“Рухани жаңғыру” қоғамдық даму институтының қолдауымен мектеп оқушыларының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, тарих, география, астрономия пәндері бойынша білімдерін жетілдіру, ізденімпаздыққа баулу, сонымен қатар жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында “Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?” атты республикалық байқау ұйымдастырылды. Аталған шараға қатысушылар Білім және ғылым министрлігі ұсынған “Сиқырлы жұлдызша”, “Атамекен сиқырлы елiнiң аңыздары”, “Сиқырлы қазғыш-таяқша”, “Қазақстан еліне сиқырлы саяхат” атты кітаптарды мұқият оқыды. Аудандық турдан сүрінбей өткен сегіз топ облыстық бәсекеде сынға түсті.
Байқау елдегі пандемияға байланысты онлайн форматта өтті. Бірінші айналымда командалар өздерін таныстырды. Бұл бөлімде әр команда топ атауын, ұранын, эмблемасын және туған өлкесi туралы бейнекөрсетілім ұсынды. Екінші айналымда ұйымдастырушылардан келген 30 сұрақтың әрқайсысына 10 секундтың ішінде жауап беру міндеттелді. Бұл жерде қатысушылардың алғырлығы мен шапшаңдығы байқалып, әрбір дұрыс жауап үшін бір ұпаймен қоржындарын толтырып отырды.
Сегіз топтың ішінен жеңімпаздарды анықтау оңай болған жоқ. Мамлют ауданының “Қос-Ағаш” командасы “Супер оқырман”, Мағжан Жұмабаев ауданының “Мағжаншылар” тобы “Бiлiмқұмар оқырман”, петропавлдық “Жас әскер” командасы “Креативтi тұсаукесер” аталымдарына ие болды. Жүлделi екінші орынды Жамбыл ауданының “Қырандар” және Қызылжар ауданының “Лидер” командалары алды. Үшінші орын Тимирязев ауданының “Отансүйгiш” және Шал ақын ауданының “Патриоттар” ұжымдарына бұйырды. Ақжар ауданының “Бөрiлi байрақ” командасы жеңімпаз атанды. Бұл топқа үлкен міндет жүктеліп отыр, олар алдағы уақытта облыс намысын қорғайтын болады.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.