«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚША АЙЫРБАСТАУШЫ” АЛАЯҚТАР

Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына өздерін әкімдіктің немесе әлеуметтік органның қызметкері ретінде таныстырып, қолда бар қағаз ақшаларды жаңаларына қолма-қол айырбастау қажеттігіне сендіріп жүрген алаяқтарды іздестіруде. Осы күнге дейін жеңіл жолмен ақша табуды табыс көзіне айналдырған екі әйелге бірнеше зейнеткер алданып қалды. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының 75 жастағы тұрғыны.

Бейтаныс әйелдердің сөзіне сенген қарт әжей еш күмәнданбастан, олардың қолына үйіндегі 140 мың теңгесін түгелдей ұстатқан. Ал әккі қулар оған 10 және 5 мыңдық жалған ақшаларды беріп кеткен. Жәбірленуші алаяқтар кеткен соң ғана есін жинап, болған оқиғаны көршілері мен ұлына айтып береді. Бүгінгі күні алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Осымен биылғы жылдың ақпан айында алаяқтықтың екінші оқиғасы тіркеліп отыр. Бұған дейін де облыс орталығының тұрғыны бейтаныс тұлғаларға 350 мың теңгесін ұстатып жіберген еді. Сондықтан өңір тұрғындарынан танымайтын адамдардың сөзіне сеніп, алданып қалмауды сұраймыз. Алаяқтар жалған құжаттар көрсетуі де мүмкін екенін ескертеміз.

Динара САҒЫНДЫҚОВА,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp