Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиев баспасөз конференциясын өткізіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Бүгінде 15 мыңнан астам тұрғыны бар ауданға 2,1 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Жағымды жаңалықтың бірі – ауданда қиыршық тас пен құм өндіретін 9 тау-кен саласы кәсіпорнының қатарына “Шунгит Добыча” серіктестігі қосылғалы отыр. Жыл соңына дейін аталмыш кен орнында 200 мың текше метр шунгит өндіру көзделген.
– Қазір электр сымдары тартылып, кен орнының маңынан әкімшілік-өндірістік ғимараттар мен жол салынуда. Қоныс аударушыларға, кәсіпорын жұмысшыларына арналған үйлер бой көтеруде. Кәсіпорын шығаратын өнімдер арнайы сауда орталығы арқылы сатылмақ, – деді Қанат Қалиев.
Сонымен қатар аталмыш серіктестік қой және жылқы шаруашылығын да қолға алмақшы. “Береке Ақжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2500 абердин-ангус тұқымды ірі қараға шақталған асылтұқымды мал репродукторын ашпақ. Бұл жұмыс өткен жылдың соңында басталыпты. Кәсіпкер “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша 300 бас мал мен қажетті құрылғыларды сатып алған. Келер жылы серіктестік Айсары ауылдық округінің аумағында тағы 3 мың ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосады. Ал аудандағы “Бекет” фермерлік қожалығы Австриядан симменталь тұқымды 102 сиыр сатып алған. Бұдан бөлек, аудандағы өзге де шаруашылықтарда жұмыс қарқынды жүруде.
Қазір Ақжарда көктемгі егіске дайындық қыза түсті. Биыл 275 мың гектар жерге тұқым себіледі. Алқаптың төрттен бір бөлігіне майлы дақылдар егілмек. Былтыр аудан бойынша ең жоғары шығымдылық гектарынан 29,5 центнерді құраған. Көктемгі егіске қажет 27 мың тонна тұқым дайын. Аудан әкімі оның екі жарым мың тоннасы жаңартылған элиталық тұқым екенін айтты. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 5,2 мың тонна дизель отыны мен техника паркі 100 пайыз әзір. Былтыр шаруашылықтар 130 бірлік техника алса, биыл 2 млрд. теңгеге тағы соншасын сатып алмақшы.
Биыл аудан бойынша 7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның тең жартысы “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынады. Өткен жылы 1 млрд. теңгеден астам қаржы жол жөндеуге бағытталып, 37 шақырым жолдың сапасы жақсарған. Үстіміздегі жылы Дәуіт және Ленинград ауылдарының арасындағы 12 шақырым жол жөнделмек. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша Талшық, Ленинград, Байтұс, Қулыкөл ауылдарының ішіндегі жолдарды жөндеуге 75 млн. теңге бағытталады.
– Аудандағы 21 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Тоғыз ауыл ұңғыманың суын ішіп отыр. Биыл тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін 4 ауылда су тарату желілерін жөндейміз. Бұған 107 млн. теңге жұмсалады. Жаңадан салынатын үйлерге де бірден су тартып беру үшін 42 млн. теңге бөлінді. Ал аудан орталығы тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесін шешу үшін 13 млн. теңге қарастырдық, – деді Қанат Қайыржанұлы.
Бұл ауданда шешілмей отырған мәселелер де аз емес. Мәселен, Талшықта 2018 жылы құрылысы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені әлі күнге дейін іске қосылмаған. Қанат Қалиев бас мердігер жұмысқа атүсті қарап, құрылысы қаңтарылып тұрған кешенді толық салып бітіру жұмыстары жыл соңына дейін атқарылатынын айтты. Бүгінде жауапсыз компанияның ісі сотта қаралуда. “Петро Альянс” серіктестігі де өздері жөндеген мектеп шатырын кепілдік аясында қалпына келтіруге асығар емес. Бестерек орта мектебінің су жаңа шатыры қатты желге шыдас бермепті. Салдарынан 140 оқушы осы күні қашықтан білім алуда. Аудандық білім бөлімі мердігердің үстінен сотқа арыз түсірген.
Баспасөз конференциясы барысында аудан әкімі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы өзгерістерге де тоқталып, алда атқарылатын шаруаларды саралады.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.