«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚАН СЕРІНІҢ АТЫ БЕРІЛМЕК

Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың жиырма алтыншы сессиясына қатысушылар жергілікті бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениет, жер қатынастары және басқа да мәселелерді талқылады. Депутаттар жиналысының жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, өңірлік және аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.

Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Наталья Дышкант “Солтүстік Қазақстан облысының 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті туралы” облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №17/1 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде хабарлама жасады. Үстіміздегі қаржылық жылды сапалы аяқтау үшін облыстық бюджеттің кіріс және шығыс бөліктеріне нақтылау жүргізілген. Тұрақты комиссиялардың отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланған соң халық қалаулылары облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бірауыздан қабылдады.

– Үкімет 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіретін болды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысы көтеріледі деген сөз. “Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін”, – деген болатын Елбасы өз Жолдауында. Облыстық мәслихаттың депутаттарының басым бөлігі кәсіпорындардың, ірі агроқұрылымдардың басшылары болып табылады. Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Сондықтан халық қалаулылары Елбасының бұл бастамасына үн қосып, өз ұжымдарында жалақыны көтеру арқылы басқа басшыларға үлгі болуға тиіс, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.

Халық қалаулылары Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымының кейбір мәселелерін талқылады. Соның нәтижесінде тұрғындары көшіп кеткен бірнеше ауыл жабылып, ал елу адамнан аз адам тұратын елді мекендерді басқа ауылдық округтердің құрамына беру туралы шешімнің жобасы мақұлданды.

Өңіріміздегі кейбір білім және мәдениет нысандарына жеке тұлғалардың атын беру жөніндегі ұсыныстар туралы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов хабарлама жасады. Облыстық мәслихаттың депутаттары музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған өнер колледжі – арнаулы мектеп-интернатына КСРО-ның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың, Булаев №4 орта мектебіне қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың, облыстық филармонияға Ақан серінің, №24 орта мектепке Мәті Хұсайыновтың, Новоникольск орта қазақ мектебіне Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконың есімдерін беру туралы ұсынысты Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберу жөніндегі шешімді бірауыздан қабылдады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp