«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА ТЕРГЕУШІ АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ

Жақында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов “Нұр Отан” партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтармен кездесу өткізді.

Қабылдауда алты азамат болды. Облыстың бас полицейімен кездесуде түрлі мәселелер әңгіме арқауына айналды. Мысалы, Бескөл ауылының тұрғыны Елена Бондарь ішкі істер департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі Николай Поповқа алғыс айта келіпті. Ол полиция майорының медицина қызметкерінің өзінің кәсіби міндетін лайықты атқармауының салдарынан жас қыз баланың қайтыс болуына әкеліп соқтырған қылмыстық оқиғаны зерттеуде табандылық танытқанын атап айтты.

Бұл оқиға Е. Бондарьдің шаңырағында орын алып еді. Әділ зерттеудің арқасында соттың шешімімен медицина қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ішкі істер органдарының ардагері Хайдар Кәшенов департамент бастығына бірқатар ұсыныстарын айтты. Соның ішінде ардагер тергеу органдарында тәлімгерлікті кеңінен өрістетуді ұсынды. Қылмыс заңнамаларына өзгерістер енгізілуіне байланысты тергеу жұмыстарының тиянақтылығына қол жеткізу үшін таяуда зейнетке шыққан тергеушілерді тәлімгерлікке тарту қажеттігіне назар аударды. Ол, сондай-ақ, осы жақында құрылғанына 25 жыл болған “Офицерлердің спорт клубына” жаттығулар өткізетін орын бөлінсе деген тілегін білдірді. Департамент бастығы белсенді өмірлік ұстанымы үшін ардагерге ризашылығын білдіріп, ұсыныстары оң шешілетінін жеткізді.

Осы қабылдауда ішімдікке салынып кеткен қала тұрғынын арнайы мекемеде емдетуге, алаяқтарға жем болып пәтерінен айрылып қалған облыс орталығы тұрғынының шағымына байланысты мәселелер де қаралды.

Генерал-майор Б. Біләлов ішкі істер департаменті бастығы қызметіне тағайындалғаннан бері 63 азаматты қабылдады.

Департамент бастығы азаматтарды апта сайын сәрсенбі күндері қабылдайды. Соған қоса, ІІД-нің сайтында және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында департамент басшыларының азаматтармен кездесулерінің кестелері беріліп тұрады.

Б. Біләловтің виртуалдық қабылдауы белсенді жұмыс істейді. Интернет қызметін пайдаланатындар ІІД-нің www.police.sko.kz сайтына шыға алады.

Жыл басынан бері ІІД бастығы және оның орынбасарлары 258 азаматты қабылдады.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,

 облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp