“Өмір өтіп барады, ғұмыр ағып,
Бірі өшіп көңілден, бірі қалып…
Жарық нұрға жанымды жетелеші,
Уысынан уақыттың жұлып алып”.
Бұл – өлеңнің құшағында тербелген, жанын жарық нұрға малған жерлесіміз, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтар Зікіриннің кестелі шумағы.
Есімі өңір жұртшылығына белгілі қаламгер ақындықтың аламанына атын қосқалы бері мәреден күткен оқырман қауымына “Өмір өзегі” деп аталатын төртінші туындысын ұсынып отыр.
Ғажабы мен азабы бірдей сөз өнерінің иесі болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген бақыт қой. Олай дейтініміз, ақынның ішкі рухы, батылдығы теңіздің алапат толқынындай күшті болса, соған сай жан дүниесі де нәзік, күздегі жапырақтай діріл қағып тұрады. Тоқтар Нұрахметұлының өлеңдері де осындай. Оның сиясы кеппеген бұл туындысына, кітаптың аты айтып тұрғандай, өмір толғаныстары, балалық шақ, қазақ атын әлемге әйгілеген алдаспан тұлғалар жайлы, ауылға, елге деген сағыныштың иісі аңқыған таңдамалы өлеңдері енген. Солардың қатарынан “Соңғы дәптердің сыры” бөліміндегі “Қара жұртым кешпейді”, “Қара нөсер”, “Түн перзенті”, “Жапырақ түскен сары күз” деп аталатын, бұрынғы жинақтарына енбеген өлеңдерін көзіміз шалды.
Тоқтар Нұрахметұлын көкірегі ояу өлеңсүйер жұртшылықпен етене жақындастырған қазақтың қарапайым қара өлеңі. “Мен өлеңге кеш келдім. Оның себебін өзге мамандық таңдауыммен байланыстырған жөн болар. Бірақ Алланың берген дарыны уақыт талғамайды екен”, – дейді автор.
Өлеңге сәбише сеніп, ағынан ақтарылған ақынның сағынышы бөлек, мұңы ерек. Кітаптағы туындылардың да әрқайсысы жаныңды, жүрек сезіміңді дір еткізбей қоймайды. Оқып көрейікші:
“Жатқа жағып көрмеген өз күйесін,
Асыл елден асықпай ой түйесің.
Сол ауылды дәл бүгінгі кейпімен,
Бұрынғыдан артығырақ сүйесің, немесе
Көшкенкөңде аққайың аралы бар,
Жұпар иісі аңқыған самалы бал.
Бүлдіргенді бөктері қандай еді,
Шақыратын жазда осы баланы бар”, –
деп өрілген жолдардан тағдыры талапайға түскен жұрттың жасырынған тағдырын, перзенттің оған деген шексіз сүйіспеншілігін, аңғал сезімін аңғарасың. Туған елге, өскен ортаға деген қимастықты ауыл арасынан шығып, қиындық пен жақсылықты ел-жұртымен бірге көрген ақын ғана жаза алады. Тоқтар ағамыздың өлеңдерінің ерекшелігі де осында жатыр емес пе?
Мейірім мен шынайылыққа шөліркеп тұрған мына заманда жаның жаситын, жанарың жәудірейтін шақтар аз кездеспейді. Тоқтар ағамыз оқыған жанның көңіл тебіренісіне дөп түсетін жақсылық, адамгершілік, достық, ізгілік жайлы тақырыптарды да қалыс қалдырмаған. Ақынның бұл кітабы шынайы өлеңге шөліркеген өлеңсүйер қауымның жүрегіне жетеді деген сенімдеміз.
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.