Адамның маңдайына жазылған ащылы-тұщылы ғұмырнамасы оның артында қалдырған ізгілікті ізінен, ел жадында сақталған өнегелі өткенінен танылса керек. Қандай жағдай орын алмасын халықтың қажетіне жарау – ең үлкен бақыт. Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаевша айтсақ, «өмірдің мәні – оның ұзақтығында емес, мазмұнында». Топырағы құйқалы Қызылжар өңірінде елдің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген, ғұмырын ғибратпен өрген жарқын тұлғалар, ақылман ақсақалдар аз емес. Осы тізімнің басында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, байланыс саласының ардагері Тілек Әбдірахманов тұратыны анық.
…Уақыт сырғыған сынаптан да жүйрік екен-ау. Жас ұлғайған сайын ба екен, бүгінде Тілек Әйтімұлы оңашада өткен өміріне көз жүгіртіп, сағымға айналған сәттерді сағынышпен жиі еске алады. Осындайда туған жер төсінде мәңгі тыныстап жатқан анасы, еркеліктен гөрі естілікке баулыған балалық шағы, оқу-білімге талпынған күндері жанында жаңғырып, тәтті сезім иіріміне бөлейді. Адамзатты қан қақсатқан сұрапыл соғыс басталмас бұрын Аққайың ауданындағы (бұрынғы Совет) Мөжікбай (Маңғұл деп те аталады) ауылында дүние есігін ашқан ол қамсыз балалықты кеңшардың ауыртпалығы зілбатпан жұмысына айырбастап, еңбекке ересектермен бірге араласты. «Менен журналистер қауымы қай жастан бастап жұмыс істегенімді жиі сұрайды. Оларға еңбек жолымды сегіз жастан бастағанымды айтудан жалықпаймын. Бұл – тағдырдың таңдауы. Оған еш өкінген емеспін», – дейді ағамыз.
Соғыс басталғанда әкесі Әйтім мен туған бауыры алғашқылардың бірі болып майдан даласына аттаныпты. Шалғайда қамсыз тірлік кешіп жатқан шағын ауыл тұрғындары жылап-сықтап жүріп соғыс даласына 47 азаматын шығарып салса, солардың тек екеуі ғана елге амен-есен оралған. Әкесінің жау өтінде қаза тапқанын дәттейтін қара қағаз бұғанасы бекімеген кейіпкерімізді ғана емес, тұтастай бір отбасын қара жамылдырады. Әйтім батырдың Румыниядағы бауырластар қорымына жерленгені туралы ақпарат Қызылжарға бертін жеткен.
Қолға қалам алып, хат танысам деген арманы орындалып, тоғыз жасында Мөжікбайдағы мектептің табалдырығын имене аттайды. Орыс тілін жетік білмегені үшін ұстаздарының сынына ұшырап, емтиханнан құлаған кездері де аз болмапты. Алайда өтпелі сәтсіздіктер оқысам-тоқысам, еліме пайдамды тигізсем деген жалынды жастың жігерін жасыта алған жоқ. Оны арман қанатына мінгестіріп, аспанмен астасқан шыңдарын аппақ қар басқан қарт Алатаудағы Алматы халық шаруашылығы институтының партасына жайғастырған да білімге деген ынта-ықыласы. Кеңес заманында аты дүркіреп тұрған білім ордасын инженер-экономист мамандығы бойынша тамамдайды. Кешегі жүрегі лүпілдей соққан жас студент күректей дипломды қолына алғаннан кейін көп ойланбастан, құстай ұшып, туған өңіріне жетті. Қылшылдаған жас маман Совет аудандық байланыс кеңсесінің нормалаушысы, кейін есепшісі, санаулы жылдардан кейін бас есепшісі болды. Күні кеше ғана жоғары оқу орны қабырғасынан шыққан жас маманның бірден басшылық назарына ілігіп, қызмет сатысымен жоғары өрлей жөнелуі – екінің бірі, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін бақыт. Оның кісіні жатсынбайтын көркем мінезіне, әр істен тың бастама ойлап табуға құштар жігеріне, ұйымдастырушылық қабілеті мен елгезектігіне тән-ті болған басшылар Тілек Әйтімұлының әр қадамына сүйсініп, таңдай қағысатын болды. Санаулы жыл ішінде таңдаған мамандығының қыр-сырына қанығып үлгерген ол ұжымдағы өз орнын айшықтай білді. Аудандық байланыс кеңсесінің бастығы демалысқа кеткен бірқатар лауазымды қызметкерлердің жұмысын Тілек ағамызға жүктеп жүрді. «Ол кезде қазіргідей «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» мүмкіндік жоқ. Біз уақытпен санаспай еңбек еттік. Қазынаның қаржысына өзіміздің мүлкіміздей жанашырлықпен қарадық. Әр тиынның есебі болды», – дейді ақсақал.
1967 жылы Бескөл ауданы құрылып, Тілек Әйтімұлының кандидатурасы аудандық байланыс торабаның бастығы лауазымына ұсынылады. Бұл қызметті де жатсынбай, ұршықша иірген ол 1975 жылы облыстық байланыс басқармасы бастығының орынбасары атанды. Ал 1993 жылы облыстық мемлекеттік пошта басқармасының бастығы болды.
Тілек Әбдірахманов жетекшілік еткен жылдары жергілікті пошта басқармасы 461 елді мекенге қызмет көрсетті. Аудандық, облыстық газеттер оқырмандарға жұмасына бір рет, республикалық газеттер келуіне қарай аптасына бір мәрте апарылады екен. Тәжірибелі маман бұлай болмайтынын, жұмысты ұйымдастыру тәсілін өзгерту қажеттігін айтып, елді мекендерге апаратын жолдарды зерттеген. «Менің бұл бастамама қарсы шыққандар да табылды. «Күн сайын көліктер жүйткіп нан мен сүт тасуда. Газеттерді де таситын көлік керек» дегенімнен кейін гу-гу әңгіме аяңы саябырсығандай болды. Аптасына 3 рет шығатын аудандық газеттер, 5 рет жарық көретін облыстық басылымдар оқырман қолына дер кезінде тиіп жүрді», – дейді кейіпкеріміз.
Ғұмырдариясының алтын жалын еңбекпен тараған ақсақалдың атақ-марапаты аз емес. Өмірінің әр жылдарында «Қазақстанның құрметті байланысшысы», «Бүкілодақтық социалистік жарыстың үздігі», «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атанды. Оны бұл тұғырға уақыттың өзі қондыра салған жоқ. Білім-білігінің, парасат-пайымының арқасында жетті. Осы жасқа келгенше жас ұрпаққа ұлағат боларлық тындырған істерін санамалап тауыса алмаспыз. Олардың барлығы «тоқсанның» биігінен өткен өмір арнасына көз тастағанда толағай таудың шыңындай болып көңіл көкжиегіне қонақтай кетеді. Марқұм жары Қапура екеуі 57 жыл отасып, үш перзент тәрбиеледі. Авиация саласының таңдаулы маманы атанған үлкен ұлы Алтай дүниеден ерте озды. «Тұңғышым әскери ұшқыш еді. Оның рухы аспанда қалықтап жүргендей болады да тұрады», – дейді ақсақал. Екінші ұлы Астанада жемісті еңбек етуде. Райханы – жанында.
Тілек Әйтімұлы ішімдегіні тауып ал дейтін жан емес. Оны өз басым талай мерейлі жиындарда байқағанмын. Жаспен де, жасамыспен де тіл табыса білетін ақсақал кейінгі буынның жолының ашық, жүрегінің кең болғанын әркез тілеп отырады. «Адамның өмірі адалдық қағидасы негізінде өрілсе, оның өкінетін дүниесі аздау болады», – дейді ол.
Тілек Әйтімұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті – жаяу жүретіндігі. Тоқсан жасқа келсе де өз қатарластарымен салыстырғанда шалт қимылдап, сергек жүруі саламатты өмір салтын берік ұстанғанының әсерінен болса керек. «Жақсы адам қартайса, көкірегі толы хат болар, жаман адам қартайса, бықсып жанған от болар» деген емес пе халық даналығы? Үлкен өмір жолынан өткен, адал еңбегімен, асыл қасиетімен абырой биігіне көтерілген абыз ақсақалдың әр сөзінен даралықтың, даналықтың лебі еседі. Өмірге деген құлшынысыңды, құштарлығыңды арттыратын леп!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.