«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚШ-та ҮЙРЕНГЕНІН АУЫЛДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРДЫ

Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылында «Tumar» мейрамханасы бар. Оның жанында аудан тұрғындарын дәмді нанмен қамтамасыз ететін наубайхана жұмыс істеп тұр. Жергілікті жұртқа жақсы таныс жас кәсіпкер Қуат Айтжанов кәсіппен айналысуды жас кезінен жоспарлаған екен.

Жеке кәсіппен айналыссам деген ізденісі студент кезінен басталған. Петропавлдағы Бәйкен Әшімов атындағы темір жол көлігі колледжінде оқып жүргенде «Work and Travel» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, АҚШ-қа жол тартады. Онда мейрамхана саласында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған. Жастар сүйіп жейтін пицца, хот-дог, дөнер істеп үйренген. Ондағылар да Қуаттың әр ісіне тиянақты қарайтынын көрсе керек, 18 жастағы жігітке сенім артып, маңызды шаруаларды тапсырған. Бұл көрсем, білсем, үйренсем деген жанға таптырмас мүмкіндік қой.

– АҚШ-та көп нәрсені үйрендім. Өзіме сенімділік пайда болды. Елге оралғаннан кейін 2011 жылы Пресновка ауылында тұтынушыларға полиграфия және дизайн саласы бойынша қызмет көрсететін «Tumar-Art» фирмасын аштым. Ол кезде ауданда фото, видео түсіретіндер жоқтың қасы. 7 жыл бойы төрт адам тойларда оператор болып жұмыс істеп, видео, фото түсірдік. Кәсіпкерліктің қыр- сырын танытатын шеберлік сыныптарына, тренингтерге қатыса жүріп, білім де, қор да жинадым. Кейін ауылдағы қараусыз тұрған ғимаратты алып, дәмхана ашуға бел будым, – дейді Қуат Қайратұлы.

2018 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан несие алып, өз қаржысын қосып жоспарын жүзеге асырады. Қазір 120 орындық мейрамхана мен наубайханаға иелік етіп отырған кәсіпкердің қарамағында 15 адам жұмыс істейді. Бес жылдан бері тұрақты жұмыс істеп жатқан ұжымын қолдап, ынталандыру үшін жыл сайын еңбекақыларын көтереді, сыйақыларын береді. Мейрамханада дастарқанның әдемі жайылғанын, жеміс-жидектердің туралып, дұрыс безендірілгенін тікелей өзі қадағалайды. Бұл оның табысы ғана емес, хоббиі де. Зайыбы Нұргүлдің де бұл іске бейімі бар болғасын бір-біріне – тіреу, сүйеу.

– Наубайхана ашуыма карантин кезіндегі жағдай түрткі болды. Ол кезде мейрамханалардың жұмысы тоқтады. Бизнес саласы түгілі қарапайым адамдарға да оңай болған жоқ. Сол кезде тапсырыспен пицца, дөнер, суши істеп, жеткізіп беріп жүрдік. Қолда бар пеш нан пісіруге арналғандықтан, осы салада бағымызды сынап көрейік деген шешімге келдік. Алғашқыда аз мөлшерде пісіріп, жұртқа тараттық. Сұраныс өте көп болды. Қазір күніне 1000 бөлке нан пісіріп, ауылдардағы дүкендерге таратамыз, – деген Қуат Қайратұлы не істесе де сапаға баса мән беретінін айтты.

Адал еңбек етіп, кәсібіңе жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қарау керек. Сонда ғана ісіңе береке бітеді, атақ-абыройыңа шаң жұқпайды. Әрі шет елдерде тәжірибе жинақтап жүргенде осыған тағы бір мәрте көз жеткізген екен. Германияда бір жылдай тұрғанда дәмді тағамымен тұрғындардың көңілін баураған шағын дәмханалар көп екенін аңғарған. Олар отбасылық кәсіп ретінде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, атауларын брендке айналдырған. Бұл дәмханалардың иелері кеңейемін, мейрамхана ашамын демейді. Ең басты ұстанымдары – аттарына кір келтірмеу. Қуаттың да ойы – осы. Дәмсіз 100 бөлке нан пісіргенше, алған адам сүйсініп жейтін бір бөлке нан пісіргенді құп көреді. Сондықтан табысы артылса, сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жаңа қондырғылар алғанды қалайды.

«Көрпеме қарай көсіліп» еңбек етемін, барыммен базарлап алға қарай жылжып келемін», – деген сөзбен ойын түйіндеген кәсіпкерге тек сәттілік тіледік.

Өркендеймін деген әр ел осындай талапты жастарына сенеді, мүмкіндік береді, қолдайды. Себебі білімді, іскер жастар – ел тірегі екенін уақыттың өзі дәлелдеп берген. «Көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалын бар» жастардың арманы асқақ, алар асулары биік болса, елдің де болашағы сенімді қолда емес пе?

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp