Елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауға аға буынның қосып отырған үлесі зор. Ал олардың көрегенділігі мен парасаттылығының арқасында орнаған татулықты нығайту – біздің еншімізде. Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени бірлестіктердің жанынан жастар қанатының құрылуы ұрпақ сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Достық үйіндегі 20 этномәдени бірлестіктің жастары өз орталығының ғана емес, жалпы Ассамблеяның қоғамдық жұмысына белсене қатысады.
Қазақстан ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында әлемнің 30 дамыған елінің қатарына енуге батыл қадам жасады. Бізге аға ұрпақтың істерін жалғастыра отырып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, Қазақстанды әлем мойындайтын бірегей елге айналдыру міндеті жүктелді. Алдымызға қойған осы мақсатқа жетуде қоғамдағы тұрақтылық аса маңызды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары ұрпақ сабақтастығы бірлік пен келісімді нығайтудың қозғаушы күші екендігін ұғына отырып, қоғамның барлық салаларында белсенділік танытуда. Біз өңірдегі жоғары оқу орнымен, ғылым және мәдениет орталықтарымен байланыс орнатып, ғылым және зерттеу салаларына үлес қосуға, қайырымдылық жұмыстарына қатысуға, кәсіпкерлік негіздерін игеруге мүмкіндік алдық. Сондай-ақ, Ассамблеяның “Ұлы дала елінің киелі мұрасы” тарихи-экологиялық акциясы аясында өңіріміздің мәдени және рухани орындарында болдық.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарға арналған тағылымды бастамаларының бірі – “Қазақтану” жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты еліміздегі этностардың арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын дәріптеуге бағытталған. Үлкен өмірге енді ғана қадам басқан жастарды болашақпен ғана қызықтырмай, өткенімізді де таныстырып отыру қажет. Әсіресе, қазақ халқының тарихын, дәстүрін танығаны жөн. Еліміздің тарихын таныған ұрпақ, қалай көпэтносты мемлекетке айналғанымызды, қандай қиын кезеңдерді бастан өткергенімізді біледі. Ортақ Отанымыз – Қазақстандағы ауызбіршілікті сақтауда мұның мәні зор.
Саян ЕРМЕК,
“Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігі жанындағы жастар қанатының жетекшісі.