«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚАНБҰРЛЫҚТЫҢ ЖЕКЕБАТЫРЫ

Зейнеткерлікке шықса да, туған жердің өсіп-өркендеуіне қолдан келген көмегін аямайтын жандар Қызылжар өңірінде аз емес. Сондай азаматтардың бірі – Айыртау ауданындағы Ақанбұрлық ауылының тумасы Жекебатыр Бәкібаев.

Ақмола облысының Сандықтас ауданымен шектесетін Ақанбұрлық ауылында 80-дей отбасы түтін түтетіп жатыр. Ауызсу тапшылығын сезініп отырса да, табиғаты әсем де құнарлы жерді, жанындағы айдын көл мен көзі бітелуге жақындаған мөлдір бұлақты, ақ қайыңдар орманын мақтан тұтатын Жекебатыр Бәкібаев кіндік қаны тамған ауылдан қоныс аударып, жанға жайлы орынға көшкенді жөн көрмейді. Отбасынан ұшып шыққан 3 қызы көрші Құспек ауылында, жалғыз ұлы Ақтөбе қаласында вахталық әдіспен еңбек етіп жатса да, олардың оралып, қазығын табар жері осы – Ақанбұрлық ауылы деп біледі.

– Балаларды құтты орындарына қондырып, олардан 6 немере сүйіп отырған жайым бар. Осы ауылдың отымен кіріп, күлімен шыққандықтан ба туған жерді әлі күнге дейін қимаймын. Ұзақ жыл отасқан зайыбым Қазира Дастанқызының келмес сапарға аттанғанына да 10 жыл болып қалды. Ата-бабамыз айтқандай, “Көппен көрген – ұлы той” деп жүріп жатқан жайымыз бар, – дейді Жекебатыр Төлегенұлы.

Темір тұлпарды тізгіндеп, 47 жыл механизатор болып еңбек еткен майталман маман ауылда жұмыс қызып жатқан кезде қол қусырып отырғанды өзіне ар санайды. Шаруашылық басшыларының тілегіне орай жыл сайын күрмеуі келмей жатқан жұмысқа қол ұшын береді.

– Ата-анамыздың берген жақсы тәрбиесінің арқасында отбасы мүшелерінің барлығы да еңбекпен біте қайнасып өстік. “Ақан” кеңшарында сауыншы болған немере апамыз Күлән Бәкібаеваның ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағына қол жеткізді. Бүгінгі күні Құспек ауылындағы қызының қолында тұрып жатыр. Өзім де механизаторлықтың жемісін көрдім. Кезінде үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталдым. Жастайымнан жұмыс істеп қалғандықтан, темір тұлпарға қарай бүйрегім бұрады да тұрады. Биыл да егіннің шығымы жақсы болды. Жергілікті басшылар көмек сұрай келгенде, беттерін қайтарған жоқпын. “Джон Дир” жинақтауыш комбайнымен дала басынан қырманға астық тасыдым. Сөйтіп, маңдай термен егілген астықтың ысырапсыз жиналып алуына өз үлесімді қостым. Алдағы Мешін жылы 70 жасқа келсем де, тағы бір рет көктемгі дала жұмыстарына қатысуды ойластырып отырмын, – дейді атына заты сай Жекебатыр ақсақал.

 Нұрсайын ШӘРІП.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp