«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫННЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ – ЖАҢА МОНЕТАЛАР

Ұлттық банк Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан «ABAI. 175 JYL» коллекциялық жаңа монеталарын айналымға шығарды.

 Номиналы 500 теңгелік монеталар күмістен, ал 100 теңгеліктер мельхиор қоспасы мен нейзильбереден жасалған. Жаңа монеталардың алдынғы бетінің орта тұсында Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленса, оның оң және сол жақтарынан «Qazaqstan Respyblikasy. Republic of Kazakhstan» деген жазуларды оқуға болады. Ал айналасы ұлттық ою-өрнектермен айшықталған монетаның төменгі жағында номиналы көрсетілген «tenge» жазуы бар. Ал монеталардың сырт жағында, яғни реверсінде Абай Құнанбаевтың мүсіндік портреті, интерференциялық түрлі-түсті бейнелеу технологиясын қолдана отырып орындалған сия құтысының және қаламұштың стильдендірілген бейнесі орналасқан. Портреттің оң жағында – қазақтың киіз үйі (басқұр) декоры түріндегі ою-өрнек таспасы, оның астында Абай Құнанбаевтың туған және монетаның соғылған жылын білдіретін «1845-2020» деген жазу бейнеленген. Оң жағында металдың салмағын көрсететін «31,1 g» және жоғарғы бөлігінде «175 JYL» деген жазбалар бар. Сол жақ бөлігінде ұлттық ою-өрнек элементі, күміс монетаға металды және оның сынамын білдіретін «Ag 925» деген жазу жазылып, монетаның төменгі бөлігінде латын графикасында «ABAI» деп жазылған. 

Ұлттық банктің облыстық филиалының касса меңгерушісі Александр Афанасьевтің айтуынша, күмістен жасалған салмағы 31,1 грамды құрайтын 500 теңгелік монета 10 мың теңге тұрады. Тиражы санаулы, әзірге 1500 дана шығарылған. Ал мельхиор және нейзильбер қоспаларынан өңделген 100 теңгеліктер ақша айналымында қолданылатын болады. Оның салмағы – 15 пен 11 грамның шамасында. Тиражы сәйкесінше 8000 және 75000 мыңды құрайды. 

Қазіргі таңда еліміздің басты қалаларында ғана сатылып жатқан жаңа монеталар жуық күндері өңірімізге жеткізіледі деп күтілуде. Ұлттық банктің облыстық филиалының мамандары хабарлағандай, монеталарды айналымға шығару мерзімі карантин режімі аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Маржан ҚАСЫМБЕК.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp