«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА БУЫННЫҢ ҮЛГІЛІ ІСТЕРІ

Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесі қатарында 1729 мүшесі бар 25 бастауыш ұйымның басын біріктіріп отыр. Олардың ішінде екі Ұлы Отан соғысының ардагері, 136 – тыл еңбеккері, 22 – ауған соғысына қатысқан, 7-еуі – Чернобыль апатының құтқарушысы, 3-еуі Семей полигонынан зардап шеккен. Сондай-ақ, өздерінің арнайы ұйымы жоқ мүмкіндігі шектеулі 442 жанды да ұйым өз қанатының астына алған.

Біз өз қызметімізде “Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің жарғысы мен ережесін басшылыққа ала отырып, ардагерлердің әл-әуқатын нығайтуға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға күш салып келеміз. Сондай-ақ, кеңес жастармен жұмысқа, тәрбиелік іс-шаралар өткізуге, ұлтаралық, дінаралық келісім мәселелеріне, ұлттық құндылықтар мен тарихты дәріптеп, ұрпаққа жеткізуге, саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен мән береді.

Ардагерлер арасында белсенді жандар аз емес. Солардың бірі – Айгүл Мусина ауданымыздағы қолөнер шығармашылықтарын зерттеп, бұрын өмір сүрген немесе бүгінде қолөнермен айналысатын адамдардың өмірбаяндарын жинастырып, бұйымдарды суретке түсіріп, әдістемелік-ақпараттық кітапша шығарды. Ол бұған дейін де Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан жеті жерлесіміз, Семей полигонында болған үш жерлесіміз туралы буклет, стенд, кітапша шығарған болатын. Ардагерлер кеңесінің мүшесі осылай аға буынның үлгісін жастар арасында таратуға күш салуда.

Бастауыш ардагерлер ұйымдары мен басқа да қоғамдық құрылымдар арасында жақсы қарым-қатынас орныққан. Мемлекеттік мерекелерде, түрлі ұлттық мейрамдарда тізе қосып, тұрғындар үшін терең мазмұнды шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Мәселен, Ақбұлақ ауылдық округіндегі ардагерлердің бастауыш ұйымы қоғамдық іс-шараларды сондағы славян этномәдени орталығымен және “Шапағат” қоғамымен бірге өткізеді. Жақында сондай игі шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Биыл Ақтүйесай бастауыш ұйымының қолдауымен округте соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған мұражай ашылды.

Зейнеткер-ұстаз Геннадий Сабитов те ардагерлерден құрылған денсаулық тобын басқарып, нәтижелі жұмыс істеуде. Кезінде жоғары санатты дәрігер болған Әркен Нұрмағамбетұлы да соғыс және тыл ардагерлерінің денсаулығын назарында ұстайды. Аудандық кеңес барлық ардагердің саламатты өмір салтын ұстануы, оларды спорт және мәдени көпшілік жұмыстарға тарту үшін үлкен жұмыс атқаруда. Ардагерлер қашанда кіші буынға үлгі. Мәселен, Армия Үсенов жастармен бірге волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан ауданішілік жарыстарға қатысып, түрлі жүлделерді еншілеуде.

Биыл арагерлер арасында шахматтан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан, үстел теннисінен, бильярдтан жарыс өтті. Сондай-ақ, тұңғыш рет ұйымдастырылған балықшылар сайысы да көпшілікке қызықты болды. Табиғат аясында демалып әрі сайысқа қатысқан ардагерлер үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен оралды.

Сансызбай ҚАЛИЕВ,

Уәлиханов аудандық

ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp