Кемел ой-мұратын, кемеңгерлік сипатын әлем жұртшылығы таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев егемен мемлекетіміздің өміріндегі жаңа белеске мазмұны жарқын, айтқаны айқын “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” мақаласымен аяқ басып отырғанымызды айғақтады. Осындай аса мазмұнды, еліміздің бүгінінен болашағына дейін алатын асуымызды, жүретін жолымызды айнытпай нұсқап беретін тұжырымдамаларына көзіміз үйреніп, қанық болған жылдағы дәстүрмен бұл мақаланы да мұқият оқып шыққан соң Елбасының кемелдігіне сүйсінгенімді жасырғым келмейді. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың Стратегиялық бағдарламаларының, Жолдауларының, тұжырымдамаларының ажырамайтын тұтастығын, мақсат бірлігін, баяндылығын атап айтар едім.
Елбасымыз жаһан жұртшылығының назарын аударған бұл саяси мақаласында биылғы жылдың алғашқы күнінен бастап “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанына назарымызды аударды. Мақалада ел тұрмысындағы ең өзекті деген мақсаттардың ұсынылып отырғаны аян. Мысалы, мемлекетті кәсібилендіру мәселесін Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрын да көтергені жадымызда. Бұл ретте “Мемлекеттік қызмет туралы” заңның негізінде қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алғанын жеткізді. Оның жаңартылған моделін Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік жүзеге асырып, соның құрылымындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы осы жегіқұрттың қоғамдық індетін таратпайтын әсерлі күшке айналмақ. Мемлекеттік қызметтің анық жеті жүйесі атап көрсетіліп, осылар арқылы оның жаңғыртылатыны белгілі болып отыр.
Ендігі бір зердеге түйетініміз – аталған мақалада еліміздің зиялы жұртшылығы, етін еңбекпен ауыртып жүрген адал азаматтары және барша ізгі жұртшылығы көңіліне түйіп отырған жаңалықтардың алға тартылуы. Осы ыңғайда екінші реформа – құқық және заңдылық жүйесіндегі қолға алынған өзгерістер. Мақаланы зерделеп оқыған азаматтар бұл реформаны бүкіл өне бойынан өткізіп, қанағаттанғандықпен қабылдайды деп ойлаймын. Президент мақаласы жарияланғаннан кейін-ақ әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары лезде оған назар аударғаны және де жаһанның ең таңдаулы саясаткерлері аса жоғары баға бере бастағаны көңілімді көтере түсті.
Бұл мақалада көтерілген мәселелер жүзеге асып, игілігін еліміз көретін күн арман емес, ақиқат боларына сенімдімін. Өзінің туған Отанының әлемнің ең озық отыз елінің бірі болуына қолы жетуін ойлайтын, сол мақсат жолында барлық күш-жігерін, рухани қайратын кәдеге асыра алатын, өмірлік іс-тәжірибесін жұмсай алатын адам осыған қадари-халінше үлесін қосуы керек.
Еліміздегі сүттей ұйыған тұрмыс, Қазақстан халқы Ассамблеясының шуақты қанатының астына біріккен тілегі мен жүрегі ортақ этностар – мемлекетіміздің байлығы. Қазақстан халқы Ассамблеясын біртұтас ұлы күшке айналдырғаны үшін Елбасымызға еліміздегі барша этностардың алғысы шексіз.
Өзім жайлы айтар болсам, мен Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесіне басшылық етемін. Азды-көпті өмірлік тәжірибем бар адаммын. Қазіргі уақытта аудандық кеңесіміз 1700-ден аса ардагердің басын қосып отыр.
Майдангерлеріміздің мұқтаждарын аяқсыз қалдырмай, қолдан келгенше атаулы жәрдем жасауды парыз санаймыз. Қарттар күніне орай оларды отын-сумен, малдарын жемазықпен қамтамасыз ету үшін ауданның ірі шаруашылықтарын, ұйымдарын, кәсіпкерлері мен іскер азаматтарын тартып, көмек көрсеттік. Бұл жыл сайынғы дәстүрлі ісімізге айналған.
Жаңа жыл қарсаңында аудандық мәслихаттың хатшысы Сабыр Мұстафинмен бірге соғыс ардагерлерінің отбасыларына барып құттықтап, ризашылықтарын алып қайттық. Ауданның округтерінде барлық ардагерлердің назардан тыс қалмауын ескертіп, олардың басшыларымен үнемі хабарласып тұру – менің әдеттегі ісім.
Таяуда ғана аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, қатысушылар маған тағы да сенім көрсеткенін өзімнің ісіме берілген баға десем, артық айтқаным емес шығар. Соған қоса, бұл сенім маған артып отырған үлкен жауапкершілік екенін де түсінемін.
Жас ұрпаққа өмірлік өнеге көрсетіп жүрген қарттарымыз осы басқосуда сөйлеген сөздерінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа бүкілхалықтық сенім көрсетілгенін асқан ризашылықпен атап өтті. Өмірдің ыстық-суығын қатар кешкен ардагерлер Елбасымызды бейбіт тұрмыстың, бақытты болашақтың кепілі деп біледі.
Биыл – Тәуелсіздігіміздің мерейтойы жылы. Оның егемен еліміздің көк байрағын желбіреткеніне ширек ғасыр толады. Тәуелсіздігіміз – Мәңгілік Еліміздің мызғымас тірегі. Ал Ұлт жоспары – ақиқатқа айналатын арман!
Ғазез ШАЯХМЕТОВ,
Тимирязев аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.