М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де академик Ғазез Тәшеновтің 90 жылдығына орай “Жаратылыстану және ауыл шаруашылығы саласындағы ғылым мен білім берудің көкейкестімәселелері” атты VII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тумасы Ғазез Тәшенұлы біздің өңірдің атын әлемге әйгілі еткен ғалым десек, артық айтқандығымыз емес. Ол Қазақ ғылым академиясында көп жылдар бойы биология-медицина саласының академик-хатшысы ретінде абыройлы еңбек етіп, КСРО Ғылым академиясындағы әріптестерінің ортасында да зор беделге ие болды. Жерлесіміз жоғары дәрежедегі біліктілігімен, ғылыми қызметіндегі мақсатқа беріктігімен, ізденімпаздығымен көзге түсіп, еңбектері халықаралық зерттеу ұжымдарында пайдаланылды. Бүгінде академиктің 250 ғылыми жұмысы, соның ішінде 4 монографиясы, ағылшын, неміс, чех тілдерінде жарық көрген 20 жұмысы Ресей, Польша, Беларусь мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылуда. Ғалымның көпке танымал ауылшаруашылығы малдарының жем-азығына табиғи және синтетикалық қоспаларды пайдалану бойынша әдістемелік нұсқаулығы бірнеше марапатқа ие болған. Сонымен қатар Ғазез Тәшенұлының хирургия саласындағы жетістіктері аз емес. Ол малдың ас қорыту органдарының жұмысын зерттеуге орай ота жасаудың 20 әдісін ойлап тапты. Әйгілі физиолог ретінде қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларында мал басын сақтап қалу жолдарын анықтады.
Конференция барысында Ғазез Тәшенұлының қызы ЛәйлаТәшенова әкесінің өмірде қандай адам болғандығымен бөлісті. “Әкем– кішкентай кезінен тағдыр тауқыметін көрген жан. 8 жасында әкесінен, 14 жасында анасынан айырылып, өзінен алты жас кіші інісі екеуі жападан жалғыз қалды. Әкем балалық шағынан қара жұмысқа жегілді. Еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында өмірдің талай сынынан сүрінбей өтіп, абыройлы азамат, білікті басшы бола білді”, – деді ЛәйлаҒазезқызы. Конференция барысында жерлесіміздің 80 жылдығына орай түсірілген деректі фильм көрсетіліп, одан Ғазез ағамыздың жаны жайсаң, мейірімді жан болғандығын ұғындық. Өр тұлғалы жерлесіміз көптеген қиындықтардың салдарынан сәби күніндегі дәрігер болу арманымен қоштасқанымен, екі ұлы мен қызының медицина саласын таңдауына түрткі болды. Бүгінде оның ұлы Дәулен Тәшенов елімізге танымал дәрігер, ал қызы ЛәйлаТәшенова – Алматы гастроэнтерология институтының директоры. Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің профессоры Сергей Соловьевтің айтуынша, Ғазез Тәшеновтің көптеген ғылыми еңбектері Ресей елінің бірқатар жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылады. “Көптеген танымал академиктердің аузынан қазақтың біртуар азаматы Ғазез Тәшенов жайында талай рет естіп едім. Оның 90 жылдығына орай өткізілетін кешке шақырылғанымды естігенде, қатты қуандым. Қазақ елін әлемге танытқан, қарапайымдылығымен, адамгершілігімен өз ортасына сыйлы болған азаматтың тындырған әр ісі ғылымда үлкен жаңалық болып қабылданды. Сіздер осындай танымал тұлғаларыңызбен мақтануға тиістісіздер”, – деді ресейлік профессор.
Конференциядан соң СҚМУ-дің биология факультетінде Ғазез Тәшенов атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті. Жерлесімізге арналған шара академиктен дәріс алған университет оқытушылары Сәуле Базарбаева мен Әйгерім Нұсыпованың ұйымдастыруымен студенттер дайындаған әдеби-сазды кешпен тамамдалды.