Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана”, – деген болатын. Иә, біздің халқымызда ақындығымен, батырлығымен, шешендігімен жұртшылықты сүйсінтіп, кейінгі ұрпақтың жадында жатталған асыл тұлғалар аз емес.
Әсіресе, Жамбыл ауданының әр кез өзгелерден бәсі биік болуының өзіндік сыры бар. Өйткені, “Қара таудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді”, – деп осыдан үш ғасыр бұрын елінің басына төнген нәубетті жырға қосқан Қожаберген Толыбайұлының, “Қылышпын қынабынан алынбаған, Алтынмын таразыға салынбаған”, – деп ақындық, сазгерлік өнеріне елі бас иген халқымыздың даңқты ұлдарының бірі Сегіз сері Баһрамұлының атақоныс – жерұйығы. Сондай-ақ, әдебиет майталмандары Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Сафуан Шаймерденовтің, Иван Шуховтың қасиетті жердің перзенті екенін кім білмейді?! Текті ұрпақтың көшін жалғаған Игібай Әлібаевтің есімін де жерлестері әрқашан құрметпен атап жатады.
“Баласы Әлібайдың Игібаймын,
Гүл бақшада сайраған бұлбұлдаймын.
Домбырам екі шекті – жан серігім,
Алуан түрлі ән салам, жаңылмаймын”, – деп аспандағы аққуға үнін қосқан Игібай Әлібаев – көзі тірісінде ақындығымен, әншілігімен жұртшылықтың құрметіне бөленген өнерпаздың бірі. Қызылжардың киелі топырағында түлеген ардақты ұлдың биыл 115 жылдық мерейтойы. Осыған орай, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Игібай Әлібаев мұрасы және рухани жаңғыру құндылықтары” тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанбай Қадыров жүргізген бұл шараға ақынның туған-туыстары, ауылдастары, көз көргендер және жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары қатысты. Игібай Әлібаев мұрасының әлі де ашылмаған парақтары көп. Ақынның өмір жолы мен өнері жайлы көп айтыла бермейді. Осы тақырыпқа кандидаттық диссертация қорғаған Жанбай Тұрарұлы мен жергілікті өлкетанушылардың “Soltústіk Qazaqstan” облыстық газетінде әр жылдары мақалалары жарияланғаны болмаса, оның есімін ұлықтауға арналған шаралар некен-саяқ. Сондықтан бүгінгі конференцияда ақынның жоқтаушылары осы бағыттағы жұмыстардың кемшін екеніне қынжылды. Атап айтар болсақ, бүгінгі күнге дейін өнер иесінің есімін ұлықтау үшін облыс орталығында көшеге есімі де берілмеген. Туған ауылы – Айтуардағы мектепке ақынның атын беру жөніндегі бастама да аяқсыз қалған екен. Көпшілік алдында сөз сөйлеген Игібай Әлібаевтің немересі Көгершін Шахметова, жерлестері Шаншар Жекеев пен Жангелді Уақпанов осы олқылықтың орны толса, жоғымыз түгенделіп, барымыз бүтінделер еді, деді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғалымдары Сәбит Жәмбек пен Ғарифолла Абылқасов Қызылжар мен Көкше өңірінің ақындарының асыл жырлары жайлы әңгіме өрбітті.
Ал облысымызға белгілі ақын, журналист Зейнолла Әкімжанов Игібай Әлібаев шын мәнінде, халқының ықыласына бөленген мықтылардың бірі болғанын дәттеді. Көзі тірісінде құрмет пен қошеметке бөленген тұлғаның мерейтойын кең ауқымда өткізу керектігін айтты. Академик, жазушы Сәбит Мұқанов: “Игібай – шын мағынасындағы халық әртісі. Оның жүрген, тұрған жерлері үнемі сауық. Ол бір жерге бара қалса, халық жиналады да, күнімен, түнімен дегендей, ән айтудан жалықпайды. Оның репертуары өте бай, халық әндерін де, Біржан, Ыбырай, Ақан, Жаяу Мұса сияқты халық композиторларының әндерін де көп біледі”, – деп өзінің ақын жайлы пікірін білдірген. Бүгінде сол асыл азаматтың шын бағасын біле алмай жүргеніміз өкінішті-ақ.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.