“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның салымшысы өз қаржысын қалай бақылай алады?
Әсем Қуанышева,
Аққайың ауданының тұрғыны.
Оқырман сауалына “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан филиалының салымшылармен жұмыс бөлімінің бастығы Данияр Маекенов жауап береді:
– Әрбір салымшы кез келген күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтары туралы ақпараттарды ала алады. Жиналған сома мен инвестициялық табыс егжей-тегжейлі көрсетіледі. Қазақстан бойынша аталмыш қордың 236 бөлімшесі бар. Қор сайты арқылы “Интернет-үзінді көшірме” бөлімінен де қажетті ақпараттар алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, жинақталған қаржыны жүйенің смартфондар мен планшеттерге арналған “ENPF” ұялы қосымшасы арқылы бақылауға болады. 2016 жылғы 1 тамызда ұялы қосымша жүктеп алу үдерісі 311,8 мыңға жетті.
Қордың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат (инвестициялық табыс ескерілген) беру қызметі іске қосылған 2015 жылдан бері үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін “Электронды үкімет” порталы арқылы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарынан 323 мыңнан астам үзінді көшірме берілген.
Сөздің ретіне қарай айта кетсек, қордың (2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша) зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 6,41 трлн. теңгені құрады. Шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шотының саны 10,10 миллионнан асты. Биылғы таза инвестициялық табыс сомасы – 393,26 млрд. теңге. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 320,73 млрд. теңге болған, яғни биыл 72,53 млрд. теңгеге артық.