Облыстық халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының жанында ақсақалдар алқасы жұмыс істейтінін жұртшылық жақсы біледі. Бірақ оның атқарып отырған қызметі жайлы оншалықты құлағдар емес. Алқа төрағасы Болат Сағындықовқа жолығып, қоғамдық ұйымның жұмысы жайлы сұраған едік.
– Өздеріңіз қолға алған қандай маңызды жұмысты айта аласыз?
– Алдымен мемлекеттік тіл – ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, өркенін өсіруді мақсат тұттық. Ол үшін облыс орталығында қазақ тілі анықтама бюросын ұйымдастырып, біраз уақыт ана тіліне сұранысты зерттедік. Біздің кезекшілікке қойылған ардагер педагогтер арнайы телефон арқылы кімдердің қандай сұрақтармен хабарласқандарын тіркеп, жазып отырды. Көптеген қоңырау шалушылардың жекелеген сөздердің аудармасын сұрап, мазамызды алғанын да жасырмаймын. Сөйте тұра, тіл мәселесіне шын жанашырлық танытып, өздерінің ой-пікірлерін білдіргендер де аз болған жоқ.
– Бұларыңыз, былай алып қарағанда, аудармашылық қызметке ұқсайды екен.
– Бұл қызметімізде мұндай сипаттың сезілгенін жоққа шығара алмаймыз. Қайсыбіреулердің біздің мамандарды аудармашы ретінде пайдаланғандары да болды. Бірақ қалай дегенде де бұл шарада жоғалтқанымыздан гөрі ұтқанымыз көп қой деп ойлаймын. Мысалы, мемлекет тарапынан да қыруар іс-шаралар атқарылып отырғанымен, тілдің даму қарқынының баяу екені белгілі. Мемлекеттік қызметшілерге жиырма жылдан астам тіл үйрету сабақтары жүргізілуде, ал оның ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесі сезілмейді. Жүргізген зерттеулеріміз арқылы біз соның астарына үңілдік, негізгі себебі үйретушілердің құлықсыздығы, ұқыпсыздығы және оның нәтижелігіне мекеме басшыларының тарапынан талаптың жоқтығы екенін білдік. Осылайша, қызметінің қажеттілігін танытқан анықтама бюромызды тіл үйрету орталығы өз бюджетіне енгізіп, біраз жыл бірлесіп жұмыс жүргіздік.
– Еліміздің жас өрендеріне тәлім-тәрбие берудегі ақсақалдар алқасының рөлі мен осы бағытта жүргізіп отырған жұмыстары жайлы не айтарыңыз бар?
– Аға ұрпақ еліне еңбек етіп, оның экономикалық іргетасын қалауға өз үлестерін қосты. Сөйте тұра, қол қусырып қарап отырмай, жас ұрпаққа тәрбие беруді парызым деп біледі. Шыны керек, тәлім-тәрбие мәселесінің дәл қазірдің өзінде айтарлықтай ақсап тұрғаны құпия емес. Ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың кеңес идеологиясының көлеңкесінде қалып, ұрпағымыздың еншісіне тимегені рас. Осы олқылық бүгінде бәріміздің бас ауруымызға айналып отыр. Жастарымыздың қисынсыз қылықтары, одағай сөздері, әдепсіз тәртіптері, ұятарды, намысты саналарына сіңірмегені қынжылтады. Айта берсек, сөз көп, бірақ істің жайы мен мәні бәрімізге түсінікті ғой.
Әрине, не істеуіміз керек деген сұрақ туындайды. “Тәрбие – тал бесікте” десек, сол бесікті тербететін ана мен әженің тұрмыс жағдайы, ой-өрісінің дәрежесі қандай? Ойсыраған осал жайымызды айтып қана қоймай, ізгілікті істерді кейінге қалдырмай, қолға алу – қоғамның, соның ішінде, әрине, аға ұрпақтың басты міндеті. Осы жайтты ескеріп, ақылдаса келе, ақсақалдар алқасы өткен жылы “Қариялар” тәрбие мектебін ұйымдастырдық. Бастамамызды облыстық әкімдіктің ішкі саясат, білім беру, мәдениет және тілдерді дамыту басқармалары бірден қолдады және өздері де араласты. Тәрбие жұмыстарының әдістемесін, бағдарламасын мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларымен бірлесе дайындап, “дөңгелек үстел” басында бекіттік. Ресми түрде мектептің ашылу рәсімін өткіздік.
Тәрбие жұмыстарымен айналысатын қала мектептерінің тәжірибелі ардагер ұстаздары, зиялы аға буын азаматтар – барлығы отызға жуық тәрбие сабағын жүргізді. Шәкірттердің оны ынталы көңілмен тыңдағандары ұстаздарға ұнады, бұл игі істі жалғастыруды және басқа да аудандарға, ауыл мектептеріне, арнаулы орта және жоғары оқу орындарына таратқанды дұрыс деп шешті.
– Болат Мағазұлы, ақсақалдар алқасының және жеке өзіңіз басқаратын қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыру қорының өңірімізде маңызы зор өте ауқымды жұмыс жүргізгенін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Қысқаша осы жайында айтып, әңгімемізге нүкте қойсаңыз.
– Әсірелеп айтасыз ғой, әйтпесе бұл бір адамның қолынан келе қоятын шаруа емес. Ақсақалдар алқасының нағыз белсенді ісі осында көрініс тапты. Олардың қатысуымен жазықсыз құрбандардың қысқаша мағлұматтары бар екі томдық анықтамасы және бір жарым мың данамен “Ақталған есімдер” атты кітап шығарылып, облыс орталығындағы сталиндік тоталитарлық режімнің құрбандарына арналған мемориалдық қабырғадағы есімдер жыл сайын толыға түсуде. Осы игі істердің басы-қасында болып, оған шын ниеттерімен белсенді түрде үлес қосқан ақсақалдардың есімдерін атамау әділдікке жата қоймас. Олардың қатарында Зейнолла қажы Олжабаев, Таңат Сүгірбаев, Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев және тағы басқа қарттар бар. Меніңше, атқарылған істерді айғайлатып, шулатып жарнамалаудың еш қажеті жоқ. Ақсақалдарымыз оны біреудің тапсырысы бойынша емес, өз жүрек қалаулары бойынша атқарады және әрдайым өз міндеттеріне адал болып қала береді.
Сұхбаттасқан
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.