұқият теру қажет. Көбінесе, материалды редакто­рымыз Уәп Рақымжанов басқызатын. Журна­листика­ның қыр-сырын сол кісіден үйрендім. Терушіге материалды басу ғана емес, сөз­дердің қайта­ланбауына мұқият болу міндеті жүктелді. Сөз өнеріне жақын еке­німді байқаған Уәп Рақымжанов әкелік қамқорлық танытты. Осындай жаны жайсаң асыл азаматтармен жұ­мыс істегенімді мақтан етемін.
Кейде қыстыгүндері Бескөлден жұмысқа қатынау қиындық тудыратын. Сондай сәтте кешігіп қалсам, Уәп аға кешіріммен қарайтын. Ол ерекше қамқор әрі мейірімді болды. Одан кейін Бақыт Мұстафиннен де көп жақсылық көрдім. Техникалық қызметкерлердің ішінде редакцияның атынан үй алған адам некен-саяқ. Солардың бірі өзім. Шиттей балалар­мен жолдасым екеуіміз баспананың зарда­бын тар­тып жүрген кезде Бақыт Мұстафин үкіметтен тегін үй алуыма көп көмегін тигізді. Онымен отыз жылға жуық бірге жұмыс істедім. Мейірбан, кісілігі мен кішілігі зор азаматтың ар­қа­сында 1991 жылы екі бөлмелі пәтерге қол жет­кіздім. Осындай ағалардың қамқорлығын көр­ген мен өзімді әрқашан бақытты сезінемін. Қа­зіргі таңда редакция­ның тізгінін ұстап отыр­ған білікті басшы Жа­расбай Сүлейменовтің де қолдауын айрықша сезінгенімді айтып өткенім жөн болар.
Редакция ұжымын басқарған азаматтар­дың арқасында ауызбіршілікпен, түсіністікпен жұмыс істеп, бір-бірімізге жанашырлықпен қа­рап, бауырдай болып кеттік. Газет қабырға­сын­да талай қызықты сәттерді де бастан кеш­тік. Бір күні Уәп аға мені кабинетіне шақырып, Алматыдан Нұрғожа Оразов деген азамат ке­летінін және түскі үзілісте бір мақаланы басып беруім керек екенін айтты. Орта бойлы, сары кісі екен. Материалды теру үстінде онымен жа­қын таныстым. Жалпы, ру­ханияттың дамуына қалтқысыз қызмет еткен осындай жақсы, жайсаңдармен редакцияда танысуға мүмкіндік көп болғанын айтқым келеді.
Бірде ораза айт болды. Мешітте редак­ция­­ның журналистері Өмір Есқали мен Қо­шан Қа­лиды кездестірдім. Өмір маған редакцияның басшылығы Құрбан шалатын қызметкерлерді жұмыстан босатқа­нын жеткізді. Оны естіп қуанып кеттім. Сол бойы жұмысқа соқпай, бірден үйге тартып отыр­дым. Келесі күні басшылықтың се­бепсіз жұ­мысқа бармаған қызметкерді жерден алып, жерге салуына болар еді ғой. Бірақ ешкім де олай істемеді. Әріптестердің бір-біріне деген ақ пейілі, достық көңіліне, шіркін не жетсін?! Әзіл-қалжыңы жарасқан ұжым ешқашан өкпе, ренішке орын берген жоқ. Жұмыс барысында түсінбеушіліктер орын алатыны ақиқат қой. Алайда, біреуге кек сақтап, өштесу деген болмайтын.
Серік Қасенов, Мәлік Мұқанов, Мереке Тұ­ралин, Рәшид Бәдірленов, Әмина Мұхамед­ра­­хи­мова сияқты өз ісінің білгірлерімен жұ­мыс істеу бақыты бұйырды. Мен жұмысқа ор­на­ласқан алғашқы жылдары Ғазиза Тоғай­баева, Бәткен Сұлтанова, Мәруар Қожах­метовалар терімші болатын. Сол кісілердің үйретуімен аз уақыттың ішінде терімшілікті меңгеріп алдым. Съездерде газет кеш бітеді. Сонда таңды таң­ға ұластырып, жұмысты жанын салып атқара­тын қызметкерлерге қайран қаламын. Орақ науқаны кезінде ре­дакцияда шаруа, тіпті, қыза­тын. Ол кезде жур­налистер аудан, ауылды ара­лап, орақ нау­қанынан үздіксіз хабар береді. Іссапарда жүрген тілшілер қысқа хабарлары мен ре­портаждарын телефон арқылы баян­дай­ды. Бізге сол материалдарды қатесіз әрі жылдам теру міндеті жүктелді. Қырда шаруа қызған шақта “Құйып алмай қамбаға, астығым бар деп ойлама” атты айдармен материалдар жарияланып тұрды. Осындай жауапты сәтте біз де аянбай жұмыс істеуге тырыстық. Ризы­ғымды редакциядан бұйыртқан Алла тағала­ға мың шүкір. Жалпы, маған аға, орта буын­мен, кейін қатарға қосылған жастармен қоян-қол­тық жұмыс істеу бақыты бұйырды. Саналы ғұмырым киелі қарашаңырақта өткендіктен редакцияны сағынамын.

Айтбибі ҚАРМЕНОВА,  еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp