«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аға ұрпақ ізімен

Құтқарушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмысы қызметінің №1 өрт бөлімінде салтанатты шара өтті.

Алаңда департаменттің жеке құрамы және құтқарушылардың қатарына жаңадан қабылданғандар, осы қызметті абыроймен атқаруға ант берген жас қызметкерлер сап түзеді. Олардың алдында департаменттің өрт сөндіру қызметі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс полковнигі Николай Белаусов сөз сөйлеп, кез келген адамның қолынан келе бермейтін, батыл, алғыр, жігерлі болуды талап ететін, жауапкершілік жүгі қай кезде де салмақты құтқарушыларды төл мерекелерімен құттықтады.

Одан кейін өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген азаматтық қорғаныс органының тоғыз қызметкері марапатталды. Мұндай салтанатты сәтте аға ұрпақ өкілдерінің ежелден келе жатқан дәстүрлерін лайықты жалғастырушы жас ізбасарларына арнап айтар тілектері олардың қызметтеріне әрдайым адал болуға жігерлендіре түсетіні сөзсіз. Департаменттің сымдай тартылған өрт сөндіру қызметі жеке құрамының сап түзеп өтуі мереке сәнін аша түсті.

Шара соңында азаматтық қорғаныс органының ардагерлері мен қызметкерлері, жас құтқарушылар Отанымызды неміс басқыншыларынан азат ету жолында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Амангелді ӘУЕСХАНОВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі

департаменттің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp