
Петропавлдық “Құлагер” хоккей командасы сырт алаңда «Ақтөбе» хоккей клубынан басым түсті.
Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында өткен бұл матчтың алғашқы кезеңі алма-кезек шабуылдармен басталды. Өткір шабуылдардың бірінде құлагерліктер есеп ашты. Голдың авторы – Михаил Попов. Кейін ақтөбеліктер 2-ші кезеңде есепті теңестіре алды. Ал ойынның аяқталуына 7 минут қалғанда ақтөбеліктердің қақпасынан саңылау таба білген Евгений Попитич өз командасына жеңіс сыйлады. Есеп – 1:2. Екінші күнгі қарымта кездесу де жерлестеріміздің жеңісімен аяқталды. Бұл жолы Федор Хорошев пен Евгений Попитич мергендігік танытты. Негізгі уақыт 2:2, яғни тең нәтижемен аяқталғаннан кейін булиттер сериясында матч жеңімпазы аяталды. Есеп – 2:3. Қазіргі уақытта қоржынында бар-жоғы 23 ұпайы бар құлагерліктер турнир кестесінде тоғызыншы орында келеді. Ал біріншілікте көш бастап тұрған “Арлан” клубының еншісінде 56 ұпай. Енді жерлестеріміз 15-16 қараша күндері өз мұз айдынында “Алматы ” клубын қабылдайды.