«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒЫП ӨТТІ ЖҰЛДЫЗДАЙ

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында “Боздақтар” кітабына көз жүгіртіп өтуді жөн көрдім. Ондағы ойым, соғыс жылдарында ел қорғауға аттанып, жаңбырдай жауған оқтың астында, жалындай жанған оттың арасында мұз жастанып, су кешіп, жаумен шайқасқан, небір қиян-кескі ұрыста қасық қанын төгіп, ерлікпен қаза тапқан, сөйтіп туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмай, майдан даласында жерленген ержүрек жауынгер әкелеріміз бен ағаларымыз жайында қажетті деректер іздестіру еді. Кітаптың үшінші томын парақтап отырғанымда мына бір есім назарымды елең еткізді. Ол – Қуандық Құсайынов. Соғыс жайындағы кейбір материалдарды оқып білгенімдей, қазақ жауынгерлерінің ішінде жиырма екі жасында майор шенін алып, білікті командир, жаужүрек басшы ретінде көзге түскен Бауыржан Момышұлы болса, Қуандық та жиырма төрт жасқа толмай жатып осы шенді алып, жас та болса бас болып, әскери бөлімдерді басқарған екен. Егер тірі жүрсе, Бауыржандай даңқы жер жарып, үлкен жұлдызды шен алып, ерекше құрмет тұтар, ардақты ардагер ата – нар тұлғаны бір сәт көз алдыма елестеткендей болдым. Тірі жүрсе, солай боларына да күмәніміз жоқ. Бірақ соғыстың аты соғыс қой… Жиырма беске толмай, елі үшін жанын пида еткен.

Қынабынан суырылған қылыштай жарқылдап, жұлдыздай жанып барып өшкен қысқа ғұмыр толғандырмай қоймады. Сол толғаныспен Қуандықтың өмірі жайлы қосымша деректер іздестірмек болып, немере інісі Сапарбек Құсайынов екеуміз ол туып-өскен елге барып қайттық. Бұрындары омырауларында ерліктің шежіресіндей ордендері мен медальдары сыңғырлаған соғыс ардагерлері ауыл біткеннің көркі, мақтанышы мен абыройы болушы еді. Әсіресе, Жеңіс мерекесі күні орталық алаңдардағы соғыстан оралмаған боздақтарға орнатылған ескерткіштерге жиналған сол ардагерлерді көргенде батыр тұлғаларына сүйсіне қарап, мақтаныш сезіммен қоғадай иіліп, сәлем беруші едік. Бүгіндері сол ардагерлердің қатары сиреп кетті, көптеген ауылдарда қалмады да. Біз барған Петровка ауылында да соғысқа қатысып, ел қорғап қайтқан ардагерлердің бәрі дүниеден өтіпті. Ал көпті көрген көнекөз қария дегеннен тірі жүргені жалғыз Есмағзұм Қоңқаев қана екен. Ол да тоқсанды еңсеріп тастаған, отырса, тұра алмайтын, тұрса, жүре алмайтын халде көрінеді. Соғысқа бармаса да, еңбек армиясында болған. Одан келген соң тылдағы еңбек майданының бел ортасында жүріпті. Келген шаруамызды айтып, әңгімеге тарттық.

– Менің шын атым – Есмағзұм. Ұлы әжем тілі келмеген соң Мәнту деп атап кетіпті. Содан ауыл күні бүгінге дейін Мәнту ата дейді. Өздерің сұрап отырған Қуандықпен бала кезіміз Қызылойда бірге өтті. Бұл ауыл осы Петровкадан үш шақырым жерде, белге оратылған белбеудей қызыл қайыңы жағалай өскен қалың шоқтың бауырындағы үлкен ойпаңға орналасқан. Жұрт соған қарап, ауылды “Қызылой” деп атаса керек. 1931 жылы маңайдағы Әйтім сияқты шағын жеті ауылдың басы қосылып, “Қызылой” колхозы құрылды. Сексенге жуық үй түтін түтетті. Бұл сол кезде үлкен ауылдардың бірі болды.

Әлгіндей жеті ауылдан қосылғасын ба, бала біткен топтоп болып ойнайтынбыз. Біздің арамызда үлкеніміз Қуандық болатын. Сол кезде оның жасы он бір-он екілер шамасында еді. Мен одан үш-төрт жас кішімін. Қуандықтың ақжарқын, елгезек, тілалғыш, кішіпейіл мінезі есімде қалыпты. Кейбір ересек балалар бізге әлімжеттік жасаса, Қуандықтың араша түсіп, олардың бетін қайтарып тастайтын батылдығы да бар еді. Содан да болар, кішіректеу балалар Қуандықтың маңына топталып, бірге жүретінбіз. Ол бәрімізге қамқорлық жасайтын. Мұндай қасиеттерді бір адамның бойынан табу қиын ғой.

Қуандық осы ауылда, кейін Айымжанда білім алды. Содан кейін қалаға кетті. Қызылжарда қандай оқу оқығаны есімде жоқ, Семей қаласындағы жеңіл өнеркәсіп институтына оқуға түсіп, оны бітірген соң елге оралғанын білемін. Бұл кезде мен де шетте болатынмын, – деді Мәнту қария бізге бар білгенім осы дегендей сыңай танытып.

