
Бүгіндері “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру баршаның басты міндетіне айналып отыр. Бұл – жаһандану үрдісінен туындаған уақыт талабы. Себебі, онсыз қай салада болмасын өзгерістер жасау қиын. Елбасы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаларды табыстарымыздың берік кепіліне айналдырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату міндетін алға қойған болатын.
Еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру, өнімнің сапасын жақсарту бағытында инновациялық сипатқа ие өміршең бағдарламалар жергілікті жерлерде кеңінен қолданылып келеді. “Атамекен-Агро” акционерлік қоғамы – ауыл шаруашылығы саласына “ақылды технологияларды” енгізуде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген агроқұрылым.
Қазақстанның үздік 15 ірі компаниясының қатарына кіретін іргелі шаруашылықтың жалпы жер көлемі 431 075 гектарды құрайды. Оның 327 620 гектары егістік алқап болса, 103 455 гектары жайылымдық жерлер. Біздің компанияның құрамындағы еншілес серіктестіктердің саны 17 болса, оның 13-і теріскейде орналасқан. Компанияның еншісінде 5 мыңнан астам қара мал және бір мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Қытай, Сингапур, Германия және Канада елдерінің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жүзеге асырып жатқан тәжірибелерін жан-жақты зерттеп, озық технологияларын өзімізде енгізудеміз. Бүгіндері бұл бағытта қол жеткізген нәтижеміз ауыз толтырып айтарлықтай.
Біздің мамандарымыз танаптардың электронды картасын жасап, егіс және орақ жұмыстарына онлайн режімде бақылау жүргізеді. Бұл жұмыс барысында орын алатын шығындарды қысқартып, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізуде. Мысалы, комбайндарға орнатылған электронды құрылғылар жанар-жағармай ысырабын азайтуға септесуде. Нәтижесінде бір маусымда әр техникадан шамамен бір миллион теңгеге дейін үнемдейміз. Заманауи технологияларды енгізу арқылы компаниядағы еңбек өнімділігі екі есеге дейін ұлғайды. Биыл жаңа астықтың түсімі 500 мың тоннаға дейін жетіп, компанияның жылдық табысы 32 пайызға артты.
Табыстың сыры − ең алдымен, тәжірибе мен жаңа заман жетістіктерін ұштастыра білуімізде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығының өңделген өнімін бес жыл ішінде 2,5 есе ұлғайту міндетін жүктегені белгілі. Бүгінгі таңда облыс қана емес, еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша көш бастап келе жатқан кәсіпорынның Президент тапсырмасын бұлжытпай орындауға толық мүмкіндігі бар.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде автоматты басқару жүйесін енгізуді қолға алдық. Шетелдік “Geosys” компаниясының жерді дистанциялық зондтау және егінге жер серігі арқылы мониторинг жүргізу жүйесін енгіздік. Алғашында бірқатар қиындықтарға кезіккеніміз рас. Алайда, қазақстандық “Agrostream” компаниясымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнеркәсібін басқарудың бірыңғай біріккен жүйесін әзірлеу арқылы түрлі кедергілерді еңсере білдік. “Agroplan”, “Agrofact”, “Астық балансы” және “Agromap” модульдері жұмысымызды жеңілдетіп отыр.
Атап айтқанда, “Agroplan” жоспарлау жүйесі егіс алқаптарының картасы арқылы агрономиялық қызметті бір жүйеге келтіруге көмектеседі. “Agrofact” модулінің көмегімен спутниктік мониторинг арқылы техниканы, танап басында атқарылып жатқан жұмыстың барысын бақылаймыз. Яғни, біз онлайн-режімде жер құнарын, егілген тұқымның қаншалықты тиімді екендігін біліп отырамыз. Былтыр астықты сақтау, қайта өңдеу сапасын және жалпы астықтың қозғалысын бақылап отыратын “Астық балансы” модулі іске қосылды. Сандық технологияны енгізудің арқасында қағазбастылықтан құтылып, астық толы көлікті автоматты түрде өлшейтін күнге жеттік. Ендігі кезекте барлық мәліметтер компьютерге енгізіледі. Компания қолданып жүрген “Agromap” модулінің де пайдасы көп. Ол – агрономдарға есеп жүргізуге, алқап туралы мәлімет, танаптың химиялық, метеорологиялық картасын жасауға көмектесетін бағдарлама. Сонымен қатар комбайн, трактор, егіс кешендерін арнайы құрылғымен жабдықтау арқылы барлық техниканың қозғалысы мен атқарып жатқан жұмысын бақылап отырамыз.
Қазіргі таңда астық егілетін алқаптарға ғарыштан мониторинг жүргізу мүмкіндігіне иеміз. Осылайша, барлық агротехникалық шараларға тиісті сараптама жасаймыз. Оның үстіне алқаптар кестесін белгілеу, қай танапқа қандай тұқым сіңірілгендігін, оның өнімділігін, топырақтың құнарын және өндірілген өнімді сақтау мен өңдеу үрдістерін де жаңа технологиялық жүйе арқылы бақылаймыз.
Былтыр “Атамекен-Агро” АҚ-ы елімізде өткізілген агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру байқауында жеңімпаз атанды. Табысы жыл санап еселенген компания өз жұмысында жаңашылдықты таңдау арқылы жетістіктерге қол жеткізіп отыр.
Константин ГУБАНОВ, “Атамекен-Агро” АҚ-ы бас агрономының міндетін атқарушы.