
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жылдағы дәстүр бойынша Жолдау арнап, дағдарыстан кейінгі даму жолдарымызды айқындап берді. Тарихи құжаттың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” деп аталуы тектен-тек емес. Төрткүл дүние күрделі уақыт кезеңінде тұр. Пандемия Қазақстан үшін де үлкен сынақ алаңына айналып, бірқатар қиындықтарға соқтырғанына қарамастан, жұдырықтай жұмылып жеңе білдік.
Жолдауда бүгінгідей еңсені езген тығырықтан қалай шығудың басым бағыттары толықтай белгіленіп, Үкіметке бірқатар тапсырмалар берілді. Аса ауқымды стратегиялық қағидаттар барлық салаларды қамтып отыр. Мен өз ойымды қоғамдық талқылауларға шығарылған өзекті бір мәселе төңірегінде өрбіткенді жөн көрдім. Маған “Ұлттың жаңа болмысы” тарауында қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндетіне – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыруға ерекше мән берілгені өте-мөте ұнады. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері зиялы қауым белсенділігінің төмендеп кеткені жайлы жиі айтылып жүр. Мен бұл пікірге толық қосыламын. Соның салдарынан олардың ұлт сапасын арттырудағы рөлінің біршама төмендеп кеткені байқалады. Сол сияқты жаңғырған қоғам кезінде, әсіресе, қазіргі пандемия сынағы өмірге басқаша қарауды, барынша жинақы, ұқыпты болуды үйретті.
Хакім Абай “өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпаққа” “талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қоюды” қарсы қойған. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін сол “бес асыл іске” көндіге алмай келеміз. Ысырапшылдық, даңғазалық адамның да, қоғамның да абыройын айрандай төгетінін жете ұғына қойған жоқпыз. Әрине, ұлттық құндылықтардың одан әрі тамыр жаюына, салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың өркендеуіне бәріміз де мүдделіміз. Жолдауда “Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам” жүйесін берік орнықтырудың күн тәртібіне қойылуы мәселенің әлі де өзекті екенін аңғартады. Осындай игі істердің бастаушысы, ұйытқысы зиялы қауым өкілдері, ақылгөй қариялар, керек десеңіз, ойы да, бойы да заман өзгерістерімен үйлескен жас буын болуы тиіс. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістіктері мен табыстарын, мәдениетін, рухани бай игіліктерін әлемге паш ете алады. Ол үшін өмірлік ұстанымдармен қоса жеке қасиеттеріміз де түбегейлі өзгеруі керек.
Жақсылық ЫСҚАҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.