Таяуда үш сағатқа жуық болған бір жиыннан шаршап шықтым. Үш сағатта есте қалатын үш ауыз сөз айтылмады. Салық Зиманов есіме түсті. Бұл кісі қай жерде сөйлейді, кездесу өткізеді десе, күйіп тұрған шаруаның өзін кейінге ысырып тастап баратын едім. Өйткені, оның аузынан шыққан сөз дуалы, айтылған дерек, дәйек құнды. Ондай жиынға бармай қалуды өмірбойғы өкінішке балауға болады.
Шешеннің аты – шешен, білімдінің аты – білімді. Тіпті, бір үйлену тойында бұл кісі махаббат туралы сөйлегенде алды бұлғақтай бастаған жастардың жым-жырт тыңдағанының да куәсі болған едік.
Ал енді, қазір сол Зимановтай тұлға жоқ деуге болмас. Оған жетеғабыл білім, ақыл-ой иесі бола тұра, ойындағысын айтпай, жиналыстарға ермек үшін баратындары да бар ғой. Ал сол жиналысқа қатысатын білуге құмар адамдар солардың сөйлегенін қалап отыратыны да және рас.
Тағы бір жиын еске түсіп отыр. Асығыс едім. Жіпсіз байландым. Себебі, Амангелді Айталыны тыңдағым келді. Басқаларының не айтатынын шамалап отырмын. Тыңдадым. Баратын жеріме кешіккеніме еш өкінген жоқпын.
Айтпағым не? Қоғамдағы аса толғақты мәселелерді қозғайтын жиындарға осындай тұлғалар шетқақпай етілмей, жиі қатысса, көп мәселе шешімін табар еді. Шешімін таппаса да елдің көкейіндегі сұраққа жауап беріліп, көңілі тыншыр еді. Ұлт, ел мүддесіне арналған жиынға шын мәніндегі ұлт қайраткерлері, үлкен интеллектуалдар (“дежуршалдар” емес – А.Айталы) қатысуы керек. Сонда ғана ақиқат айтылып қалады.
Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
жазушы, “Алматы ақшамы” газетінің бас редакторы.
(“Алматы ақшамы” газеті,
2015 жылғы 9 қыркүйек).
