«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫЛМАН АҚСАҚАЛ

Адамның маңдайына жазылған ащылы-тұщылы ғұмырнамасы оның артында қалдырған ізгілікті ізінен, ел жадында сақталған өнегелі өткенінен танылса керек. Қандай жағдай орын алмасын халықтың қажетіне жарау – ең үлкен бақыт. Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаевша айтсақ, «өмірдің мәні – оның ұзақтығында емес, мазмұнында». Топырағы құйқалы Қызылжар өңірінде елдің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген, ғұмырын ғибратпен өрген жарқын тұлғалар, ақылман ақ­сақалдар аз емес. Осы тізімнің басында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, байланыс саласының ардагері Тілек Әбдірахманов тұратыны анық.

…Уақыт сырғыған сынаптан да жүйрік екен-ау. Жас ұлғай­ған сайын ба екен, бүгінде Тілек Әйтімұлы оңашада өткен өмірі­не көз жүгіртіп, сағымға айнал­ған сәттерді сағынышпен жиі еске алады. Осындайда туған жер төсінде мәңгі тыныстап жатқан анасы, еркеліктен гөрі естілікке баулыған балалық шағы, оқу-білімге талпынған күндері жанында жаңғырып, тәтті сезім иіріміне бөлейді. Адамзатты қан қақсатқан сұра­пыл соғыс басталмас бұрын Аққайың ауданындағы (бұрын­ғы Совет) Мөжікбай (Маңғұл деп те аталады) ауылында дүние есігін ашқан ол қамсыз бала­лықты кеңшардың ауыртпалы­ғы зілбатпан жұмысына айыр­бастап, еңбекке ересектермен бірге араласты. «Менен журна­листер қауымы қай жастан бас­тап жұмыс істегенімді жиі сұ­райды. Оларға еңбек жолымды сегіз жастан бастағанымды ай­тудан жалықпаймын. Бұл – тағ­дырдың таңдауы. Оған еш өкін­ген емеспін», – дейді ағамыз.

Соғыс басталғанда әкесі Әйтім мен туған бауыры алғаш­қылардың бірі болып майдан даласына аттаныпты. Шалғай­да қамсыз тірлік кешіп жатқан шағын ауыл тұрғындары жы­лап-сықтап жүріп соғыс дала­сына 47 азаматын шығарып салса, солардың тек екеуі ғана елге амен-есен оралған. Әкесінің жау өтінде қаза тапқанын дәттейтін қара қағаз бұғанасы бекімеген кейіпкерімізді ғана емес, тұтастай бір отбасын қара жамылдырады. Әйтім батыр­дың Румыниядағы бауырластар қорымына жерленгені туралы ақпарат Қызылжарға бертін жеткен.

Қолға қалам алып, хат таны­сам деген арманы орындалып, тоғыз жасында Мөжікбайдағы мектептің табалдырығын име­не аттайды. Орыс тілін жетік білмегені үшін ұстаздарының сынына ұшырап, емтиханнан құлаған кездері де аз болмапты. Алайда өтпелі сәтсіздіктер оқы­сам-тоқысам, еліме пайдамды тигізсем деген жалынды жас­тың жігерін жасыта алған жоқ. Оны арман қанатына мін­гестіріп, аспанмен астасқан шыңдарын аппақ қар басқан қарт Алатаудағы Алматы халық шаруашылығы институтының партасына жайғастырған да білімге деген ынта-ықыласы. Кеңес заманында аты дүркіреп тұрған білім ордасын инженер-экономист мамандығы бойын­ша тамамдайды. Кешегі жүрегі лүпілдей соққан жас студент күректей дипломды қолына ал­ғаннан кейін көп ойланбастан, құстай ұшып, туған өңіріне жетті. Қылшылдаған жас маман Совет аудандық байланыс кең­сесінің нормалаушысы, кейін есепшісі, санаулы жылдардан кейін бас есепшісі болды. Күні кеше ғана жоғары оқу орны қа­бырғасынан шыққан жас ма­манның бірден басшылық наза­рына ілігіп, қызмет сатысымен жоғары өрлей жөнелуі – екінің бірі, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін бақыт. Оның кісіні жатсынбайтын көркем мінезі­не, әр істен тың бастама ойлап табуға құштар жігеріне, ұйым­дастырушылық қабілеті мен ел­гезектігіне тән-ті болған бас­шылар Тілек Әйтімұлының әр қадамына сүйсініп, таңдай қағысатын болды. Санаулы жыл ішінде таңдаған мамандығы­ның қыр-сырына қанығып үлгерген ол ұжымдағы өз орнын айшықтай білді. Аудандық бай­ланыс кеңсесінің бастығы де­малысқа кеткен бірқатар лауа­зымды қызметкерлердің жұмы­сын Тілек ағамызға жүктеп жүрді. «Ол кезде қазіргідей «ай­шылық алыс жерлерден жыл­дам хабар алғызатын» мүмкіндік жоқ. Біз уақытпен санаспай ең­бек еттік. Қазынаның қаржы­сына өзіміздің мүлкіміздей жа­нашырлықпен қарадық. Әр тиынның есебі болды», – дейді ақсақал.

