Алқағаш бастауыш мектебінің 1-сыныбын өте жақсы бітіргенім үшін сыйлыққа “Жоғалған көйлек”, ал 2-сыныпты аяқтағанда “Бақытты іздеген бала” атты кітапшалар алғаным әлі есімде. Ал 3-сыныпта оқып жүргенде мектептің мұғалімдер бөлмесіне өмірімде бірінші рет бас сұқтым. Оң жақ қабырғадағы іші кітаптарға лық толы биік шкаф бірден назарымды аударды. Осыны көргесін көңілім тыншымай, артынан батылым барып сұрағанымда алғашқы ұстазым Ережеп Тасмағанбетов маған сол шкафтан кітаптар алып оқуға рұқсат берген еді. Бірінші қолыма ілеккен “Қоңыр үйрек” атты жұп-жұқа кітапшаны бір деммен оқып шықтым. Сосын ауызды “Жора” атты қалың кітапқа салдым. Қырғызстанның таулы аймағындағы соғыста Жора деген қырғыз жігітінің басынан кешкен атыс пен шабыс, қуғын мен сүргінге толы шытырман оқиғаларының дәл ортасында бірге жүргендей әсер алғаным әсте ұмытылған емес. Басқа да оқушылар менен кейін батылданып, шкафтан кітаптар алып оқи бастады.
Тыңды игеру саясатының арқасында ауылда жаңа құрылыстар көп салынды. Мысалға, үш жылдың ішінде жаз айларында келген Таганрог радиотехникалық институты, Пятигорск фармацевтика институты және Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы химия-технологиялық институты студенттерінің құрылыс отрядтары қабырғаларын кесек сұр гранит тастардан қалап, ауылымызда жаңа типтегі 500 ірі қараға арналған фермаларды, қойма, монша, тұрғын үйлер және спорт алаңдарын салып кетті. Білімді студенттер бұйығы өскен ауыл жастарының іш пыстырар бір сарынды өмірін өзгертер серпін әкелді. Ауылдағы ең кітапқұмар ағамыз Сайран Молдахметов 11-сыныпта орысша оқитын. Ағамызға Мәскеудің студенттері кетерде сол заманның аты шулы басылымдарын, яғни “Дружба народов”, “Новый мир”, “Москва”, “Октябрь” сияқты журналдарды және орысша кітаптарды тастап кеткен ғой. Осындай тегін рухани қазынаны велосипедпен үйіне тасығанда үш үлкен қапқа зорға сиғызыпты.
Үйіне барғанымда Сайран маған алдымен Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” атты қазақша романын ұсынды. Кітапта қазақ зиялыларының тектері жазылғанда “ұлы” деген сөзге аяқталғанын көріп, ал қазіргі қазақ қауымының аты-жөндерінің жалғаулары аяқ астынан орысшаға айналып кеткеніне бала болсам да, мән берген едім. Ақынның фотосуреттері, үнемі ақындық ізденіс пен күреске толы өмірбаяндық жолдары, Петропавл қаласында саяси тұтқын кезінде атаман Анненковтың “азап вагонынан” шанадағы қар аралас қоқысқа көміліп, қашып шығу оқиғаларының әсері балалық жан дүниемді бірден жаулап алды. Оның басқа да шығармаларын оқыған сайын жас жүрегімде алғашқы сүйінген және сыйынған “піріме” айналып, яғни оның жарқын бейнесі өмірімнің болашағына жол сілтеген бірінші бағдаршамдай санамда әлі жарқырап тұр.
1966 жылы көрші ауылдағы Ленин орта мектебінің 5-сыныбына оқуға қабылдандым. Мектеп-интернаттың дәл қасындағы дүкенге жиі барып, үйден жіберген азын-аулақ ақшаға ылғи кітап сатып ала беретінмін. Кітап жинайтын “созылмалы ауруым” әдетке айналып, нәтижесінде 1973 жылы әскер қатарына алынғанда шешемнің жасауымен келген бес суырмалы үлкен комодының екі суырмасын кітаптарыма лық толтырып, әскерден келгенше ешкім тимеуі үшін кілттеп кетіппін ғой. Сол кезде ауылдағы кітаптары ең көп адам мен болған шығармын. Жасөспірім шақтағы қолдан түсірмей оқитынымыз: Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс туралы, Ілияс Есеберлиннің “Қаһар” және “Ғашықтар” деген кітаптары, әкем сатып алған әлем әдебиетінің інжу-маржаны – жазушы Қалтай Мұхамеджанов аударған төрт томдық “Мың бір түн” хикаялары еді.
