«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА ҰЛАҒАТЫ — ЖАСТАРҒА ҮЛГІ

Борис Баяшев зейнеткерлікке шыққанға дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Бүгінде ол Аққайың аудандық ардагерлер кеңесін басқарады.

Аталмыш ұйымның жұмысы орнығып, бірізге түскен. Алдыңғы толқын өкілдері зейнеткерлікке шықтық деп отырып қалмай, әлі де болса ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. “Біз зейнеткерлікке шыққандарды ардагерлер кеңесінің құрамына салтанатты түрде қабылдаймыз. Таяуда Астраханка, Власовка ауылдық округтерінде осындай шаралар өткізіп, құрамымызды толықтырдық. Бұл ауылдық округтердегі инвесторлар да бізге көмектесіп, бастауыш ұйымға қабылданғандарға сыйлықтар жасады”, – деген Борис Баяшев ардагерлердің туған күндері, күміс, алтын той иелерінің мерейлі даталары да атаусыз қалмайтынын айтты. Кездесулер өткізіп, олардың отбасылық өмірлерін жастарға үлгі етеді. Осындай шаралар жастар мен алдыңғы толқын арасын жақындастыруға септігін тигізеді.

Аталмыш ұйымның тиісті деңгейде жұмыс істеуіне барлық материалдық-техникалық жағдайлар жасалған. Компьютер де, кабинет те, жеңіл қызметтік көліктері де бар. Ардагерлердің жұмысына аудан басшылары мен демеушілер көмек көрсетіп отырады. Қазір 12 ауылдық округтің барлығында бастауыш ардагерлер ұйымдары, мектептерде мұражайлар бар. Аға буын өкілдерінің қызығушылықтарына қарай клубтар, этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Аудан орталығындағы шахмат клубына аға буын өкілі Ыбырай Құсайынов жетекшілік етеді.

– Жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 40 жылдығына орай 1985 жылы негізін қалаған аудандық тарихи-өлкетану мұражайының маңызы зор. Оның ашылуына сұрапыл соғысқа қатысып, ондағы қантөгісті көздерімен көрген, бейбіт күнде ұстаздық еткен ардагерлер Зейнел Мұқатаев пен Иван Согань бастамашы болған еді. Қазір олардың бастаған игі ісін аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Татьяна Борисова жалғастыруда, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдары кинотеатр өртенген кезде ондағы мұражай жәдігерлері аудандық кітапханаға көшірілген. Аталмыш мекеменің бірінші қабатындағы жұпыны бөлмеде орналастырылса да, мұражай бірнеше жылдар бойы аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында мұражай қайта жөндеуден өткізілген. Соның арқасында оның аумағы кеңейтіліп, жәдігерлер мен құжаттар қоятын жаңа жабдықтар алынған. Қазір мәдениет ошағы осы заманға лайықталып жабдықталған. “Мұражайда мектеп оқушылары еңбек ардагерлерімен, ауданымыздың түрлі мамандық иелерімен кездесіп, жұмысшы кәсібінің қыр-сырымен танысады. Мұндай кездесулердің оқушыларға кәсіби бағдар беруде, олардың кәсіптік-техникалық мамандықтарға тартылуларында ықпалы мол”, – дейді Борис Сәбитұлы.

Ардагерлер Парламенттік және барлық деңгейлердегі мәслихаттар сайлауларына да белсене қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын айқын көрсетіп келеді. Ондағы белсенді жұмыстары үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан Алғыс хат, “Нұр Отан” партиясының аудандық, облыстық филиалдарынан, облыстық ардагерлер кеңесінен Құрмет грамоталарын алғандары да бар.

– Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр, облысымыздың құрылғанына 80 жыл толады. Бұл даталардың алдыңғы толқын біздер үшін маңызы ерекше. Өйткені, біз тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан кезіндегі алғашқы қиындықтарын өз басымыздан өткеріп, еліміздің аяғынан нық тұрып кетуіне бар күш-жігерімізді жұмсадық. Сондықтан біз үшін еліміздің әрбір жеңісті сәті қымбат, – деген Борис Баяшев аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қашан да белсенділік танытып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында белгілеген міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосатынын жеткізді.

Демек, аға ұрпақтың саналы соқпағы, ардагерлердің бекем бірлігі мен ынтымағы алдағы жұмыс барысында да кейінгі толқын жастарға әрқашан үлгі-өнеге болмақ. Алдыңғы толқын ағаларымыз жас ұрпаққа өмірлік тәжірибелері мен жылдар жемісі саналатын ұлағаттарын аманаттауға қашан да дайын.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp