Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығында қайта жаңартылып, жаңадан салынып жатқан нысандарда болды.
Ерік Сұлтанов алдымен “Алтын Арман” базарындағы “Алтын-Адал” ЖШС жүргізіп жатқан жаңғырту жұмыстарына назар аударды. Серіктестікке қарасты ғимараттың екінші қабаты сауда алаңына айналдырылуда. Базар басшысы Еділ Жалимовтың айтуына қарағанда, бұрынғы сауда алаңы 16 637 шаршы метрді құраса, енді қайта жаңартудың арқасында ол 6 000 шаршы метрге ұлғайтылып отыр, яғни бұған дейінгі 680 сауда орнына шамамен тағы 360-тай орын қосылады. Екінші қабатта балаларға арналған “Ойын алаңын” жасау да қарастырылған. Тұтынушылар екінші қабатқа эскалатор арқылы көтерілетін болады. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге 740 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
– Қайта жаңарту жұмыстарын 8 наурызға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Екінші қабат іске қосылғанда жалгерлер бүгінгідей қытымыр қыста далада сауда жасамайтын болады. Оларға жылы да жайлы бутиктер жалға беріледі, – дейді Еділ Батырханұлы.
Ерік Хамзаұлының екінші ат басын тіреген жері – вокзалдағы “Ақылды аялдама” павильоны. Бұл әлеуметтік жобаны “Эко-Север” ЖШС жүзеге асырыпты. Заманауи дизайнмен жасалған нысан қыстыгүні инфрақызыл сәулемен жылытылады, аптап ыстықта кондиционер арқылы салқындатылады. Павильон ішіне коммуналдық төлемдер төлеуге, ұялы телефон шотын толтыруға арналған терминалдар қойылған, сымсыз WI-FI интернет жүйесі орнатылған.
Жолаушылар автобустар мен микроавтобустардың қозғалысын сыртқа шықпай-ақ экран арқылы қадағалай алады. “Ақылды аялдама” маңы тәулік бойы бейнебақылауға алынады.
– Мұндай павильон Новосібір қаласында жасалған. Ноу-хау. Құны 9 млн. теңге, әзірше елімізде теңдесі жоқ нысанды өз қаражатымызға орнатып отырмыз. Биыл әлеуметтік серіктестік ретінде жолаушылардың көп шоғырланатын жеріне тағы осындай он шақты “Ақылды аялдама” жасамақпыз, – дейді осынау жобаны Қазақстанда бірінші болып жүзеге асырған “Эко-Север” ЖШС-нің құрылтайшысы Артем Вараск.
Аталмыш серіктестіктің еншілес кәсіпорындары М.Әуезов, 251 көшесі мекенжайында орналасқан екен. Облыс әкімі “Коммун-Север” ЖШС-нің өндірістік базасында жасалып жатқан тұрмыстық қалдықтар жинауға арналған контейнерлерді де көрді.
– “Эко-Север” ЖШС “Солтүстік” ӘКК-нің қолдауымен тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт ашуды мақсат етуде. Онда қайта өңдеу арқылы полимер және шыны өндіру қолға алынбақ. Оған серіктестіктің 300 млн. теңгесі мен бюджеттің 200 млн. теңге қаржысы жұмсалмақ. Қазіргі кезде қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп берушілер іздестірілуде. Бұл өндіріс орнын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда, – деді әңгіме барысында Ерік Сұлтанов.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.