1967 жылы Бескөл ауданы құрылып, Тілек Әйтімұлының кандидатурасы аудандық бай­ланыс торабаның бастығы лауа­зымына ұсынылады. Бұл қыз­метті де жатсынбай, ұршықша иірген ол 1975 жылы облыстық байланыс басқармасы бастығы­ның орынбасары атанды. Ал 1993 жылы облыстық мемле­кеттік пошта басқармасының бастығы болды.

Тілек Әбдірахманов же­текшілік еткен жылдары жергілікті пошта басқармасы 461 елді мекенге қызмет көр­сетті. Аудандық, облыстық га­зеттер оқырмандарға жұмасына бір рет, республикалық газеттер келуіне қарай аптасына бір мәрте апарылады екен. Тәжірибелі маман бұлай болмайты­нын, жұмысты ұйымдастыру тәсілін өзгерту қажеттігін ай­тып, елді мекендерге апаратын жолдарды зерттеген. «Менің бұл бастамама қарсы шыққан­дар да табылды. «Күн сайын көліктер жүйткіп нан мен сүт тасуда. Газеттерді де таситын көлік керек» дегенімнен кейін гу-гу әңгіме аяңы саябырсыған­дай болды. Аптасына 3 рет шы­ғатын аудандық газеттер, 5 рет жарық көретін облыстық басы­лымдар оқырман қолына дер кезінде тиіп жүрді», – дейді кейіпкеріміз.

Ғұмырдариясының алтын жалын еңбекпен тараған ақса­қалдың атақ-марапаты аз емес. Өмірінің әр жылдарында «Қа­зақстанның құрметті байла­нысшысы», «Бүкілодақтық со­циалистік жарыстың үздігі», «Солтүстік Қазақстан облысы­ның құрметті азаматы» атанды. Оны бұл тұғырға уақыттың өзі қондыра салған жоқ. Білім-білігінің, парасат-пайымының арқасында жетті. Осы жасқа келгенше жас ұрпаққа ұлағат боларлық тындырған істерін санамалап тауыса алмаспыз. Олардың барлығы «тоқсан­ның» биігінен өткен өмір арна­сына көз тастағанда толағай таудың шыңындай болып көңіл көкжиегіне қонақтай кетеді. Марқұм жары Қапура екеуі 57 жыл отасып, үш перзент тәр­биеледі. Авиация саласының таңдаулы маманы атанған үл­кен ұлы Алтай дүниеден ерте озды. «Тұңғышым әскери ұш­қыш еді. Оның рухы аспанда қа­лықтап жүргендей болады да тұрады», – дейді ақсақал. Екінші ұлы Астанада жемісті еңбек ету­де. Райханы – жанында.

Тілек Әйтімұлы ішімдегіні тауып ал дейтін жан емес. Оны өз басым талай мерейлі жиын­дарда байқағанмын. Жаспен де, жасамыспен де тіл табыса бі­летін ақсақал кейінгі буынның жолының ашық, жүрегінің кең болғанын әркез тілеп отырады. «Адамның өмірі адалдық қағи­дасы негізінде өрілсе, оның өкі­нетін дүниесі аздау болады», – дейді ол.

Тілек Әйтімұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті – жаяу жүретіндігі. Тоқсан жасқа келсе де өз қатарластарымен салыс­тырғанда шалт қимылдап, сер­гек жүруі саламатты өмір салтын берік ұстанғанының әсерінен болса керек. «Жақсы адам қар­тайса, көкірегі толы хат болар, жаман адам қартайса, бықсып жанған от болар» деген емес пе халық даналығы? Үлкен өмір жолынан өткен, адал еңбегімен, асыл қасиетімен абырой биігіне көтерілген абыз ақсақалдың әр сөзінен даралықтың, даналық­тың лебі еседі. Өмірге деген құл­шынысыңды, құштарлығыңды арттыратын леп!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp