Өзім жақсы танитын Есіл ауданындағы Еңбек ауылының тумасы Оразбек Ақтаев Қызылжар ауданының орталығында құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығаратын зауыт ашып жатыр дегенді дер кезінде естісем де, аты дардай кәсіпорынға жас жігіттің шамасы келе ме деген сыңаймен аса мән бере қоймаған едім. Содан бері бес жыл өткенде: “Не де болса, барып көрейін”, – деген қызығушылық мені Бескөл ауылына алып келді…
ШАҒЫН ЦЕХТАН
ЗАУЫТҚА ДЕЙІН…
Жаңа кәсіпорын аудан орталығындағы бірден-бір мемлекеттік тілде білім-тәрбие беретін оқу орны – “Парасат” мектебінің оң қапталында, дәлірек айтсақ, Спортивная, 15 А көшесі мекенжайында, бұрынғы механикалық қырманның қойма ғимараттарында орналасқан екен.
– Біз бір отбасынан тараған 9 баламыз: 5 ұл, 4 қыз. Есіл ауданындағы Еңбек ауылында тусақ та, отбасымыздың қоныс аударуына байланысты Явленкада орысша білім алдық. Мүмкіндігінше әртүрлі мамандықтарға қол жеткіздік. Бірақ елден, облыс орталығынан жұмыс табудың реті келмеді. Оның үстіне барған жерден баспана табу да оңайға түспейтін. Үлкен апамыз Айнагүлдің басшылығымен ересектеріміз елордасы Астанаға барып, заман ағымына орай кәсіпкерлікке ден қоя бастадық. Бәріміздің жұмыла жұмыс істеуіміздің арқасында жеке үй салып алдық. Алғашында ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарымен айналыса жүріп, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтармен сауда жасайтын дүкен аштық. Қазір сондай сауда орнымыз Алматы қаласында да бар. Қазір олар фирмалық сауда орындарына айналып отыр. Оған қажетті тауарларды Қытайдан, Ресейден тасымалдайтынбыз. Құрылыс қарқынды дами бастаған сайын біздің тауарларымызға деген сұраныс та арта түсті. Қалай десек те, біздікі алыпсатарлық қана еді. Осының өзін бизнес көзіне айналдырғанымызбен, дайын тауарларды саудалаумен алысқа бара алмайтынымызды жақсы түсіндік. Сондықтан “Осы құрал-жабдықтарды неге өзіміз шығармаймыз?” деген ой көкейге сол кезде қонған еді, – дейді Оразбек Наурызбайұлы.
Астанада тұрса да, ел жақтағы туыстарына жиі ат басын бұрып жүретін Ақтаевтар ақылдаса келіп, кәсіпорын ашуға бел шеше кіріседі. 2007 жылы “DostarNew” ЖШС-ін құрған ағайындылар Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылынан қаңырап бос тұрған ангарды жалға алып, болашақ кәсіпорынның негізін қалайды. Шынын айтқанда, ол 3 жұмысшысы мен 1 басшысы бар шағын цех қана еді.
– Ол өзіміздің Қызылжар өңірінде құрылыстың қарқынды дами бастаған кезі еді ғой. Тұрғын үйлер салумен, оларды әрлеумен айналысатын бригадалар ғана емес, экономикалық тоқырау жылдары құрып кеткен жылжымалы алып крандар түгілі, автокрандардың өзін шетелден сатып алып жатқан компаниялар құрал-жабдықтарға өте-мөте мұқтаж болатын. Соны байқай келе, біз өз жұмысымызды 2 дәнекерлеуші және 1 металжонғышпен БМ-320 үлгісіндегі бетонараластырғыш жасаудан бастадық, – дейді Оразбек Ақтаев.
“БЭМЗ” ЖШС ОСЫЛАЙ
ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Оразбек Наурызбайұлының айтуына қарағанда, Подгорное ауылындағы ангар жаңа кәсіпорынды кеңейтуге, өндіріс орнын қажетті мамандармен қамтамасыз етуге қолайлы бола қоймаған көрінеді. Сондықтан, Қызылжар ауданының орталығынан зауытқа лайықты қоныс іздеген. Қазіргі орын – бір кездері “Солтүстік мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” қарамағында болған бұрынғы “Тәжірибе шаруашылығы” кеңшарының механикалық қырманындағы екі қойма ғимараты. Соны аудандық әкімдіктіктің қолдауымен сатып алған. Жаңа орында Бескөл эксперименттік механика зауыты осылай дүниеге келді. Бұл күні оның атауын қысқартып, “БЭМЗ” ЖШС деп атайды.
