«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚХАЛАТТЫЛАР АРАША СҰРАЙДЫ

Медицина қызметкерлері – адам өмірін ажалдан арашалап қалу жолында күн-түн демей еңбек ететін жандар. Бірақ соңғы жылдары елімізде дәрігерлерге, медбикелерге қол көтеру, қорлау, қысым көрсету фактілері жиілеп барады. Ақха­латты абзал жандарға жасалған мұндай әрекет­тер қоғамда резонанс тудырып, халық арасында қызу талқыға түсуде.

Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, 2019 жыл­дан бастап Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мед­бикелерге және басқа да медицина қызметкерлеріне 170- тен астам шабуыл жасалған.

«Дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау ор­гандарының қызметкерлеріне қарсы көрсетілген қол сұғу­шылыққа теңестіруді, сондай-ақ смарт бейнежетондарды, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізуді және қа­былдау бөлімшелерінде тәулік бойы полиция бекеттерін орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулер әзірленуде», – деген болатын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкімет отырысында.

Биылғы жазда Қостанай об­лыстық ауруханасында науқас­қа күрделі ота жасап шыққан хирургке бейтаныс адамның жұдырық ала жүгіргені әлеуметтік желіде желдей тарады. Зардап шеккен дәрігер – уро­лог-хирург Антон Кистанов. Ол қабылдау бөлмесіне келген сәт­те пациент кезектің ұзақтығына шағымданып, дәрігерді ауыр соққыға жыққан. Салдарынан дәрігер есінен танып қалған. Миы шайқалып, бас сүйегі сынған оны мамандар санитар­лық авиациямен Астанаға жеткізіпті. Кейін ол емханадан шығарылып, амбулаторлық ем тағайындалды. Ал ақхалаттыға шабуыл жасаған 34 жастағы тұрғын сот шешімімен екі айға қамауға алынған. Қарағанды облысында екі бірдей медицина қызметкеріне жасалған шабуыл да көпке дейін халықтың аузы­нан түскен жоқ. Оқиға облыс­тық балалар ауруханасында орын алған. Полицияның мәлі­метінше, облыстың 38 жастағы тұрғыны сөзге келіп, қалған дәрігерлерге шабуыл жасап, оларға қол көтерген, дене жара­қатын салған. Бұдан бөлек, Ал­маты, Шымкент қалаларында «Жедел жәрдем» қызметкер­леріне жасалған шабуылдар да жұртшылықтың жағасын ұстат­ты. Осындай оқиғаларға куә болған қоғам өкілдері биліктен медицина қызметкерлерін қор­ғау шараларын күшейтуді талап етті.

Бүгінге дейін мұндай факті­лер көбіне «ұсақ бұзақылық», «денсаулыққа жеңіл зиян келті­ру» баптарымен қаралып, кінәлілер айыппұлмен немесе шартты жазамен шектеліп кел­ген. Бұл өз кезегінде дәрігер­лердің құқығын толыққанды қорғауға жеткіліксіз болып отыр.

Осы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Үкіметке арна­йы тапсырма берді. «Бүгін-де медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған жаңа заң жо­басы қаралып жатыр. Онда дәрігерге қоқан-лоқы жасаған­дарға – 2, физикалық күш қол­данғандарға – 7, төтенше жағ­дайда жасалған шабуыл үшін – 10, топ болып күш көрсеткен­дерге – 15 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасы қа­растырылуда», – дейді заңгерНұрбек Естеміс.

Сонымен қатар жаңа заң ая­сында ауруханалар мен «Жедел жәрдем» бекеттеріне бейнеба­қылау, дабыл батырмаларын орнату шаралары қолға алын­бақ. Қазірдің өзінде барлық өңірде «Жедел жәрдем» көлік­терін бейнетіркеуіштермен жаб­дықтау сияқты қауіпсіздік ша­ралары енгізілуде. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөл­мелерінде тәулік бойы полиция бекеттері қойылған.

«Дәрігер» республикалық қоғамдық бірлестігінің же­текшісі, жоғары санатты тера­певт дәрігер, денсаулық сақтау магистрі Әйгерім Сеитова бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында жағдайды ушықтырып отырған бірнеше себепті атады.

«Кез келген мемлекет қорға­ныс, денсаулық сақтау және білім беру атты үш тірекке сүйе­неді. Осы үшеуінің бірі әлсіресе, қоғамға қауіп төнеді. Соңғы уа­қытта елімізде дәрігерлерге ша­буыл жасау сияқты алаңдатар­лық үрдіс байқалуда. Бұған әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттар да себеп болуда. Дәл осы әлеуметтік желілер медици­наны жағымсыз кейіпте көр­сетіп, теріс қабылдаудың ката­лизаторына айналды. Бүгінде кез келген медициналық жағдай – мейлі ол дәрігерлік қателік болсын, не күрделі дерт болсын, әп-сәтте «дәрігер – қылмыс­кер», «дәрігер науқасты өлтірді» деген тақырыпқа айналып шыға келеді. Бұл қоғамды бейсаналы түрде дәрігерлерге қарсы қояды», – дейді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сә­кен Амрин өңірде мұндай факті­лердің тіркелмегенін айтты. Десе де емдеу орталықтарында пациенттердің ақхалаттыларға шүйлігіп, дауыс көтеретін кез­деріне куә болып қалатынымыз жалған емес.

«Өңір дәрігерлері жаңа заң жобасының әзірленіп жатқа­нын дұрыс қабылдады. Әрбір ақхалатты жан өзін қауіпсіз сезінуі үшін оларды ең алдымен заң қорғауы керек. Сонда ғана қоғамның пікірі өзгереді», – дейді облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Жаңа заң жобасы қабылдан­ған жағдайда дәрігерді балағат­тау, қорқыту, ұру ауыр қылмыс саналып, осындай әрекетке барғандар қатаң жазаланатын болады.

«Шыны керек, өз басым дәрігерлердің қадірін «COVID- 19» вирусы тараған кезде ұққан­дай болдым. Сәт сайын учас­келік дәрігеріме хабарласып, қандай ем-дом шараларын жа­сау қажеттігін сұраймын. Ол кісі де қай дәріні қалай ішу ке­ректігін түсіндіруден жалыққан емес. Ақхалатты абзал жандардың қауіпсіздігі – тек олардың ғана емес, барша қоғамның мә­селесі. Өйткені дәрігердің басты міндеті – адам өмірін құтқару. Оларға жасалған шабуыл – ең алдымен қоғамға жасалған қия­нат», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Зейнегүл Мұра­това.

Түйін: Ақхалаттыларға құр­мет көрсету – қоғамдық мәде­ниеттің көрсеткіші. Жұдырық ала жүгіру емес, алғыс айту дәс­түрге айналғанда ғана дәрігер мен халық арасындағы сенім нығая түспек.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp