
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толуына орай Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия жанындағы музыка студиясы «Ел тілегі – жарқын болашақ» есеп беру кешін өткізді. Достық үйіне жиналған қауым талантты балалардан құралған домбырашылар, би ұжымдарының өнерлерін тамашалады.

Кеш шымылдығы «Алтын күз» халықаралық фестиваль-байқауында жүлдегер атанған қазақ ұлттық аспаптар оркестрі орындаған күймен басталды. Жас дарындар Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» мен Құрманғазының «Балбырауынын» төгілтті. Күй өнерін жанына серік етіп, талай кештердің көркіне айналған балалар қаз-қатар тізіліп, жұртшылықты керемет күйге бөледі. Аттың жалында, атанның қомында бүгінге жеткен асыл мұра – қазаққа ғана тән күй өнері қалықтаған кеште «Жастар биі», «Тепен көк», «Секіртпе» халық күйлері де кезек-кезек әуеледі.
Мектеп сахнаның сәнін келтіріп, актерлік шеберліктерімен көзге түсіп үлгерген гимназия оқушылары Алаштың алып темірқазығына айналған Абайды таныту мақсатында көрерменге «Қазақ ақындарының Пайғамбары» сахналық қойылымын ұсынды. Кеш барысында білім ордасында түрлі өнер үйірмелеріне қатысып, бәйге төрінен көрініп жүрген дарынды балалардың ән айтудан да алдына жан салмайтыны аңғарылды. Оқушылар көрермендерді классикалық, эстрадалық және ұлттық әндермен сусындатты. Сөйтіп, ұйымдастырушы оқытушылар мен жас өнерпаздар концертті тамашалаған ата-аналардың, ұстаздардың, оқушылардың – барша көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Бұл – өнерге жаны жақын дарынды жеткіншектерге ән-күйімізді бойларына сіңіртіп, аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың зор еңбегінің нәтижесі. Осындай өнерпаз шәкірттеріміздің әлі талай үлкен сахналарда өнер көрсететіндеріне сеніміміз мол. Ұл Абай аталарының 175 жылдық мерейтойына өнерден сый жаудырған өрендеріміздің бүгінгі бастамасын өзге оқу орындары да қолдап, қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттау шараларын жалғастыра түседі», – деген «Urpak» қазақ мәдени-ағартушылық орталығы төрағасының орынбасары Гүлбақша Мұсабаева жас буынға алғысын айтып, балалардың өнерін дамытуға ат салысып жүрген гимназия ұстаздарын Ассамблея атынан Алғыс хатпен марапаттады.

Қалалық классикалық гимназияның директоры Күлтай Мұқанованың айтуынша, мектеп бағдарламасында жас ұрпақты ұлттық өнер мен салт-дәстүр негізінде тәрбиелеу ісіне ерекше ден қойылған. Сондай-ақ, кейінгі буын өкілдерінің бойына Абай философиясы арқылы адамгершілік, ізгілік, мәдениеттілік қасиеттерін сіңіру міндетіне ерекше көңіл бөлінген.