Бірінші ғимаратқа жапсарлас кеңсе үйі салыныпты. Қабырғасы қызыл кірпіштерден қаланған екі қойма ғимараты өндіріс цехтары болып жабдықталған. Оларға бұрғылайтын, металл жонатын, темір шабатын, қаңылтыр табағын иетін, фрезерлік жұмыстар атқаратын, барлығы 7 түрлі станок орнатылыпты. Екі ғимараттың арасы алдағы уақытта дайын бұйымдар сақтайтын қоймаға айналдырылмақ. Соған орай екі аралыққа биік темір бағандар орнатылыпты. Енді олар жылжымалы көтергіш кранмен жабдықталмақ. Қабырғасын қалау, төбесін жабу жұмыстары да зауыттың өз күшімен атқарылмақ. Оған зауыттың өз өнімдері пайдаланылмақ.
– Алғашқы өнімімізді 3 жұмысшымен бастасақ, қазір бізде 70-тен астам адам еңбек етеді. Олар Бескөл ауылынан ғана емес, Подгорное, Бәйтерек елді мекендерінен, тіпті, Петропавл қаласынан келіп істейтіндер де бар. Мен өзім өткен жылға дейін зауытты Астанадан басқарып келсем, енді туған жеріме түбегейлі қоныс аударып отырмын. Бір сөзбен айтқанда, бескөлдік боламын. Мысалы, Миннахмет Гайфуллин, Айдар Байғожин серіктестік құрылғаннан бері темір шебері, дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүр. Әлібек Мұхамадиев, Юрий Ермаков, Александр Новиков сынды конструкторларымыз зауыттың жаңа өнімдерін ғылыми тұрғыда құрастырып, өндіріске енгізеді. Зауыт әкімшілігі болашағынан зор үміт күтетін кәсіби жас мамандармен қамтамасыз етілген, – дейді Оразбек Наурызбайұлы.
ҚҰРЫЛЫС БИЗНЕСІНЕ
САПАЛЫ ӨНІМ
Бүгінгі күні өндірістік имараттарда станоктар, дәнекерлеу, металл құю және бояу цехтары орналасқан. Зауытта электр қуатымен жұмыс істейтін сыйымдылығына қарай төрт түрлі “Гарант” бетонараластырғышы, екі білікті “БСП-075”, “БСП-1300” бетонараластырғышы, тіректі, аспалы кран-балкалар, пионер краны, әрлеу станциясы, “КЭВ”, “СФО” үлгісінде 9 түрлі электркалорифер, ерітінді араластырғыштар, бетон зауыты, барлығы 20-дан астам құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығарылады. Тауарлардың барлығына сынау хаттамасы бойынша “Сапа интерсистем” ЖШС-нің сәйкестік сертификаты берілген. Бұл құжат Кеден одағы арқылы шетел нарығына шығуға да мүмкіндік береді.
– Зауыт құрылғаннан бері АТФ банкінің несиелік қаржысын пайдаланамыз. Өніміміздің 85 пайызы өз өндіріс орнымызда жасалады. Металл мен электр моторларды ғана сырттан сатып аламыз. Жаңа технологияларды енгізу, өндірілген өнімнің сапасын үнемі арттырып отыру, тапсырыс берушілермен жасалған келісімді дер кезінде орындау, компания қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін тиімді пайдалану – біздің басты міндетіміз. Осы тұрғыда жұмыс істеп келеміз. Серіктестікте шығарылған құрал-жабдықтарды өткізумен айналысатын арнайы бөліміміз бар. Әлихан Ахматов, Арман Менжесаров осы салаға маманданған, – дейді серіктестіктің басшысы Оразбек Ақтаев.
Осынау құрал-жабдықтарды Қызылжар өңірінің құрылысшылары ғана пайдаланбайды. Оның географиясы аз уақыттың ішінде “АрселорМитталТеміртау” АҚ, “Астана Қала Құрылыс”, “Павлодар-Теплоэнерго-Ремонт”,“Центрказэнергомонтаж”, “АЗИЯТЕХКОМПЛЕКТ”, “Главстройснаб-НС” ЖШС-лері, “Ақмоластрой” корпорациясы сияқты 20-дан астам өндіріс орындарымен толыға түскенін байқауға болады. Яғни, Бескөл ауылында шығарылып жатқан өнімдерге тұтынушылар тарапынан сұраныс бар. Оған ұсынылатын өнімдер бағасының оңтайлылығы, әлеуетті тапсырыс берушілермен жедел жұмыс жүргізу, өндірілген құрал-жабдықтардың жоғары сапалылығы, компания қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі әсер етуде.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.