Біз ауыл орталығындағы мектептің мұражайына да кіріп шықтық. Мұражай қабырғасының көрнекті жеріне Қуандық Құсайыновтың суреті, қысқаша өмірдеректері, офицерлік шені мен соғыста қандай майданда болғандығы, қай майданда қаза тапқаны, Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы, Суворов ордендерімен марапатталғаны туралы деректер ілінген. Қуандық Құсайыновтың кеудесіне тағылған осы жоғары дәрежелі ордендердің өзі-ақ оның бойында от ойнаған жаужүрек батыл да жігерлі жауынгер болғанын ұқтырса керек. Ал соғыстың алғашқы жылында-ақ жиырма төрт жасқа толмай жатып, жоғары офицерлік шен алып, полк құрамындағы әскери бөлімдерді басқаруы оның білікті де ойшыл командир болғанын аңғартқандай.

Қуандық Құсайынов 1919 жылы бұрынғы Төңкеріс, қазіргі Жамбыл ауданындағы Қызылой ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіріп, институттан сол кездегі дәрежеде жоғары білім алған ол 1939 жылы Преснов аудандық әскери комиссариаты арқылы міндетті әскерге алынған. Фин соғысына қатысқан. Бұл соғысқа фин солдаттары жақсы дайындалған көрінеді. Әсіресе, ақ қарда ақ киім киіп, ну қарағайдың ішінде шаңғымен зулап бара жатып нысананы дәл көздеп атуға машықтанған. Жаудың осындай айлалы қылығынан талай жауынгеріміздің өмірі қиылды. Дегенмен, кеңес армиясының тегеурінді күш-қимылы жауды қоғадай жапырып, фин соғысын қысқа мерзімде жеңіспен аяқтады.

Қуандық Құсайынов міндетті әскери қызметін одан әрі атқарып жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ол 70-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 329-шы атқыштар полкінің артиллерия бөлімін басқарып, соғысқа қатысқан. Бұл құраманың барлық майдан шебінде жауға күйрете соққы бергені, талай қалалар мен елдерді неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, ақыр-соңында жауды Берлинде – өз апанында біржолата күйрету үшін артиллерияның ауыр снарядтарымен тұншықтыра соққылағаны соғыс тарихынан белгілі. Қуандық Құсайынов та осы әскери кұраманың сапындағы артиллерия бөлімінің командирі болып, Литваны жау шеңгелінен азат етуге қатысқан. 1944 жылы шілде айының 25-і күні Капсукас қаласын жаудан босату жолында қиян-кескі ұрыс болған. Сол шайқаста Қуандық Құсайынов қаза тапқан. Сөйтіп, мұз жастанып, су кешіп, жауған оқтың астында, жанған оттың ішінде ел үшін жаумен айқасып жүріп, соғыстың аяқталуына тоғыз айдай ғана қалғанда қамшының сабындай қысқа ғұмыр үзіліп-ақ кеткен екен.

Еңбек армиясына барған әкесі Құсайын 1942 жылы Челябі қаласында темір жол бойында жұмыс істеп жүргенде ұлы Қуандықпен кездейсоқ кездескен екен. Байырғы офицер болғандықтан ба, Қуандықты Қазақстанда жасақталған жауынгерлерді майданға жеткізуге жіберсе керек. Жол үстіндегі әке мен баланың осы кездесуі бір сәтке ғана, бір мезетке ғана ұласқан. Осы сәтте әке мен бала бірін-бірі соңғы рет көріп тұрғанын іштей сезген де шығар. Бірақ тұла бойын намыс буған ержүрек жастың, қынабынан суырылған алмас қылыштай жарқылдаған жауынгердің бар ойы фашизмді құртып, жеңіске жету еді. Ал асқар таудай әке өзінің қанша биіктігін көрсетсе де, бала деген бауыр еті елжіресе де, елге төнген қауіпті шын жүрегімен сезініп, іштей қиналса да, сырттай білдірмегені анық. Өйткені, қайсар әке ғана осындай мінез танытады, батыр әкеден ғана батыр ұл туады. Әке мен бала сағыныштарын баса алмай, бірін-бірі қимай тұрғанда отарбаның ащы дауысы кішкентай ғана бір үмітті үзіп жіберген екен. Батысқа қарай жылжып бара жатқан баланың соңынан әке ұзақ қарап тұрды. “Жеңіспен орал, ұлым!” – деп қолын бұлғап тұрды. Бұл олардың ақырғы рет кездесуі болатын.

Соғыстан кейін туған-туысқандары Қуандық Құсайыновтың қай жерде жерленгенін іздестірумен болды. Ұзақ жылдар бойы іздестірудің арқасында оның жерленген жері сонау Литва жерінен табылды. Ол ұрыс кезінде Капсукас қаласында қаза тапқан жиырма сегіз офицермен бірге жерленіпті. Қазір офицерлер зираты қаланың ортасында. Олардың есімдері жазылған құлпытас қойылған.

Жоламан ШАХАНОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp