«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚЫЛДЫ ҚАЛА” ЖОБАСЫ

Біріккен Ұлттар Ұйымының “Электронды үкіметті” дамыту рейтингінде Қазақстан әлем елдері арасында 39-шы орынға ие болды. Бұл туралы хабарлаған “Finprom.kz” порталының мәліметіне қарағанда, Қазақстанда “ақылды қалалардың” дамуы халықтың сандық сауаттылығына тікелей байланысты болып отыр. Елдегі жеке компьютерді және смартфонды, басқа технологияларды күнделікті тұрмыста пайдаланатын тұрғындардың үлесі 80 пайызға дейін жеткен. Осының арқасында Қазақстан “Электронды үкіметті” дамыту рейтингінде Азиядағы үздік он елдің қатарына еніп отыр.

“Ақылды қалаларды” құруда цифрландыру да, халықтың Үкіметпен өзара іс-қимылы да маңызды рөл атқарады. БҰҰ-ның “Электронды үкіметті” дамыту рейтингінде Қазақстан Азия елдерінің арасында 8-ші орында. Яғни, “Электронды үкіметті” дамыту индексі бойынша “өте жоғары деңгейдегі” елдер тобына кіріп отыр.

Қазір Қазақстанда «ақылды қалалардың” “Smart Nur-Sultan”, “Smart Almaty”, “Smart Aqkol”, “Smart Petropavl”, “Smart Aktobe” және “Smart Qaragandy” сияқты алты жобасы жұмыс істейді. Көбінесе “ақылды қаланы” қалыптастыру мемлекеттік қызметтер, көлік желісін басқару, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, денсаулық сақтау, білім беру, инновациялық ауыл шаруашылығы және қалдықтарды кәдеге жарату сияқты салаларға тиімді технологияларды енгізуді көздейді.

2017 жылы әрбір өңір үшін даму ерекшелігіне байланысты негізгі салалар анықталды. Мысалы, Нұр-Сұлтанда қауіпсіздік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, Алматы қаласында көлік және ақылды басқару салаларына басымдық берілген. Өңірлер арасында цифрлық сауаттылық бойынша Алматы шаһары көш басында тұр. Қаладағы барлық оңтайлы технологияларды пайдалануға қабілетті халықтың үлесі 81,6 пайыздан 87,2 пайызға дейін артқан. Үздік үштікті 86,7 пайызбен Алматы облысы және 85,4 пайызбен Нұр-Сұлтан қаласы түйіндеп тұр. Маусым айында Қазақстанда тіркелген интернет абоненттерінің саны 2,5 миллионға жеткен.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp