«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒЫЛШЫНША АҒЫП ТҰР ШӘКІРТТЕРІ

Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим №1 орта мектебінің ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімі Зәуреш Смайылова заман талабына сай еңбек етіп жүрген мұғалімдер қатарында. Ұстаз болуды бала күнінен армандаған оның осы жолды таңдауына өзінің сынып жетекшісі әрі орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген мұғалімі Софья Айтқожина себепкер болыпты. Сүйікті ұстазына еліктеген Зәуреш Ермекқызының маман ретіндегі бүгінгі ұстанымы – баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу.

Ол Көкшетау қаласының Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетін ағылшын тілінің мұғалімі мамандығы бойынша 1994 жылы тамамдаған. Содан бергі 20 жылда өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Бүгінгі таңда ағылшын тілін білу оқушылардың өмірлік жоспарларын жүзеге асыруларына, өз-өздерін дамытып, одан әрі жетілдіре түсулеріне қажет. Сондықтан да ағылшын тілі пәнін жаңа технологияларды пайдалана отырып, тартымды ете білген ұстаздың әр сабағының көтеретін жүгі салмақты. Ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы төрт жылдағы нәтижесі бойынша оның оқушылары ағылшын тілінен ауданда ең жоғары көрсеткіштерге ие болды. Сонымен қатар, Зәуреш Ермекқызының оқушылары – аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлері. Шәкірттерінің арасында “Алтын белгі” және ерекше үлгідегі аттестат иегерлері бар. Олар жыл сайын Астана, Алматы қалаларындағы беделді жоғары оқу орындарына түсіп, грантпен білім алуда.  

Зәуреш Смайылова адал еңбегі, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі, қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан Алғыс хат алды.

Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегінің қалауымен таңдаған оның: “Жұмыс барысында қанша қиналсам да, еңбегімнің жемісін оқушыларымның жеңісінен көрген кез мен үшін үлкен бақыт. Маған екінші рет мамандық таңдау мүмкіндігі туса, тағы да ойланбастан ұстаз болар едім”, – деуінің өзі оның мұғалімдікті қаншалықты сүйетіндігін көрсетпей ме?!

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp