«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫЛДЫ БАСШЫНЫҢ АЛДЫ КЕҢ

Түрлі ұжымдарда қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас әртүрлі болады. Кей жерлерде адамдардың бір-біріне деген сыйластығы қалыптасса, кей ұжымдарда нешетүрлі қысастықтар қолдан жасалып жатады. Күнделікті өмірде байқалмағанымен, ұжымдағы қызметкерлер арасындағы қатынас негізінен басқарушылардың ілтипаты мен пейіліне байланысты болады. Басшы кең пейілді, адамгершілігі мол болса, бағыныштыларында да сондай мінез қалыптасып, айналасында жағымды, жайлы қатынас орнайды. Ондай жердегі адамдар көңілді, жұмысқа да ынтасы зор болады. 

Өзіміздің өмірімізде осындай басшының бір-екеуін көрген едік. Кезінде Қызылжар қаласында бүкілодақтық абыройы бар “Союзцелинвод” деген ауызсу тарататын трест болды. Оны құрып, жиырма бес жыл басқарған қазақтың нарқасқа азаматы – Қаттай Бектасұлы Кеншінбаев. Трест жалғыз Қазақстан емес, бір шеті Қап тауы, Орталық Азия елді мекендеріне дейін 16 мың шақырымның құбырын тартып, Гиннестің рекордттар кітабына да енген. Бұл трест Петропавл қаласында жүздеген тұрғын үй, әлеуметтік нысандар тұрғызды. Егер Қаттай ағаның орнында басқа бір ұлттың өкілі болса ол Еңбек Ері атағын да, тіпті Лениндік сыйлықты да алған болар еді. Амал не, ол жылдары қазақ басшыларына деген салқын көзқарас өрістеп тұрған. Әсіресе, біздің солтүстікте қиын еді ғой. 

Біздің бұл жерде айтайын дегеніміз, Қаттай Кеншінбаевтың еңбегі емес, ұжымында қалыптастыра білген адамгершілік ахуал. Трестің дәуірлеп тұрған жылдарында оған барған әрбір адам өзінің қадірін сезініп, марқайып қалатын. Өйткені бастықтың ілтипатымен қалыптасқан тәртіптен барлық қыз-меткерлер сыпайы, кез келген адамға құрақ ұшып, жылы қатынас көрсететін. Келген жан бірден адамгершілік жылылықты сезінетін.
Ол кездегі кәсіпорындар адамды, оның қасиеті мен қадірін екінші орынға сырып, бірінші орынға жоспарды орындау мақсатын алға қоятын еді ғой. Қайтсе де жоспардан қалып қоймау, оны уақытында орындау мін-дет болатын. Барлық құрмет, сыйақы, тіпті еңбекақы да соған байланып қалған. Егер жоспар орындалмаса соның бәрі адыра болып, мақтаудан, құрметтеуден қағыласың. Тек жоспарды орындағанда ғана жақсы бастық, жақсы қызметкер, жақсы маман атанасың. Басқа дүние көзге ілінбейді. Осындайға беріліп кеткен бастықтар адамгершілік қатынастарды, сыпайылықты қайтсін?
Тек Кеншінбаев сияқты текті, асыл адамдар ғана адамгершіліктен аттамаған еді. Көргенді адам көлденең сөзге бармай, тек ақыл-оймен, білім-білікпен ғана жол табатын. Соның өзімен ол таудай қиындықтарды еркін еңсеріп, кәсіпорны үнемі алда жүретін. Әрі жоспарды орындап, әрі адамгершілікті сақтап, тіпті оны барлық ұжымына да үйрете білген ол сол замандағы айрықша жан еді.
Ол кісінің шешен емес екенін көргенбіз. Мінберден сөйлегенде дауысы қарлығып, тамағын жиі кенеп тұратын. Көсемдігімен де көзге түскен емес. Тек оның ішкі жан-дүниесінің қуаты күшті болған сияқты. Сонымен бірге ол өз мамандығын жетік меңгерген еді. Аяғын сәл ғана шалыс басса, итеріп қалуға дайын тұрғандар ол кезде көп болатын.
Қазір “табысты лидердің” қандай қасиеттері болу керек деген сауалға интернет бетінде жүздеген жауаптар жүреді. Соның бірінде көшбасшының ең басты қасиеті – жұмыстан тыс уақытта бағыныштылармен жылы, достық қатынас орнатудың маңызы зор екенін жазады. Қаттай ағаның қоластында істегендер де оның ұжыммен бірге болып, жиі-жиі табиғат аясына шығып тұратындығын айтады. Сондайда ағамыз бағыныштыларының тұрмыстық қал-ахуалдарын сұрап, жақын әңгімелесіп, қиыншылық көріп жүргендерге міндетті түрде көмек жасайтынын айтады. Біздің облыста алғашқы отбасылық балалар үйін ашу қолға алынғанда да оларға арналған коттеджді Кеншінбаев салдырып берген еді. Қай жерде жаңадан ашылған игілікті іс болса, соның басында Қаттай аға жүретін.
“Қазір осындай басшылар бар ма?” деген сұрақты өзімізге жиі қоямыз. Әрине, бір кезде дамудың локомотиві жоспар болса, қазір үлкен табыс. Қайтсе көп ақша табамыз деген басшылар басқаны ойламайтын секілді. “Бар жақсы байлықтан да, биліктен де, Бар істі ақша бұзар киліккенде” деп Абай данышпен тегін айтпаған ғой.

Жақсыбай САМРАТ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp