«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЖАРДА ЕҢБЕКАҚЫ АЗ, ал Уәлиханов ауданында ауызсусыз отырған ауыл бар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Ақжар және Уәлиханов аудандарында болып, ондағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жай-күйімен, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Өңір басшысы қос аудан әкімдерінің тұрғындар алдындағы есепті кездесулеріне қатысты және жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау өткізді.

Ақжар ауданында жалпы өнім көлемі былтырғы жылы 17 миллиард теңгеден асқан. Экономикалық өсім 2,7 пайызға жетіпті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 13,5 миллиард теңгені құрапты. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық.

–Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің орташа еңбекақы– 53 мың 600 теңге, бұл облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш. Оны осы жылы өңірдегі орташа еңбекақымен теңестіретін боламыз. Ал мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік ”Сыбаға”, “ Алтын асық”, “Құлан” бағдарламалары 100 пайызға орындалды,– деді өз сөзінде ауданның жуырда тағайындалған әкімі Серікбай Тұралинов.

Есепті кездесу барысында ақжарлық кәсіпкерлер ауданның жолдарын жөндеу мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

Жиыннан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудан орталығындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-жапсарымен танысты. Аймақ басшысының назарына іліккен алғашқы мекеме – орталық аурухана. Ол 93 адамға шақталған. Жанындағы емхана күніне 200 науқасты қабылдауға қауқарлы.

Ерік Сұлтанов Талшық орта мектебіне қарасты интернатқа да ат басын бұрды. Онда ауданның шалғай ауылдарынан келіп оқитын 26 оқушы бар. Олар бос уақытты тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Би, сурет үйірмелері жұмыс істейді.

Бұдан соң облыс әкімінің жұмыс сапары Уәлиханов ауданында жалғасты. Ерік Хамзаұлы мұнда алдымен аудан орталығы – Кішкенекөл ауылындағы № 2 мектеп-интернаттың жағдайымен танысты. Мекеменің білім беру сапасы, материалдық-техникалық базасын көріп шығысымен өңір басшысы ұжымға теледидар мен “Отау ТВ” қондырғысын тарту етті.

Кішкенекөлде салынып жатқан мұз айдыны да өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Ерік Хамзаұлы ондағы жұмыс қарқынын байқап, аудан әкіміне нысанды кешіктірмей іске қосуды тапсырды. Уәлихановтық спортшылармен жүздескен облыс әкімі оларға хоккей жабдықтарын тарту етіп, жарыстарда сәттілік тіледі.

Облыс әкімі аудандық орталық аурухана ұжымымен де кездесті. Медициналық мекеме 75 адамға шақталған. Күніне 250 адамды қабылдай алады. Ерік Хамзаұлы емхана ішін аралап, хирургия, терапия бөлімдерінің техникалық базасымен танысты. Содан кейін өңір басшысы аудан әкімі Аман Төрегелдиннің есепті кездесуіне қатысты.

– Егістік алқабымыздың көлемі 230 мың гектарды құрайды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға артық. Сондай-ақ былтыр агроқұрылымдар 875 млн теңгеге 38 жаңа ауылшаруашылығы техникасын сатып алды. Қара мал саны 2,8 пайызға артты,– деді өз баяндамасында аудан әкімі .

“Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасының арқасында 14 миллард 95 миллион теңгеге жуық қаражатқа баспана тұрғызылыпты. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 2,9 есеге артық.

“Жұмыспен қамту- 2020” бағдарламасы шеңберінде ауданда 9 тұрғын үй бой көтерсе, тағы 5 баспана түрлі мекемелердің өз қаражаттарына салыныпты.

Өткен жылы ауданның жолдарын жөндеуге – 491 миллион, Қайрат ауылына жарық тарту үшін 2 миллион 400 мың теңге жұмсалса, 8 елді мекен интернет жүйесіне қосылған. “Ақ бұлақ” бағдарламасының арқасында 16 мың 390 тұрғын таза ауыз сумен қамтылыпты. Бұл аудан тұрғындарының 95 пайызын құрайды. Десе де Қаратерек ауылы әлі күнге дейін ауызсусыз отыр. Бұл мақсатқа жалпы құны 4 миллион теңге болатын жобалау-сметалық құжат әзірленіпті. Жұмыс қар кетісімен қолға алынбақ.

Аудан әкімі Аман Төрегелдиннің есебін тыңдаған өңір басшысы жергілікті мәселелерді шешу жолында мұндай кездесулердің маңызды екендігін айтты. Сондай-ақ, Ерік Сұлтанов уәлихановтықтарды облыстың жалпы жағдайынан құлағдар етті.

Өз кезегінде сөз алған тұрғындар көшелерге жарық, су тарту, жолдарды жөндеу, оқушыларды тасымалдауға автобус бөлу, электр қуатының бағасын арзандатуға қатысты сауалдарды ортаға салды. Ерік Сұлтанов бұл мәселелерді шешуді аудан әкімі Аман Төрегелдинге міндеттеді. Ал, жарық тарифін арзандату – уақыт еншісіндегі мәселе.

Жиыннан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Фариза ЖАЗИТОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp