“Адамның сырт келбеті оның ішкі дүниесінен сыр шертеді” депті өз заманында Шығыстың ғұламасы Авиценна. Орта ғасырда өмір сүрген парсылық ғалымның бұл тәмсілімен келіспеуге болмайды. Оған өз басым талай рет куә болған жайым бар. Өмірде өзінің төңірегіндегілерді келбетімен, табиғи болмысымен, қарапайымдылығымен, сөзімен де, ісімен де баурап алатындар аз емес. Осындай қасиеттерге ие тұлғалармен қызметтес болудың өзі ғанибет емес пе?! Мен осы санаттағы адамдардың қатарына есімі Есіл өңіріне кеңінен танымал ақын, Қазақстанның құрметті журналисі, “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері, көп жылдар бойы “Ленин туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) газетінің өсіп-өркендеуіне өзінің сүбелі үлесін қосқан Болат Қожахметовті де қосар едім. Бүгіндері жетпістің белесіне тың күйінде жетіп отырған абзал азаматтың өткен өмірі, алған белестері көпшілікке, әсіресе, кейінгі буынға өнеге десек, артық айтқандық бола қоймас.
Бөкеңмен менің сырттай таныстығым мектеп қабырғасында білім алып жүргенде басталды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біз құралпылас балалар газет-журнал оқуға ынтызар болушы еді. Нақ осы кезде өзім де оқушы дәптеріне ойымдағыны түсіріп, тырнақалды дүниелерімді газеттерге жолдай бастаған едім. Сол кездері Бөкеңнің газеттерде жарық көрген мақалаларын, өлеңдерін сүйсіне оқитынмын. Кейіннен Петропавл педагогика институтына оқуға түскен соң “Ленин туы” газетінің редакциясына жиі келетін болдым. Сөйтіп, Болат Қожахметовпен жақынырақ таныстым. Кеңес армиясының қатарындағы азаматтық борышымды өтеп қайтқан соң редакцияға қызметке алынғанда алғашында мәдениет бөлімінде Болат ағаймен бір кабинетте отырдық. Ол менің жазған мақалаларымның иінін қандырып, газетке жариялауға жарамды етуге көмектесетін. Өмірімнің үш мүшелге жуық уақытында қызметтес болған Бөкеңнің шығармашылық жолы маған етене таныс деуіме болады.
Бөкең Ұлы Жеңістен кейінгі жылдың қара күзінде Ленин (қазіргі Есіл) ауданының Өрнек ауылында туған екен. Ерке Есіл өзенінің жағасында орналасқан Өрнек – табиғаты адамды тамсандыратын ауыл. Анасының айтуынша, ол туған жұма күні ауылға алғашқы қар түсіпті. Әке-шешесі соғыстан кейін әлі бой түзей қоймаған ауылдағы қиыншылықтарға қарамастан, қолда барын жалғыз ұлының алдына тосады. Жастайынан алғыр болып өскен Бөкең сабақта да алдыңғы қатардан көрінеді. Оның үстіне небір жиын-тойларда суырып салма өнерімен көзге түскен ол бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ “Ақын бала” атаныпты. Жиенінің бұл өнерін ұштағысы келген нағашы ағасы Әлкен Шалабаев оның бірнеше шумақ өлеңін газеттердің біріне жолдап жібереді. “Қай газет екенін ұмыттым. Бір күні содан жауап алғаным еміс-еміс есімде қалыпты. Онда өлеңді қағазға жазып шығару, оны әдебиет пәнінің мұғаліміне көрсетуім қажеттілігі айтылыпты”, – деп еді кабинетте жұмыстан қол босаған сәттегі сырласу барысында Бөкең. Содан кейін ғана ол шығарған өлеңдерін қағазға түсіре бастапты.
Болат ағай, әсіресе, Шал ақын ауданындағы Ленин (қазіргі Мәркен Ахметбеков атындағы) орта мектепте оқыған жылдарын сағына еске алады. Осы білім ордасындағы ұстаздары, кейіннен белгілі қаламгер болған Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев, драма үйірмесінің жетекшісі Жылгелді Мұқанов оқушыларының тырнақалды туындыларын оқып, оның ақындық жолына дұрыс бағыт бере біліпті. Осы ауылда тұратын белгілі жазушы Ғалым Малдыбаев та оған ақ батасын берген көрінеді. Сол жылдары осы білім мекемесінде мектепішілік радиоторабы жұмыс істеген екен. Мектептегі жас ақындар Амандық Әбжанов (кейіннен “Ленин туы” газеті редакторының орынбасары болған), Болат Қожахметов осы радиоторабы арқылы өздерінің өлеңдерін оқып жүріпті. Мектеп дәлізінде оқушылар “ақындар келе жатыр” деп оларға жол береді екен.
Бөкең ақындық қасиет анасы Мәртайдан дарығанын жиі айтатын. Жалғыз ұлын “тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттығы қақтырмай” өсірген асыл ана баласының әр сәтті қадамына қуанып отыратын. Он бестегі жас ақынның балалық іңкәр көңілінен шыққан:
О, ана, ардақты ана, абзал ана,
Тәрбиең маған берген аз ғана ма?!
Мендегі махаббаттай саған деген,
Ыстық-ау, ықыласың өз балаңа, – деп басталатын алғашқы “Анама” өлеңінің газетте жарық көруі Бөкеңнің сенімін нықтай түсіпті.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары облыстық “Ленин туы” газеті жабылып қалған соң елге көшіп келіп, Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берген белгілі журналист Ермек Құсайынов та ауылдас інісінің өлең жазуға деген құлшынысын қолдайды. Сынып жетекшісі болған ол дарынды оқушының сабақ оқуына жағдай жасау үшін интернаттан алып шығып, туыстарының үйіне пәтерге орналастырады. Ленин орденді ұстаз Асқар Игібаев басқаратын бұл білім ордасы сол кездері айтулы мектептердің қатарында болатын. Осы мектепті үздік бітірген арманшыл жас журналист мамандығына оқуға түсу ниетімен әсем қала Алматыға жол тартады.
Қазақ елінің сол кездегі астанасында анасының туған інісі тұратын. Анасы інісіне бір тілім қағазға ойындағысын жазып, тілеуін тілеп ауылда қала береді. Нағашысы Кенжеболат Шалабаев Қазақ мемлекеттік телевизия және радио комитетінің төрағасы болып қызмет істейтін. Жиенінің ойын білген соң нағашысы: “Сен біреудің жалғыз ұлысың. Ауылда газет шықпайды. Әке-шешең қалаға көшпейді. Олар сенен үміт күтеді. Сондықтан мал дәрігері боласың”, – деп келте қайырады. Сөйтіп, Болат Алматы зооветеринарлық институтының студенті атанады. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүргенде де ол өзінің сүйікті ісінен қол үзбей, өлең жазып жүреді, әдеби кештерге, ақын-жазушылармен кездесулерге жиі қатысады. Студенттер арасындағы әртүрлі басқосуларда өзінің өлеңдерін оқып, ақындығымен көзге түсе бастайды. Нағашысының зайыбы Ләзиза Аймашева қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы болған. Сабақтан бос уақытында жеңгесінің сөзінің мәтінін жазуға ол қиналмай-ақ көмектесетін. Институттың үшінші курсында оқып жүрген қайын інісінің ақындығына тәнті болған ол: “Сен мынадай өнермен мал дәрігері болсаң, бар талантыңнан айрылып қаласың ғой. Ауылда ақындықты жетілдіретін орта болмайды”, – деп кеңесін береді. Нағашысы Алматы зооветеринарлық институтынан оны Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауыстыра алмаған соң бірнеше ай ауылда еңбек етеді. Ауыл өмірі хақындағы мақалалары, өлеңдері облыстық “Ленин туы” газетінде жиі жарық көре бастайды.
1968 жылдың 4 наурыз күні газеттің редакторы Құрмантай Меңдіғожин Болат Қожахметовті қызметке қабылдау туралы бұйрыққа қол қояды. Сол жылы Бөкең Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының журналистика факультетіне сырттай оқуға да түседі. Ол қаламгерлік жолын Бақыт Мұстафин жетекшілік ететін мәдениет бөлімінің әдеби қызметкері болып бастайды. Міне, содан бергі жарты ғасырға жуық өмірін Бөкең қиындығы мен қызығы мол журналистік кәсіпке арнап, бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі, бас редактордың орынбасары сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде ол журналистердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Мен де өзімді солардың санатына қосамын.
Қызмет бабымен Бөкең екеуіміз ұзақ уақыт бір кабинетте отырдық. Сол кездері оны жақын тани бастадым. Ол журналистердің жазған мақалаларын қараудан, оларға ақыл-кеңес айтудан, жұмысты ұйымдастырудан жалықпайтын.
