«Soltüstık Qazaqstan» газетінде 43 жыл қызмет еткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың есімі көпке мәлім. Ғұмыры тек қана БАҚ-пен шектелмей, ұлт, тіл мүддесі жолында қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. «Қазақ тілі» қоғамының филиалын құруға, мемлекеттік тілдегі мектептер мен сыныптар ашуға, облысымыздағы тұңғыш тәуелсіз басылым – «Қызылжар» газетін шығаруға ат салысқанын жерлестері ұмытқан жоқ. Теріскейде кенжелеп қалған айтыс өнерінің жандануына Зейнолла ағамыздың көп еңбек сіңіргенін замандастары айтып жүр. Елдің сый-құрметіне бөленген қаламгердің отбасылық өмірінен сыр шерту мақсатында жары Ғалия Уахитқызымен әңгімелестік.
Екі жас 1969 жылдың қысқы демалысында ұйымдастырылған сауық кешінде танысады. Зейнолла ағамыздың жиені Ғазез Шаяхметовтің Ғалия Уахитқызымен сыныптас болғаны таныстықтың аясын кеңейте түсті. Хат жазысады, кейін қалада кездесіп жүреді. Ғалия Уахитқызы 1974 жылы Петропавлдағы педагогикалық институтта (қазіргі М.Қозыбаев атындағы СҚУ) білім алып, жолдамамен ауылға кетеді. 1974-1979 жылдары Жаңажол орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып қызмет етті.
– Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген соң ұстазы, академик Зейнолла Қабдолов Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтына қызметке орналастырған. Диплом жұмысы кандидаттық диссертацияға лайық деп бағаланды. Алайда Зейнолланың өзі жұрттың қолы жете бермейтін жұмыстан бас тартып, «кәрі шешемді жалғыз тастамаймын» деп Қызылжарға ауысты. 1979 жылдың 4 тамызында шаңырақ көтердік. Көпшіл, әңгімешіл, кісіге жақын қасиеттерімен, кез келген саладан білімі бар, ой өрісінің кеңдігімен жүрегімді жаулады десем болады, – дейді ақынның зайыбы.
Жақсының жары Ленин зауытында, мұрағатта, «Қазақ тілі» қоғамында, мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын институтта, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар жас- өспірімдер кітапханасында қызмет еткен. 41 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Зейнолла Рамазанұлына «Ленин туы» газетіне орналасқанына бір жыл өтпей, 1976 жылы Новая көшесінен екі бөлмелі пәтер беріледі. Араға он бір жыл салып, 1987 жылдың 25 желтоқсанында М.Горький көшесіндегі пәтерге көшеді.
«Зекең әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Балалардың туған күндерінде, мерекелерде, соғым сойғанда да, айттарда да бірге жүрдік. Саяжайдан жер бөлініп берілді. Бау-бақша ұстауға ниеттендік. Күн-түн демей, редакцияның отымен кіріп, күлімен шықты. Ол кезде газет шығаратын техникалар ескі, нашар еді. Газеттің бір санын 40 сағат шығарған күндері болды. Үйден тамақ апаратынбыз. Кейде журналистер жұмыстан кеш шығып, бой сергітпек болып, біздің үйге келіп, кішігірім отырыс ұйымдастыратын. Қайырбек, Қошан үшеуі Жамбыл аудандық «Ауыл арайы» апталық газетінің бірінші санын Пресновта 10 күн жатып, шығарып бергені әлі күнге дейін есімде», – дейді Ғалия Уахит-қызы.
Ағамыздың «Қазақ тілі» қоғамының жанынан «Қызылжар» газетінің шығуына, 1989 жылы «Ана тілі» клубын құруға, 1990 жылы «Салтанат» балабақшасының ашылуына атсалысқаны белгілі. Осындай қарусыз майданда шындықты айтқан адам айналасына жақсы көрінгенімен, кесірі бала-шағасына тимей қоймады. Ғалия Уахитқызының айтуынша, Зейнолладан сын естіген білім беру саласының кейбір өкілдері бар өшін ақынның балаларынан алып отырған.
«Ағаң дүниеге қызықпаған адам еді. Кісілерге көмегі тигенге қатты қуанатын. Үйге де кісі өте көп келетін. Бірде ауылдан келген жиенім 18 адамның қонғанын айтып таңғалған еді. Новая көшесінде тұрғанымызда қоғамдық көлікке төлейтін тиын болмай, жаяу жүріп, 11 аялдама санап келген кезіміз де болды. Ломбардтарға да қарыз болдық. Несие де алдық. Еріміздің абыройын аласартып алмайық деп, еңсемізді түсірмедік. Зейнолланың турашылдығының бір ұшы бізге тиетін», – дейді Ғалия Уахитқызы.
Шаңырақтарында Сафуан Шаймерденов, Ғаділша Қаһарманұлы, Ерік Асқаров, Ғалым Жайлыбай бастаған меймандар болып, дәм татқан. 2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Жақсының жарының айтуынша, Зекең үйдің емес, түздің адамы еді. Есіл-дерті халықтың қамы болатын. Халық та еркелігін көтеріп, өлеңдерін жақсы көрді. Ақын ағамыздың ашуы шай орамал кепкенше еді. Ұрсысып алған соң бес минут өтпей, бәрін ұмытып, күліп сөйлесетін. Отбасында да осы мінезінен арылмаған екен.
Қызметін махаббатпен атқарғаны соншалық оның жұмыс тәртібі 8 сағатпен шектелмейтін. Мәлімет іздеген жазушы, ғалымдар Зекеңе демалыста да қоңырау шалып, маза бермейді екен. Ол кезде кітапханалар жабық, ғаламтор атымен жоқ. Бәлкім жерлесімізді жұрттың «энциклопедия» деп атауының сыры осында болар.
Қанда бар дүние атадан балаға даритыны белгілі. Қызы Асыл Зейноллақызы да көңілдің кей- бір сәттерін өлең жолдарына түсіріп жүр. Оның туындылары «Қызылжардан ескен леп», «Бәйшешектер» антологияларына енгізілген.
Өлеңімен оқырман жүрегін жаулаған ақын ағамыздың көзі тірісінде «Жерұйық», «Мизамшуақ», «Нұрлы шуақ» кітаптары шыққан, өзі өмірден өтсе де, артында қалған жоқтаушыларының арқасында кейін «Оттай ыстық Отынағаш», «Замана шам-шырағы» кітаптары жарық көрді.
– Зейнолланың өлеңдерін оқығанда авторы өзің сияқты сезінесің. Өз жүрегіңнен шыққандай жаныңа жылы тиеді. Ақынның жұмысқа қырсыз келетіні бесенеден белгілі. Кейде әңгімелескенде «Жерұйық» кітабына енгізілген «Ғалияға» өлеңін алға тартып, бір-ақ өлең жазғанын айтып, еркелейтінмін. Сонда «Мизамшуақ» кітабындағы «Хауана» өлеңін маған арнағанын тіліне тиек етіп, «Сені Еваға теңегенмін», – деп сөз тауып кететін. Екеуміз бір ұл, екі қызға ата-ана болдық. Тағдырыма ризамын», – дейді Ғалия Уахитқызы.
Зейнолла Әкімжановтың өмірі бұралаң жолдардан тұрды десек, қателеспейміз. Алты жасынан әкесінен айырылды. 1980 жылы қызы Әсем 5 жасында жол апатына ұшырап, опат болды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».