Алматы қаласында ҚазМУ-дің қабырғасында оқып жүргенде кітапқа бір қарық болдым. Абай көшесіндегі А.С.Пушкин атындағы заманауи үлгімен салынған орталық кітапхананың биік ғимаратының кең оқу залдарында талай жылдар сарылып отырып, орта ғасырда Шыңғыс ханның әскери шапқыншылығынан кейін жойылып кеткен әлемдегі екінші бай Отырар кітапханасы қандай болды екен деген ойға қалатынмын. Н.В.Гоголь көшесіндегі “Букинист” деген ескі және көне кітаптар сататын жалғыз дүкенге өте сирек басылымдарды іздеп баратынмын. Сол кезде қолға түспейтін атақты Л.В.Шейниннің “Записки следователя” деген кітабын ауылыма алып барып, оны әкем мен оның үзеңгілес замандасы Қабен ағамыз кезектесіп оқып, екеуі өзара тамсана талқылағандары әлі есімнен кетпейді. Екеуі де қос тілде еркін оқитын, қызықты шығармалар көрсе ішіп отырған астарын жерге қоюшы еді. Сол кездерде ауылдағы 80-ге жуық үйдің бәрі де түрлі газет-журналдарға жазылып, пошташының келуін асыға күтетін.
Өзім көрген зиялы азаматтар бірінші байлық ретінде сөре-сөре кітап жинайтын, ақын-жазушылардың таңдамалы шығармаларын жаздыртып алуға кезекке тұратын, ал дүкендерде ондай сатылымдарды ілезде талап әкететін. Қолға бір данасы тисе, жерден жеті қоян тапқандай мәз болушы едік. Қуаныш иесіне жақсы кітаптарды сыйға тарту – сол кездің сәнді әдетіне айналған еді. Ал қазіргі уақытта кітап сыйласаң, онда сараң атанып, мазаққа қалуың мүмкін. Қаладағы қолдары ұзын кейбір аға-жеңгелеріміз үйлеріндегі шетелдік қымбат гарнитураларының сөрелерін түрлі кітаптармен тығыздап, өздері оқымаса да, сәнді мүлік ретінде қонақтарға мақтана көрсеткендерін көзіміз көрді. Жас отаудың сәні ретінде жасауына кітаптар берілгенін де естідік.
Тоқсаныншы жылдары қайта құрудың зардаптары елді әбден титықтатып, мемлекеттік және қоғамдық мүліктер жекешелендіру науқанында талан-таражға түсті. Бір ғана мысал, сол кездегі Алқағаш ауылдық кітапханасы жабылып, жалақы төлеу тоқтатылды. Алайда, кітапхана меңгерушісі Зайра Бекмағанбетова 2400 дана кітапты өз үйінде сақтап қалып, ауылдастарына оқуға беріп отырған. Ауылдың бұрынғы веттехнигі Зейкен Жахин, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген механизатор Смағұл Жандосов, майталман механизаторлар – Мәжік пен Нұрғали ағаларымыз, бригадир Дариқа және Дәпәй (Дәләпіраз), Сәлтәй апаларымыз қойын-қоныштарына кітап толтырып әкетеді екен. Олардың іздерін басып, орта буыннан тарих пәнінің мұғалімі Амантай мен медфельдшер Рысбибі келеді.
2000 жылдардан заманымыз сәл түзеліп, кітапхана қоры медпунктің ішіндегі электр және жылу жүйелері тартылмаған, күндіз ғана терезеден жарық түсетін, пеші жоқ суық бөлмеге көшірілсе де, Зайра қарындасымыз сүйікті ісін тастамады. Осындай ауылдық жерлерде өз істерін адал атқарып, мерекелік медаль түгілі мақтау қағаз да бұйырмаған қарапайым, көнбіс жандардың еңбектері еленбегені өкінішті.
2010 жылы осы кітапханаға арнайы бас сұққанда білгенім, кітап қоры жыл сайын жаңа басылымдармен толықтырылып, ұзын саны 4 мыңға дейін жетіп, екі жүздей оқырман тіркелген екен. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласының ішіндегі – ұлттық сана мен кодыңды сақтау, білімнің салтанат құруы, туған жеріңнің табиғи, мәдени және басқа да ұлттық құндылықтарын сүйіспеншілікпен сақтап қалу міндеттері, ең алдымен, қазағымның ауылдарын көзіміздің қарашығындай сақтап қалған жағдайда ғана қолымыз жететін игілікті істер ғой. Болашақ – білімді жастарымыздың қолында, ал білімнің сарқылмас қайнар бұлағы кітаптар әлемінен бастау алады. Бірақ қазіргі басылған саны көп, сапасы сын көтермейтін қаптаған кітаптарымыз бен оқулықтарымыз білімнің салтанат құруына көп кедергі жасап жатқан сыңайлы. Себебі, кітап жазатындар өте көп, соны оқитындар аз. Ұлттық сананы оятып, дамытатын, рухани жаңаруға жетелейтін күш – бай әдебиетіміз. Ал әлемде әдебиеті мықты елдің мәдениеті де мықты екендігін ұмытпасақ екен.
Қайрат ДҮЙСЕНБІ.