Айтпақшы, Бөкеңмен тығыз байланыстыратын тағы бір оқиға туралы айтпай кетпеуім жөн болмас. Кеңестік кезең кезінде “Ленин туы” газеті облыстық партия комитетінің органы болғандықтан, журналистер қауымына бірқатар жеңілдіктер берілетін. Соның бірі тұрғын үй мәселесі болатын. Ол кездері редакцияға жыл сайын бір немесе екі пәтер бөлінетін. Ал бұрын бөлінгендері редакцияның меншігінде қалдырылатын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында бес баласы бар Болат ағайға бес бөлмелі үй бөлінді. Ал оның Мир көшесінің бойындағы үш бөлмелі пәтеріне мен көшіп бардым. Ол маған да құтты баспана болды. Болат ағай мен Мәруа жеңгейдің төрт қызынан кейінгі ұлы Дулат осы үйде қазақ жастарының әділет, бостандық туын көтеріп кеңестік қасаң идеологияға қарсы шыққан 1986 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келген. Бүгіндері сол Дулаты әке жолын қуып, журналист мамандығын меңгерген. Бөкең қыздарын ұзатқан жылы менің ұлым мен қызым да отау құрды. Бүгіндері Бөкең жиендерінің сүйікті атасы болып отыр.
Ол жас ақындардың “Жігер” республикалық фестиваліне екі рет қатысты. 1972 жылы Шымкент қаласында өткен алғашқы фестивальда көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков оның жырларына өзінің оң бағасын берген болатын. Басқа адам болса оған масаттанып, комитет төрағасы болып қызмет істейтін нағашы ағасы Кенжеболат Шалабаевты пайдаланып, өлең кітабын шығарып та алар еді. Алайда, Бөкең ондай жеңіл жолды іздеген жоқ. Біраз жылдардан кейін өзінің сүзгісінен өткізген, оқырман қауымының жүрегіне жеткен жырларын жинап “Жалын” баспасына тапсырғанда талай кедергілерге душар болды. Ондағылар жинақты жақсы қабылдап алғанымен, бірдеңе дәметкен сыңай танытқан көрінеді. Ондайға жаны қас Бөкеңнің кітабы соның кесірінен жарық көрмей, із-түзсіз жоғалып кетіпті. Бөкең 2013 жылы Түркияның Елазих қаласына барып келді. Онда ол Түркі дүниесі ақындарының фестиваліне қатысты. Бұл фестивальда Еуропадан, Азиядан көптеген ақындар бас қосыпты. Түркияда қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевты пір тұтады екен. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары түрік халқының басына күн туғанда ұлы Мағжан “Алыстағы бауырыма” деген өлеңін шығарып, оларға рух берген. Сол жақсылық түріктердің бүгінгі ұрпағына да етене таныс екен. Мағжан туған өңірден келген Бөкеңді фестивальда зор қошеметпен қарсы алып, оның жырларына тәнті болыпты, олар түркі тіліндегі жинаққа енгізіліпті.
Болат Қожахметовтің жарық көрген “Аспандағы арғымақтар” мен “Жыр борайды” кітаптарын оқып отырып, оның өлеңдеріне тән өрнекті бедерін атап өтуге болады. Өлеңдерінің алдымен кестелі көркемдігін, ойға, толғанысқа құрылған шымыр шумақтарын ауызға аламыз. Бөкең өлеңді жеңіл оқылатындай етіп, жібектей сусыған үйлесіммен, маржандай мәнерлі мақаммен толқыта біледі. Бөкең – жалаң үгітшілдіктен, жаттанды арналардан, саяси пәлсападан бойын аулақ салатын ақын. Оның жырларының дені дала табиғатына, отбасына, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігіне, ой-сезімдерге арналған. Барынша шыншыл жырлар төгуге ұмтылатын ақынның өлеңдері өзінің шынайылығымен ерекшеленеді әрі оқуға да, миға тоқуға да жеңіл. Оның жергілікті ақын Владимир Шестериковтың аударған орыс тіліндегі өлеңдері республикалық “Простор” журналында жарық көрген.
Жетпіс деген жеті белеске көтерілген Болат ағай әлі де шығармашылық шабыт үстінде. Ол өзінің “Өзім және өзгелер жайында” деп аталатын таңдамалылар жинағының эсселерден құралған алғашқы кітабын баспаханаға беріп қойған. Оның екінші кітабы да дайын тұр. Олардың жыр сүйер қауымның қолына тиетін күні алыс емес. Бөкең “болдым, толдым” деп қол қусырып отыратындардың қатарынан емес. Жастайынан әкесінен діни сауатын ашқан ол қызмет істеп жүріп, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің медресесінде білімін жетілдірді, басын сәждеге тигізді, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Бүгіндері ол осы мешіттің баспасөз хатшысы ретінде жамағатты имандылыққа, дініміздің асыл қасиеттеріне баулуға үлес қосып жүр.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.