
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавлдағы соғыс және еңбек ардагерлерінің үйлерінде болды.
Адамзатты ауыр қасіретке душар еткен екінші дүниежүзілік соғыстың куәгері Георгий Герасимов Қызылжар ауданында туған. Жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келген ол елді, жерді қорғау үшін қан майданға аттанады. 1942 жылы ауыр жараланып, елге оралғаннан кейін де қызу еңбекке етене араласып кетеді. С.М.Киров атындағы зауытта табан аудармай қырық жыл слесарь болып еңбек еткен ақсақалдың кеудесіндегі медальдары оның ерлігі мен ерен еңбегінің өтеуі іспетті. Облыс әкімі тоқсан бес жастың төріне көтерілген Георгий Ивановичті осынау мерейлі мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Соғыс салған жараның іздері жүрегінен әлі де өше қоймаған ақсақал тыныштық пен бейбітшілік орнаған бүгінгі заманға ризашылығын білдірді.
Содан кейін өңір басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтан Мұхаметжановтың үйіне ат басын бұрып, ақсақалды құттықтады.
– Жуырда өңірімізге жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келгенін өзіңіз де білесіз. Аға буын өкілдеріне қамқорлық танытуды назарынан тыс қалдырмаған Мемлекет басшысы бұл жолғы сапарында да сіздерді естен шығармай, құрмет көрсетуімізді тапсырған болатын. Сіз көп жылдар бойы жауапты қызметтер атқардыңыз. Еліміздің бүгінгі бақытты күнге жетуіне қосқан үлесіңіз зор. Балаларыңыздан тараған немерелеріңіз бен шөберелеріңіздің қызығын көре беріңіз, – деді Ерік Хамзаұлы.
Бүгінде жасы тоқсаннан асқан Сұлтан ақсақал әлі тың, өңірімізде болып жатқан оқиғаларды жіті қадағалап отырады. Жаяу серуендеп, саламатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдырған. Өңір басшысымен емен-жарқын әңгімелескен ақсақал облыс әкіміне қарттардың жиі бас қосатын шахмат орталығы болса деген тілегін жеткізді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.